
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері туған жерге оралды
Туған қаласына дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дана Абдирова оралды. Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайда спортшыны гүл шоқтарымен, ыстық ықыласпен дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, жаттықтырушылар, туған-туыстары мен достары қарсы алды. Бұл жетістік өңір спорты үшін күз мезгіліндегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жас дзюдошы Перу астанасы Лимада өткен әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына жалғыз медаль күмісті салды. Финалға дейінгі жолда Дана Ресей, Польша, Жапония және Бразилия спортшыларын сенімді түрде жеңіп, шешуші белдесуде тек жапондық Мио Шираканеге есе жіберіп, күміс жүлдені иеленді.
Әуежайға жиналғандар жас спортшының беделді жарыста Қазақстан намысын абыроймен қорғағанына ризашылықтарын білдірді.

– Шаршы алаңға алғаш шыққанда, әрине, қобалжыдым, – деп мойындады Дана. – Бірақ кейін бойым жеңілдеп, соңына дейін күресуге деген сенім пайда болды. Бұл чемпионат маған үлкен тәжірибе мен жаңа күш-қуат берді. Келесі жолы одан да сенімді өнер көрсетемін деп ойлаймын.

Жаттықтырушылардың айтуынша, бұл жүлде Дана Абдирова үшін жай ғана марапат емес, спорттық мансабының жаңа кезеңіндегі маңызды қадам.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



