ЖАҢАРТЫЛҒАН ПОШТАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

Атырауда тағы бір заман талабына сай жабдықталып, жаңартылған пошта ғимараты тұрғындарға есігін айқара ашты. Кеше «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалына қарасты №9 қалалық пошта пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртудан өткен ғимараттың лента қию рәсімін Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова мен  «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Ержан Омаров жасады.

Филиал директорының айтуынша, бұл Атырау облысының пошта саласындағы үлкен жаңалық болып отыр. Өйткені, бұрын 120 шаршы метр ғана аумақты алған байланыс бөлімшесі кеңейтіліп, жұртшылықты қабылдау жолы оңтайландырылды. Бұрын мұнда екі оператор ғана болса, олардың қатары көбейіп, алты қызметкерге толықты. Төрт маман қаржы саласы бойынша қызмет көрсетеді.

Тағы бір ерекшелігі, енді №9 қалалық бөлімшенің банкоматы және төлеу терминалдары орналасқан екінші бөлігі тәулік бойы, аптаның сенбі, жексенбі күндері кідіріссіз жұмыс істейтін болады. «Қаржы көзі қаралса, болашақта постамат орнатпақ жоспарымыз бар. Постамат аппараты арқылы тұтынушы қалаған уақытында тауарын ала алады. Күні бүгінде мұндай тәжірибе Астана, Алматы қалаларында тәжірибе түрінде қолданысқа енгізілген. Егер ол тиімділігін көрсеткен жағдайда біздің аймақта да ашпақ ойымыз бар. Қаражат жағы шешімін тапса, аудандағы ірі бөлімшелердің бірін осылай жаңғыртпақпыз. Поштамен де қаржылық құрылым – екінші деңгейлі банк ретінде сапалы қызмет көрсетіп келеміз»,-деген Ержан Қыдыралыұлы биыл осындай заманауи талапқа сай жаңғыртылған пошта ғимараттары еліміздің өзге алты облысында да іске қосылатынын айтты.

Тұрғындарды айтулы мерекемен «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов, «Ұлттық банк» Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

– Атап айту керек,  поштаның тәулік бойы қызмет көрсетуі жұмыс бабындағы тұтынушыларға өте тиімді. Өйткені, пошташылар тұрғындар үйінде болмағандықтан, газет-журнал апарғанда қиналады. Ал, тұрғындар болса осындағы абоненттік жәшігінен кез келген уақытта тауарын ала алады,-деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова.

 

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз