Өзіндік өрім, ерекше орам

ұсыныс. пікір. тілек Шаһар шырайы

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты кітабын оқығанда осындай ой баурап алады

ұсыныс. пікір. тілек

О, пәлі-ай, мына кітаптың аты неткен бөлекше еді?! Оқымай-ақ ойлантатын, өзін тезірек оқысаңшы деп емінтіп қойған сиқырлы атау. «Шыңғыс ханның көз жасы». Жарты әлемді қаһарымен қалтыратқан қолбасшы да жылаған ба сонда?! Неге? Шыңғыс хан жайлы жұмыр жер әдебиетінде ірілі-ұсақты небір туындылар дүниеге келген. Қазақтың атақты жазушылары Әбіш Кекілбаев та, Мұхтар Мағауин де, ақын Мұхтар Шаханов та және тағы басқалар да  көлемді роман, хикаят, дастандарында оны өздерінің басты кейіпкері етті. Енді, міне, өзіндік өрнегімен  күллі оқырманын, талай ғұламаларды мойындатып жүрген ірі қаламгер Рахымжан Отарбаев та өз шығармасында Шыңғыс хан ғұмырының өзгеше қалтарысын өрнектепті. Оқиық. Қалай екен?

Әуелі әңгімелер әлеміне үңілдік. Бірінен-бірі өткен тартымды, баурай ала жөнеледі. Құдай-ау, «Актриса» деген әңгімесін қандай білгірлікпен жазған десеңізші. Театр өмірін бұдан артық қалай жазуға болады?! Ұжым ішіндегі бақталастық, бақастық, бұра тарту… бәрі, бәрі шынайы көрініс тапқан. Күлгің де, жылағың да келеді. Тілі қандай әсерлі?! Ащы юмор да бар, сылап-сипап жаныңды қуыратын сатира да бар. Тол-ғантатын тұс та жетіп артылады. «Айна» мен «Алтын балық» ше? Күнделікті тірліктегі бәріміз бірдей байқай бермейтін жайттарды жазушы көзімен көріп, түйсініп, аса шеберлікпен қиюластырып, қағаз бетінде сөйлеткен қыз-ғылықты әңгімелер. «Біздің ауылдың Амазонкалары», «Аяқталмаған хикая», «Қыр мозаикалары»  нағыз ауыл өмірінің айналары. Күлдіреді, қиналтады. Осындай да болады екен-ау дегізіп шарадай басыңды шайқауға мәжбүрлейді. Оқырманын бейжай қалдырмай осылай тебіренте толғант-қан, алды-артыңа көз жіберткен көркем дүниелер қазіргі заманға керек-ақ. «Атырау – Алматы пойызы», «Алматы – Атырау пойызы» атты бірінші, екінші мұңнан тұратын егіз әңгіменің орамдары тіптен айрықша. Жазушының жаңа бір ізденіс ауқымын көрсететін еңбек. Ал, «Шың-ғыс ханның көз жасы» ше? Ол бөлек тоқтауды қажет ететін қойны-қонышы құпия сырдан кенде емес тарихи хикаят.

Аң аулап жүргенде найзағай ұрып, өмір мен өлімнің ортасында жатқан Шыңғыс ханның соңғы сәттегі жан күйзелісі мен көз жасының неге көл бол-ғанын өзіндік өріммен баяндау, ерекше ораммен көркем кестелеу тәсілі арқылы Рахымжан Отарбаев әміршінің бұрын таптаурын болған әдеби бейнесінің біріне де соқпай өзінше өрнектеген. Бүгінгі дәуірдің ащы шындығымен орайлы ұштастырғандай әсер береді. Ұлы қаһанның өлімі әрқилы айтылып, сан-саққа жүгіртілетін. Бұл жолы оқығанымнан ұққаным табиғи шыққан. Ішкі монолог пен психологиялық иірімге құра отырып, айтарын астарлы түрде, жұмбақтап жеткізеді. Бала Темучиннің бал-ғын дәуренінен бермен қарай суыртпақтағанмен, есею шағына дейінгі кезеңінің ұзын-ыр-ғасын тәптіштеп баяндамай, орынды жерге сыналастырып кіргізе отырып, қаһарлы қаһан Шыңғыс ханға  жетіп, дәуірлеп тұрған мезгілдерін тұтастай әспеттемей, өткінші өмірін, өкініштерін көз жасын сорғалата отырып еске алдырып қоюы нағыз тапқырлық деп бағалау қисынды. Қаһан ат тұяғы жетер жердің бәрін бағындырған. Сөйтсе де, «Өмірі түскірдің алқұлым шақта өкініші көбейіп кете ме, немене?» деп жазушы оның жан алқымға келгендегі кейпін бергенінде, ойқанар тұсы аз болмапты-ау. Әр бөлімнің басындағы қайталау негізгі баянға кірісердің эпиграфы тәрізді жымдасып жатыр. «Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес» деп қайта-қайта еске түсіріп отыруы тегін емес көрінеді. Әлгіден кейін тағы да жаңа бөлімдердің  бастауларында «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді» деп алып, келесі оқиғаларға ойысуы, ой өрбітулері, жүректегі қыжылдарын ақтаруы сәтті жалғасын табады.

Хикаятта бүгінгі және келер ұрпаққа сабақ боларлық, ой  тастарлық пікірлер, тұжырымдар мен пайымдаулар бет аударған сайын алдыңнан шығып, керемет екен, мынаны миға тоқысам дегізеді. Бәрін бірдей тізбелемей-ақ бірді-екілісін ғана мысалға келтірейін. «Ұрпағым, мен кедейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды сахи еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ, туабітті топас боп жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан және сақтаныңдар» немесе Отырардың билеушісі Қайыр ханға қарата «… – Қасыңа өмір бойы опасызды ұстапсың. Ол бүгін сені сатты. Ертең мені сатады. Дүниеде сатылмайтын нәрселердің бар екенін бұл неме ұқпас. Арманда кеттім деме. Мә, садақ. Қорамсақтағы қырғи қауырсын оқтың бірін өзің таңда. Жібер жанын жаһаннамға өз қолыңмен…» деген ұстанымдар бүгінгі күнде де мәнді, мазмұнды. Өткеннен сабақ деген осы болса керек.

Қаһанның дүниенің төрт тарабын үңгіп бара жатқан түмендерін, баласы Жошыны, анасы Олуэнді, әкесі Есукейді, Бөрте сұлуды, Ақбура әулиені, данагөй Коко-Цосты, Сүбедей баһадүрді, Бұқараның бас мүфтиі Нәжімеден Күбіраны және де басқаларды еске ала отырып, білдірген өкініштері мен жеген опықтары кімді болса да ойлантады. Солардың бәрін  Рахымжан Қасымғалиұлы оқырманның санасына ұялайтындай, ұғы-мына қонатындай, жүрек түкпірінде тоқылатындай ұстамдылықпен, шеберлікпен, білгірлікпен мәнерлі де тү-сінікті, айшықты да шынайы суреттеген. Жазушының көр-кем кестелеуді ұтырлы қолдануының арқасында оның «Мәңгілік жалғыз атты жо- лаушымын» деуінің жауабы табылады. Хикаяттың аяғында қаһан туралы екі адамның екі түрлі пікірін келтіруі де та-былған  шешім болған.

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты  кітабы – өмірдің сыртқы көрінісін ғана емес, нағыз өзін суреткерлік шеберлікпен айшықтаған туынды. Мұндай шығарма Мемлекеттік сыйлық беруге әбден татиды деп есептеймін. Оған өз басымның күмәні жоқ.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз