Успен соборына – 130 жыл

Screenshot 5 Шаһар шырайы

Бүгін Атырау қаласындағы православ шіркеуі – Әулие Успен соборының құрылғанына 130 жыл. Биыл қалпына келтіру жұмыстарынан кейін жаңа кейіпке енген шіркеуде аталған датаға орай құлшылық рәсімдері өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Успен соборының иерейі Михаил Соколов мәлім етті.

Screenshot_5

Шараға Орал және Ақтөбе өңірлерінің архиепископы әулие әкей Антоний қатыспақ.

«2000 жылы шіркеудің жағдайы аянышты халде-тұғын, сондықтан, сол кездегі облыстық әкімдіктің қолдауымен собор толықтай қайта қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары барысында шіркеудің іргетасын қайтадан бекітуге тура келді. Себебі, жергілікті жердің топырағы мен климатының ерекшеліктері кесірінен бір жағына қисая бастаған еді. Егер 2000 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегенде қазір бұл шіркеу болмас па еді», – деген Михаил әкей бұл жолы шіркеудің қалпына келтіру жұмыстарына жомарт жандар демеушілік жасағанын айтты.

Біз шіркеулердің шатырын жабуға және ішкі жұмыстарына мамандандырылған ресейлік компаниямен байланыстық. Бұл компания 2000 жылы жүргізілген жұмыстар кезінде төбе жабынын ауыстырған болатын. Сондықтан, шіркеудің ерекшеліктері оларға таныс. Ішкі жұмыстар кезінде шіркеуді толықтай жапқан жоқпыз. Фрескаларға дейінгі қабырғалар болашақта сыры кетпейтіндей тұзға қарсы арнайы қоспамен өңделді,– деді ол.

Әулие Успен соборы 1888 жылы көпес Федот Тудаков пен оның жұбайының қаржысына салынған. Төңкерістен кейінгі жылдары шіркеуді кеңес үкіметі жауып тастады. Терезелері кірпіштермен бітеліп, ол қойма ретінде пайдаланылған. Тек соғыстан кейін қайта іске қосылып, Кеңес одағында ашылған он мың шіркеудің қатарына қосылған. Орал епархиясы құрылып, басқарушы архиерей тағайындалғаннан кейін шіркеуге екінші кафедралды собор статусы берілді.

 

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз