Алаңға неге шықпай жүр…АТЫРАУДЫҢ БАЛАСЫ?

rolrlrlr Спорт

«АТЫРАУ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ ҚАЗАҚСТАН КУБОГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАРЫСТЫ АЯҚТАДЫ. АЛДЫҢҒЫ КЕЗДЕСУДЕ «АҚСУДАН» АЙЛАСЫН АСЫРА АЛМАҒАН ОЛАР СОҢҒЫ МАТЧТА АЛМАТЫЛЫҚ «ҚАЙРАТТАН» ОЙСЫРАЙ ҰТЫЛДЫ. ЕСЕП – 3:0. ТОПТАН ШЫҒУ ҮШІН ШЕШУШІ МАТЧ ЕДІ. ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫҚ. БІРІНШІ ТАЙМДЫ ТОЛЫҒЫМЕН СӘТСІЗ АЯҚТАҒАН КОМАНДА КЕЗДЕСУДІҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДА ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕТУГЕ ҰМТЫЛДЫ. ҚАРСЫЛАСТЫҢ ҚАҚПАСЫ МАҢЫНДА БІРНЕШЕ ОҢТАЙЛЫ СӘТТЕР БОЛҒАНЫМЕН, НӘТИЖЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ. ҚОРЫТА АЙТҚАНДА, ТОПТЫҚ КЕЗЕҢДЕ ЕНШІЛЕГЕНІМІЗ – 7 ҰПАЙ. БЫЛТЫР 2 ҰПАЙМЕН ШЕКТЕЛГЕН ЕДІК.

СҮРЕҢСІЗ ОЙЫННЫҢ СЕБЕБІ…

Қазіргі уақытта «Атырау» Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде 8-ші орында тұр. Команданың негізгі құрамында 27 адам бар, оның 15-і – қазақстандық, 12-сі – шетел азаматы. Несін жасырамыз, жергілікті командаға жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай. Əсіресе, өз алаңында Шымкенттің «Ордабасынан» 4:1 есебімен жеңілгенін көріп налыған атыраулықтар командадағы лигионерлерді шеттетуді талап етіп, шу шығарды.

Сол бір сүреңсіз ойынның себебін сұрағанымызда клуб басшылығы былай деп жауап берді:

«Қазіргі уақытта команда өз ойынын таба алмай жүр. Бірақ, бір жарым ай бұрын біздің клуб 6 кездесуін жеңіліссіз өткізді. Онда «Қайрат» сияқты мықты командаларды сырт алаңда 3:0, қазіргі чемпион «Тобылды» 2:1 жəне «Ордабасыны» 2:1 есебімен тізе бүктірген. Біз соңғы жеңілістердің себептерін тез арада анықтаймыз жəне жақында жағдайды түзете алатынымызға сенімдіміз».

Шетелден аттай қалап алдырған жалдамалы ойыншылардың ел біріншілігінде қарық қылмағанын көріп, көңілі қалған жанкүйерлер негізгі құрамға жергілікті футболшыларды шығаруды талап етіп отыр. «Бір жеңер, бір жеңілер. Əйтеуір, намысқа тырысып бағады. Тəжірибе жинап, ертең-ақ мықтылармен терезесі тең өнер көрсетіп кетеді. Тек соған мүмкіндік беру қажет» дейді олар. Клуб əкімшілігі көпшіліктің бұл пікірімен келіскісі жоқ.

– Бас бапкер алаңға кімді шығару керектігін өзі шешеді. Апта бойғы жаттығуда өзін жақсы қырынан көрсете алғандар ғана негізгі құрамға алынады. Жалпы атыраулық футболшылар мүлдем ойыннан шет қалды деу қисынсыз. Мысалы, Алтынбек Сапаров жалпы матчтардың жартысынан көбіне қатысты, ал, Асылбек Сейтқалиев 5 матчта ойнады, бұл өткен маусымдардың кез-келгенімен салыстырғанда көп. Тағы бір айтарымыз, кəсіби спортта ойыншылардың қай өңірден екеніне емес, олардың біліктілігіне мəн беру қажет. Мысалы, бүгінде теннисші Елена Рыбакина еліміздің мақтанышына айналды. Ол қазақ жерінде дүниеге келмесе де Қазақстанның намысын ту қылып жүр емес пе? – дейді «Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС директоры Эрнис Есмағамбетов.

БОЛАШАҚ «МЕССИЛЕР» ҚАЙДА?

Клуб басшылығы ол бағытта жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті. Эрнис Есмағамбетовтың айтуынша, «Атырау» футбол орталығында қалада 545, облыстық филиалда 293 жас аяқдопшы тəлім алып жатыр. Орталық құрылымында 7 жастан бастап 17-18 жас аралығындағы үлкен топқа дейінгі жасөспірімдер командалары жаттығады. Жергілікті жанкүйерлердің де сенім артып отырған болашақ «Мессилері» солар. Алайда жастар арасындағы ел біріншіліктерінде олардың да толықтай негізгі құрамда өнер көрсетуі мүмкін болмай отырғанға ұқсайды.

– Кəсіпқойларды былай қойғанда, жастар арасындағы жарыстарда жергілікті ойыншыларды алаңнан көру қиын. Жас футболшылардың бірқатары – өзге облыстың өкілдері. Жастайынан жасыл алаңға бойын үйретіп, өзін дамытатын шақта ойынды орындықтан тамашалау қаншалықты тиімді? Ең болмағанда өз мектебіміздің жастарын ойыннан қалдырмай, ащы терін ала беру керек емес пе? – дейді футбол жанашыры, ақын Ерболат Қарақойшы.

«Атырау» футбол клубы басшылығының оған да қарсы айтар уəжі дайын. «Иə, жастар командасы – бұл негізгі команданың ең жақын резерві. Алдағы бірнеше жылда жастар командасының тірегі 2004, 2005, 2006 жылы туған ойыншылар болады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша осы жастағы командалар 18,19,15 орындарды иеленді. Яғни, жастар командасының тіпті балалар чемпионаттары деңгейінде де бəсекеге қабілетсіз ойыншылардан құралу қаупі бар. Команданың жалпы деңгейін көтеру үшін басқа аймақтардан футболшылар шақыртылады. Бұл дамыған еуропалық футбол елдерінде кең таралған тəжірибе. Олардың құрамында басқа өңірлерден келген жас ойыншылар, Қазақстанның үздік шабуылшыларының бірі Артур Шушеначев – Жамбыл футбол мектебінің тəрбиеленушісі. Оны алғаны үшін «Қайратты» ешкім сөге жа[1]мандамайды. Ал, Данияр Үсенов – Маңғыстау мектебінің түлегі» деді Эрнис Есмағамбетов.

ЖАСТАРДАН ҮМІТ БАР

Былтыр жастар командасы 3 орынға ие болғанын айтқан команда басшысы оның құрамында 30-дан асқан футболшылардың да өнер көрсеткенін айтады. «2022 жылы барлық матчтарда команда 21 жастан аспаған ойыншылардан тұрады. «Ақжайыққа» қарсы соңғы матчта команданың орташа жасы 18 жас шамасында болды. Негізгі құрамда Атырау футбол мектебінің 9 тəрбиеленушісі ойнады» дейді ол. Өткен жылы жастардың ішінде жасы үлкендер құрамасының үш бірдей командасы соңғы орындарға тұрақтаған. Тіпті, 2005 жылғы жастар құрамасы чемпионаттың жоғарғы дивизионынан түсіп қалған көрінеді.

«Мұндай нəтижелер орталықтың үлкен команда ойыншыларының əлеуетінің төмендігін көрсетеді. Ал, кіші жас тобындағы аяқдопшылардың қарқыны жақсы, оларды одан əрі дамыту үшін сапалы жұмыс қажет. Жігіттердің физикалық дайындығына да назар аударған дұрыс. Шыны керек, қазір жас ойыншылардың көпшілігі əлсіз» деді Эрнис Есмағамбетов.

Оның айтуынша, мамандар тапшылығы өз алдына бір мəселе. «Жаттықтырушылар құрамында C, B, A бапкерлік лицензиялары бар 30-ға жуық адам қызмет атқарады. Футбол орталығында жұмыс істеудің міндетті шарты – УЕФА санатындағы жаттықтырушы лицензиясының болуы. Бүгінгі таңда жаттықтырушыларды даярлау жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Өйткені, жыл басында клуб құрылымында жаттықтырушы кадрлардың айтарлықтай жетіспеушілігі байқалды. 2022 жылы клуб федерацияның техникалық орталығында оқуға 4 жаттықтырушыны тіркеді. 2 жаттықтырушы – қосалқы тізімде» деді клуб директоры.

ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІН УАҚЫТ КӨРСЕТЕДІ

Академия түлектерінің арасында да талантты жігіттердің бар екенін айтқан басшы солардың ішінде ел премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген төрт ойыншыны атады. Олар – «Тұран» сапында өнер көрсететін Санжар Сатанов, «Қызылжарда» ойнайтын Рафаил Оспанов, «Қайраттың» намысын қорғайтын Темірлан Анарбеков жəне маусымды «Атырауда» бастап, жазғы трансферлік терезе уақытында, «Тараз» командасына ауысқан Қуаныш Қалмұратов.

«Өткен маусымда «Атырау» футбол клубы сапында сынға түскен атыраулық ойыншылардан Нұрболат Қалменов, Дəурен Қайралиев жəне Айболат Мақуов өзіне басқа команда іздеп, жарты жылдан бері еш жерде ойнаған жоқ, Ерасыл Аманжол бірінші лиганың аутсайдер клубы «Оңтүстік Академияға» ауысты. Бұл – келісім-шартты ұзартпау туралы шешім қабылдаған футболшылар жайлы. Ал, Рафаил Оспанов пен Алексей Родионовқа ұсыныс жасалды, бірақ басқа клубтардың ұсынған қаржысымен біз бəсекеге түсе алмадық. Мұқағали Пəңгерей жəне Əділбек Жұмахановпен келісім-шартты ұзарттық, бұлар – жас футболшылар жəне Атырау футболының болашақтары, алайда олардың жасында тұрақты ойын тəжірибесін алу маңызды. Сол себепті біз оларды жалға бердік. Маусымның соңында олар Атырауға оралуы керек жəне мол тəжірибе жинап келеді деген сенімдеміз» деді команда басшысы. Сондай-ақ ол академия түлегі Алтынбек Сапаровты қайтарып, Асылбек Сейтқалиевпен келісім-шартты ұзартқанын, өткен жылы қосалқы құрамда ойнаған екі ойыншы Александр Ульченков пен Виктор Грабко академияға жаттықтырушы болып жұмысқа орналасып жатқанын айтты. Оның нəтжесін алдағы уақытта көретін боламыз…

ЖАНКҮЙЕРДІҢ ЗАҢДЫ ТАЛАБЫ

Кəсіби спорттан хабары бар адамның бұл пікірді қолдайтыны хақ. Дегенмен, кім көрінгенге уыстап ақша ұстата салмай, сатып алатын ойыншының да қарым-қабілетіне мəн берген дұрыс. Жанкүйерлердің де талабы осы. Мысалға Қазақстан футзалының дамуын алып қараңыз. Дуглас, Игита, Тайнан сынды спортшылардың арқасында қазақ футзалы жоғары деңгейге көтерілді. Солармен иық тіресе жүріп Ақбалықов, Есенаманов, Оразов, Тұрсағұлов сынды қазақ ойыншыларының шеберлігі қалыптасты. Олар бүгінде əлемнің ең мықты командаларымен бір деңгейде өнер көрсетеді. Бұдан шығатын түйін – Атырау футболына да Дуглас секілді жетекші ойыншылар қажет.

– Бұл пікірмен келісеміз, əрине. Дуглас, Игита – əлемдегі ең жақсы ойыншылардың бірі. Бірақ, біздің чемпионатқа ондай мықты футболшыларды əкелу əзірге мүмкін емес. Əр клуб өз мүмкіндіктері бойынша жұмыс істеп, қаржыны дұрыс жоспарлауы қажет. Маусым басталар алдында бірнеше қазақстандық футболшымен, құрама ойыншыларымен келіссөздер жүргіздік. Алайда ойыншылардың қаржылық сұраныстары біздің клуб беретін жалақыдан əлдеқайда жоғары болды. Əрине, біз де өз командамызда Канте, Жоа Паоло, Томасов немесе Асхат Тағыберген сияқты жетекші ойыншылардың болғанын қалар едік. Əйткенмен, қолымыз қысқа. 2021 жылғы маусымдағы үлкен қарыздарды ескере отырып, біздің чемпионатымыздың стандарттары бойынша жұлдыздарды шақырып, клубты қаржылай тығырыққа тіреу кəсібилік болмас еді, – дейді команда басшысы.

Бүгінде «Атырау» командасының сапында Бразилия, Польша, Сербия, Хорватия, Ресей жəне Армения елдерінен келген ойыншылар бар. Олардың айлық табысын ашып айтпаған директор жалпылама тəжірибелі қазақстандық футболшылардың шетелдіктермен бірдей деңгейде жалақы алатынын атап өтті. «Кісідегінің кілті аспанда», қалай дегенде допты түзу тебе алатын жергілікті ойыншыларды қалыптастыру керек-ақ. Жанкүйерлердің жанайқайы да сол. Ертеңгі мықтыларды бүгіннен бастап дайындау қажет.

Белгілі спорт шолушысы, марқұм Амангелді Сейітханов: «Футбол – бастағы ақылды аяққа түсіріп ойнайтын ойын ғой» депті. Ендеше, оны ұйымдастыра білу, команданы төрге һәм өрге сүйреу үшін зор біліктілік қажет. Бұған жергілікті атқарушы билік жете назар аударуы керек-ақ.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

  • Сіз не дейсіз?

Клуб қаржысы қайда жұмсалады?

Соңғы жылдары жергілікті команданың ойыны нашарлап кеткені рас. Дегенмен, қазіргі уақытта басшылық құрам толықтай ауысып, жаңа бағытта жұмыс жасауда. Серіктестік 2021 жылдың желтоқсан айында «Атырау» футбол клубына жаңа басшылықты тағайындады. Осы жолы қызметке тəжірибесі мол адамдар шақырылды. Футбол клубының базасында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жақында бас бапкер де ауысты. Клуб басшылығына жергілікті ойыншыларды назардан тыс қалдырмау туралы да айтылды. Жаңа басшылық академия саласына да көп көңіл бөлуде. Футбол орталығына бірінші рет қақпашылар бапкері, В категориясы бар маман алдырды. Клуб бөлінген қаржыны тек негізгі командаға жұмсамайды. Ересектер командасынан бөлек футбол орталығы жанында 800-ге жуық балалар мен жасөспірім бұл спорт түрінен тегін шұғылдан ады жəне ел чемпионаттарына тұрақты түрде қатысып тұрады. Жастарымыздың аяқ алысы жаман емес. 2008 жылы дүниеге келген жасөспірімдер құрамасы Қазақстан чемпионатында 4 орын алып, голдардың айырмасы бойынша ғана «Тұран» командасына есе жіберді. Ал, 2010 жылғы жасөспірімдер клуб тарихында бірінші рет халықаралық турнирге қатысты. Хорватия елінде өткен «Dalmatinco Cup» турнирінің топтық кезеңінде Македония жəне Албания командаларын ұтып, турнирдің болашақ чемпиондары Хорватияның «Хайдук» командасына есе жіберді.

Нұржауған ТӨЛЕУОВА, облыстық денешынықтыру жəне спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз