СпортСарапTime

ƏМБЕГЕ АЯН ЖЕЛАЯҚ ӘМИН

КЕЗІНДЕ 15 ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКАНЫҢ БАСЫН БІРІКТІРГЕН КСРО-НЫҢ БІРНЕШЕ ДҮРКІН ЖЕҢІМПАЗЫ, САН МӘРТЕ РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН ЖЕЛАЯҚ ӘМИН ТҰЯҚОВТЫҢ ЕСІМІ ӘМБЕГЕ АЯН. БИЫЛ ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН СПОРТШЫ – 85 ЖАСТА. ЖУЫРДА ӨЗІ ТҮЛЕП ҰШҚАН Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СПОРТШЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ӨТКЕН ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЖАРЫСТЫҢ СОҢЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҰЛАСҚАН ЕДІ. АЛМАТЫДА ТҰРСА ДА, АТЫРАУЫН САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛЫП ОТЫРАТЫН ӘЙГІЛІ СПОРТШЫМЕН СҰХБАТТАСЫП, ӨТКЕНГЕ ШЕГІНІС ЖАСАП, БҮГІНГІ ХАЛ-ЖАҒДАЙЫН БІЛУДІҢ СӘТІ ТҮСТІ.

Дәрігердің шәкірті

– Əмин аға, сексенді еңсеріпсіз, күшқуат берсін! Өткен өмір жолыңызға үңіліп, түйгеніңізбен бөліссеңіз…

– Айналайын, оның рас. Құдай қуат берді, осы жасқа жеттік. IX-X сыныпта қамқорлығын көрген кіші ағам кейін ауырып қайтыс болды. Мектеп бітіргеннен кейін көп жастар білім алғысы келеді емес пе, менің де ойым білімімді тереңдету болды. Əкем соғыс зардабын көріп келген адам. Үйдің үлкені болған соң, маған: «Айналайын, алда-жалда олай-бұлай болып кетсем, отбасыға қиын болар, оның үстіне үйде шаруашылық бар. Аяғың жеткен жерге оқуға түсіп, қол жеткен біліміңді аламын десең рұқсат», — деді. Көп адамдар «мектеп қабырғасында спортпен шұғылдандыңыз ба?» деп сұрайды. Ол уақытта Маңғыстауда спорт мектебі қайдан болсын, өзім қатарлы балалармен ермек қылып, жарысқан кезде оза шабатынмын. Содан 1955 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына келіп, екі жылдық мұғалімдер институтына түсіп, бір жылдан кейін қайта құрылған педагогикалық институттың физика-математика факультетінде оқыдым. Институтқа түсуіме кафедра оқытушыларының да ықпалы болған еді. Осылайша, педагогикалық институтта I курстан бастап қайта оқып жүріп, спортқа бет бұра бастадым. Институтқа Алматыдан медицина институтын тəмамдаған Анжелика Куликова деген маман келді. Өзі де спортқа жақын, жүгіруден разряд орындаған қыз екен. Ол институт қабырғасында қоғамдық негізде жеңіл атлетика тобын ашып, ол жерде бірнеше жігіт жүгіру спортымен шұғылданатын. Мен де солардың қатарына қосылып, көп кешікпей разряд орындадым. 1956 жылы Гурьевтің жеңіл атлетика құрамасына қабылдандым. Артынша Алматыда өткен республикалық біріншілікке қатысып, он тоғыз жасымда Қазақстан құрама командасының сапына қосылдым. Сол жылы Мəскеу қаласында КСРО халықтарының спартакиадасына қатыстым. Менің спорттық тарихым осылай басталды. Сабақтан келген бойда жаттығу жасап жүретін едік. Ал, жүйелі түрде жаттығу жасап жүрген адамға мұның пайдасы көп. Тіпті, жексенбі күні де жаттығу жасайтын болдық. Өйткені, басқа кезде уақыт табу қиын. Қазақстан құрамасына кіргеннен кейін, жарыстарға қатысып жүрдім. Ол кезде қалада жаттығу жасауға жағдай жасала қоймаған кез. Сондықтан, институттың дəлізінде, кішкентай ғана спорт залында, жаз мезгілінде «Тұрғындар қалашығындағы» спорт залда жаттығатын болдық. Келешекте айтулы спортшы боламын деп ойлаған жоқпын. Жаттығуларды үзбей жасап жүргендіктен ІІ разрядты орындадым. Институт бітіретін 1960 жылы Одессада өткен «Буревестник» ерікті спорт қоғамының Бүкілодақтық біріншілігінде 100-200 метр қашықтықта жеңімпаз атанып, спорт шеберінің көрсеткішін орындадым. Содан институтқа оқытушы болып жұмыс істеуге қалдырып еді, «Буревестниктегі» жүгіргенімді көрді ме мені əскер қатарына шақырды. Ташкент қаласына Кеңес Армиясы қатарына қазақтардан жалғыз өзім барғанмын. 1961 жылы қаңтар айында Ленинград қаласында өткен əскери біріншілікке қатысып, жеңімпаз атандым. Сол айда іле-шала өткен ЦСКА біріншілігінде де 60 метрлік қашықтыққа жүгіруден топ жардым. Бұл жарыстан КСРО құрамасының бас бапкері Гавриил Коробков деген азамат көріп, КСРО құрамасына қабылдайтынын, келісу жағын өзі шешетінін айтты. Сол бойда команданың Украинаның Мукачево қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына шақырды. 1961 жылдан 1968 жылға дейін КСРО құрамасының сапында болып, алты мəрте КСРО чемпионы, бірнеше рет жүлдегер атандым. Спортқа келуімнің өзі кездейсоқ болды. Кейде «Алматыдан Анжелика Куликова келмесе спортшы боламын ба, жоқ па?!» деп ойға берілемін. Спортқа басы бүтін ден қойған соң, уақытымды сол жолда тиімді пайдалануға тырыстым. Оқу үлгерімім де жақсы болды. Оның үстіне институттағы оқытушылардың берер тəлімі мол болды. Атап айтсақ, математик Бүркіт Баймұханов, куратор Мұхит Жұмашев, басқа да тамаша ұстаздарымыз болды. Олар спортпен айналысып жүргенімді біліп, түсіністік танытып қолдайтын. Спортта үлкен нəтижеге жету оңай емес. Ол үшін маңдай тер, тегеурінді жаттығулар керек.

Жылдамдық – туабітті қасиет

– Спортқа бейімдігіңіз ата-анаңыздан дарыған ба?

– Мүмкін, ата-анамның бойында шапшаңдық қабілеті болған болар. Бірақ, өзім жылдамдық адамның бойындағы құдайдың берген қасиеті деп есептеймін. Адам сол қабілетті əрі қарай жетілдіре білуі керек. Əрбір адам жүйелі түрде жаттығу жасаса, спорт шеберлігіне дейін аздыкөпті спорттық разрядқа қол жеткізе алады. Талай мықтылар тасада қалып қойды ғой. Өмірімді спортқа арнаған соң, мамандығым бойынша еңбек еткен жоқпын. Спортшы болмағанда, қай саланың басын қайырып жүретінімді бір Құдай білсін. Өйткені, сол уақытта Гурьевке барып, білім алуға ғана шамам жетті.

– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз?

– Спорт – бөлек бір əлем. Оны екіге бөлуге болады, бірі – бұқаралық спорт, бірі – үлкен спорт. Бұқаралық спорт арқылы халықтың денсаулығын көтеру бағытында жұмыс жасалады. Бұрын көп жерде қойылатын «спортшылар неге аз?» деген сұраққа барынша əділ жауап беруге тырысатынмын. Жасыратын не бар, спортты ауылдан бастау керек. 1970-1990 жылдар аралығында Алматыда спорт интернаты жұмыс істеді. Оның ашылу себебі де бар. Алпысыншы жылдардың соңынан бастап КСРО-дағы спортшылар ел ішіндегі жарыстарда əлсіздік танытып, дүниежүзілік жарыстарда топ жара алмады. Сондықтан, спортшыларды ауылдан іздей бастады. 1970 жылы Одақ бойынша 14-15 спорт мектебі ашылды. Мұндағы мақсат «ел іші – өнер кеніші» екенін ескеріп, ел ішінен талантты балаларды танып, тəрбиелеу еді. Спорт арқылы спортшыларды ғана дайындап қоймай, келешек қоғамға жұмыс істейтін, атаанасына тірек болатын, өмірге дені сау ұрпақ əкелетін азаматтарды тəрбиелей білуіміз керек. Бұрын қаражат тапшы болғандықтан, қала мен ауылдардағы спорт мектептері жабылды. Ауыл мектептерінде дене тəрбиесі пəнінің мұғалімдері болған жоқ. Оның жүктемесін мектеп директоры басқа пəндерден сабақ беретін мұғалімдерге бере салатын. Ал, олар балаларға допты береді де, жөндеріне жібереді. Дұрысында, дене шынықтыру пəні əдістемеге сəйкес өтуі керек. Қазір кəсіпкер жігіттер өз ауылдарына спорт кешенін салып жатыр. Ал, елімізде спорт жаттықтырушыларының да жоқтығы білінеді. Университеттер де өзінің алдына қойған мақсаттарын орындай алмай жүр. Барлығында спорт кафедралары бар, дегенмен ондағы ұстаздардың деңгейі төмен. Бұрын Алматыда спорт институты болатын, кейін ол институт жабылып, оның орнына академия ашылды. Бірақ ол да жұмысын тиісті дəрежеде орындай алмай отыр. Спортшыларды дайындау үшін қысқы дайындық та болуы керек. Өткен жылы НұрСұлтан қаласында жаттығу жасайтын қысқы манеж салынды. Мұндай манеждер Шымкентте, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы қаласында ғана бар. Баланы спортқа баулу үшін жас кезінен бастау керек. Мен жеңіл атлетикамен 17 жастан кейін айналыстым. 7-8 шақырым жердегі мектепке барып оқыдық. Соның өзі спорт еді. Үйдің тірлігіне көмектесеміз. Қара жұмыс істеп, жылқы бақтық. Ата-анасының, туған ауылының жыртығына жамау бола білген адам ғана елдің намысын қорғай алады. Мақсат сол болуы тиіс. Жақсылық осыдан бастау алады. Əрине, спорт адамды тəрбиелейді. Адамдармен араласып, дүниені танисың, көкірек көзің ашылады. Оның үстіне, үлкен спорт мемлекеттің əлеуетін де көрсетеді. Бұрын Қазақстан туралы басқа елдің хабары болмайтын еді. Азия елдерінің біріне ұқсатып жататын. Қазіргі көзқарас басқаша.

Талантты тану керек

– Сіздің Атырауға деген сағынышыңызды сезіп отырмын, мұның сыры неде?

– Менің адам болып қалыптасып, осындай үлкен дəрежеге жетуіме, спорттық биіктікті бағындыруыма да Атыраудың тигізген əсері мол. Мұнайлы мекенге жыл сайын барып тұруға тырысамын. Атыраудың қара топырағы мен масасы мен үшін ерекше ыстық. Табан астындағы қара тасы мен үшін алтын болса, жабысқақ топырағы май болып жабысатын дəрумен іспеттес. Адам өзінің өскен ортасының жақсылығына қуанып, жамандығына қайғыра білуі керек. Елге тілекші болып отырамын.

– Атырау өңірінің көрнекті қайраткері, жоғары білім саласында республикаға белгілі тұлға Хисмет Табылдиевпен ағайындығыңыздан бөлек, жолдастық қарымқатынастарыңыз туралы білеміз…

– Хисмет Бозанұлы Табылдиев жас кезінде ауырыңқырап, мектепке кештеу барған. Біз оқып жүрген кезде, мектеп оқушысы Хисмет Бозанұлымен бірге жаттығушы едік. Жеңіл атлетикамен айналысты, 400-800 метрге жүгіретін. Журналистикаға да икемі болды. Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүргенде, жергілікті газетке мақала жазып, өзінің саулығы үшін спортпен шынықты. Ақыры, бойындағы сырқатын жеңіп, Атырауға келіп Ы.Алтынсарин атындағы №11 мектепте сабақ берді. Мектеп директоры да болды. Кейін педагогикалық институтқа мұғалім болып орналасып, кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғады. Қарамағындағы адамдардың да спортпен шұғылдануына ықпал етті.

– Осындай үлкен дəрежеге қалай жеттіңіз? Бойдағы қайрат-жігерді жасытпау үшін де мықты тəлімгер керек қой…

– Үлкен еңбек керек. Алға қойған мақсатқа жету үшін адам аянып қалмауы керек. Мен секілді ауылдан шыққан балаға мұндай жетістікке жету арман болатын. Егер Анжелика Куликова болмаса, мен спортшы болмас едім. Менің бойымдағы талантты жаттықтырушым аша білді деп ойлаймын. Көппен бірге жүгіріп, үздіксіз жаттығу жасап жүрдім. Ал, Куликова тегін жаттықтырды. Басында менен жақсы спортшы шыға ма, жоқ па, ол беймəлім еді. Қазір жеңіл атлетиканың түрлері бойынша жаттықтырушылар баршылық. Ал, біздің заманымызда биікке секіретіні де, ұзындыққа секіретіні де бір топта болатын.

– Əмин аға, үлгі етер шəкірттеріңіз бар ма?

– 1990 жылдан бастап он жыл бойы Қазақстан құрамасына қолымнан келгенше қамқорлық көрсеттім. Құрамада талантты балалар көп болды. Соның ішінде Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаны ерекше айтар едім.

– Еңбек жолыңыздағы қызық та қиын кезеңдер есіңізде сақталды ма?

– Институт бітіретін жылы Одесса қаласында өткен біріншілікте шеберлік көрсеткішін орындадым. Ол кезде шеберлік көрсеткішін орындау Ленин орденін алғанмен бірдей!.. Əрине, қиындықтар да, кедергілер де болды. Соның барлығынан сүрінбей өтуді өмірдің өзі үйретеді.

– Əмин аға, сіз жеткен жетістіктер мен адал еңбектің артында намыс пен мұқалмас жігер жатыр. Сізді алға ұмтылдырған да, қайраған да осындай асыл қасиеттер екені даусыз. Ескірмес естеліктеріңізбен бөлісіп, тұшымды сұхбат бергеніңізге бек рақмет. Аман жүріңіз!

– Елге дұғай сəлем жолдаймын. Еліміз аман, аспанымыз ашық болғай!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button