Теңізді ашқан геолог – Мақаш Балғымбаев

balgimbayev makhash Шаһар шырайы

Конкурсқа

Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа жағдайда дамуы мен нығаюы қоғамда, оның ішінде тарих ғылымында жаңа танымдық көзқарастардың орнығуына, халықтың тарихи даму жолын бағалауда терең де шынайы ой-пікірлерге негізделген зерттеулерге, жаңа тұжырымдарға жол ашты.

balgimbayev-makhash

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын гуманитарлық ғылымдар алдындағы келелі мәселелер тарихшы ғалымдардың зерделі жаңа зерттеулеріне жол ашты. Қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін дүниежүзілік озық тәжірибеге негізделген индустриялды-инновациялық стратегияны қалыптастырудың маңызы өте зор. Дамыған өркениетті елдердің барлығы белгілі бір тарихи кезең бойында физикалық еңбекті қажет ететін өңдірістен капиталды, технология мен ғылымға негізделген өндіріске дейінгі жолдан өтті. Қазақстанға да осындай жолдан өтуге тура келді. Шикізатқа ғана бағыт ұстаған ел болып қалмаудың амалы ғылым мен техниканың жетістігіне, жоғары технологияға сүйенген дүниежүзілік стандартқа сай сапалы өнім өндіретін өнеркәсіп орындарын дамытуға оның өзі заманауи мамандарға тікелей байланысты.

Қазақстанда кеңес үкіметінің әлеуметтік саясатына байланысты орын алған кемшіліктерге, ұлттың саясатындағы келеңсіз жағдайларға, материалдық өндіріске басты бағыт беруіне қарамастан, мұнай-газ саласын мамандармен қамтамасыз етуде бай тәжірибе жинақтады. Оны ыждағатты түрде зерттеп, пайымдаудың озық жақтарын бүгінгі күннің қажетіне орай пайдаланудың практикалық маңызы ерекше. Ұрпақтар сабақтастығын, өндірістік дәстүрлер жалғастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да және мұнайшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларға ұлтжандылық тәрбие беруге көмектеседі. Міне, осы «ұрпақтар сабақтастығының» қарапайым ғана үлгісі – Мақаш Балғымбаевтың, яғни Балғымбай әулетінен тарайтын бесінші ұлдың өмірбаян деректерін зерделесек көзге бірден көрінеді.

Мақаш Балғымбаевтың кадрларды есепке алу жеке парағында: – «1931 жылы 10 қазанда Гурьевте кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1958 жылдан партия мүшесі. 1946-50 жылдары Гурьев мұнай техникумын геолог-техник мамандығы бойынша оқыған. 1950-55 жылдары Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын оқыған. 1955-56 жылдары Қазақстан мұнай барлау трестінде аға коллектор, телім геологы, 1957-58 жылдары Комсомольск мұнай кәсіпшілігінде аға және бас геолог, 1958-62 жылдары Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде бас геолог, 1962-65 жылдары Жилокоса аудандық партия комитеті хатшысы, 1965-72 жылдары Биікжал терең бұрғылау экспедициясының бас геологы, 1972-78 Балықшы барлау-бұрғылау экспедициясының бас геологы, 1978 жылдың наурыз айынан Ембімұнай бірлестігі бас директоры орынбасары-бас геолог қызметтерін атқарғаны» жазылған.

1962 жылғы 9 қарашада жазылған өмірбаянында: – «1931 жылы Теңдік колхозында шаруа жанұясында дүниеге келдім. Әкем, 1889 жылы туылған, кедей шаруа. Кеңес үкіметіне және 1929 жылға дейін шаруа, 1929-34 жылдары Артель мүшесі, 1934-52 жылдары Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде жұмысшы, қазір менің қолымда тұрады. Анам, 1894 жылы туылған, үй шаруасында. 1962 жылдың 20 мамырынан Жилокоса ауданының хатшысымын. 1958 жылдан партия мүшесімін» деп жазылған.

Балғымбаев Мақаштың  жеке құжаттарында Жанұя құрамы жөнінде былайша берілген:

1.Кильтамбаев Балгимбай, әкесі, 1889 жылы туылған ;

2.Балгимбаева Хилаш, анасы, 1864 жылы туылған;

3.Саппаева Жонас, әйелі, 1932 жылы туылған,

  1. Балгимбаева Бибигуль, қызы, 1958 жылы туылған,

5.Балгимбаева Гулназия, қызы, 1962 жылы туылған,

  1. Балгимбаев Гариполла, ұлы, 1966 жылы туылған.

Кейін толтырылған өмірбаян дерегінде: – «1938-45 жылдары Ескенеде жетіжылдық мектепте оқыдым,Кейін Қошқар кәсіпшілігіне көштік. 1946-50 жылдары Гурьев мұнай техникумының геология бөлімінде, 1950-55 жлдары Мәскеу мұнай институтында оқыдым. Тау-кен инженер геологымын, диплом И №174188 деп берілген. 1962 жылы 22 мамырда өткен Жилокоса аудандық партия комитетінің 5-ші пленумы ауданның өнеркәсіп хатшысы етіп Балғымбаев Мақашты сайлады. Пленум хаттамасына бірінші хагшы Саламат Мұқашев қол қойған. Аудандық пленум қаулысын бекіткен, обком хатшысы Ф.Шляпников қол қойған мінездемеде: – «М.Балғымбаев 1955 жылдан жоғары білімді мұнайшы маман ретінде еңбек етеді,Ембі мұнай өндірісіне танымал маман» деп көрсетілген.Кейін, 1962 жылы 1-ші тамызында хатшы Г.Т.Абдуловтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнына М.Балғымбаев тағайындалады. Обком қаулысы мен мінездемесіне хатшы К.Егізбаев, ауданнан бірінші хатшы С.Мұқашев қол қойған. 1962 жылы 16 желтоқсанда Жилокоса аудандық партия комитеті орнына құрылған Ембі өнеркәсіп ауданы партия ұйымының алғашқы ұйымдастыру пленумы өтеді. Пленум жұмысына, оның 77 мүшесі мен тексеру комиссиясының 11 мүшесі қатысады. Обком хатшысы Ф.Шляпников ұсынысымен М.Балғымбаев өнеркәсіп ауданы парткомы хатшысы орынбасары борлып тағайындалады. М.Балғымбаевқа партиялық-өндірістік мінездемелерді өнеркәсіп парткомы ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Д.Артығалиев және Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі бас инженері М.Т.Тутимов берген. Гурьев обкомы ұсынысын өлкелік комиет хатшысы Н.Журин бекітіп, қол қояды. Республикада жүргізілген шаруашылық реформаларының негізінде, 1965 жылдары ескі басқару жүйесі қайта орнығып, Мақаш Балғымбаев партия қызметінен қайтадан өндіріске жолдама алады. 1978 жылы жазылған өмірбаян деректерінде: – «Әкем, Қылтамбаев Балғымбай 1972 жылы қайтыс болды, Ембі кәсіпшіліктерінде жұмысшы болып қызмет жасады. Анам,1963 жылы қайтыс болды. Ағаларым, Балғымбаев Қарақойшы Теңдік совхозында жұмыс жасайды, Балғымбаев Өтәлі Казгипроземде бас инженер, Балғымбаев Салтанат Ауғанстан республикасында 2 жылдық ісссапарда, әйелім Сапаева Жонас КНГР мекемесінде бақылау бөлімі басшысы» деп жазылған.

Ембімұнай бірлестігі бас директоры міндетін атқарушы Қ.Балжанов, партком хатшысы Ю.Шварев, кәсіподақ төрағасы С.Джакиев қол қойып, 1978 жылы 16 сәуірде Гурьев обкомына жолданған ұсыныс хатта Ембімұнай бірлестігі бас директоры орынбасары-бас геолог Жолдасқали Досмұқамбетовтың қайтыс болуына сай, КСРО мұнай министрлігінің 1978 жылғы 3 наурыздағы №241-К бұйрығына сай, бас директор орынбасары-бас геолог қызметіне Мақаш Балғымбаев ұсынылады. Гурьев обкомының бірінші хатшысы О.Көшековке жолданған партиялық-өндірістік мінездемеде: – «М.Балғымбаев Каспий маңы геологиясын жақсы біледі, 1974 жылдан «кадрлық резервте тұр», 1976 жылы КСРО мұнай министрлігінде 1,5 айлық басқарушылық курстан өтті» деп жазылған. Кәсіби қызметіне мінездеме берген бірлестіктің геология бөлімі басшысы О.Есқазиев, техникалық бөлім басшысы А.Ю.Каплан, кадр бөлімі басшысы Иманғали Тоқпанов өз кезегінде Мақаш Балғымбаевты шебер ұйымдастырушы, жақсы маман геолог, жолдастары арасында сыйлы жан және ғылыми диссертациямен айналысатын ізденуші деп сипаттайды. 1978 жылы 15 мамырдағы Гурьев обкомы бюросы, бірінші хатшы О.Көшеков қолымен бірлестік ұсынысын бекітеді.

Мақаш Балғымбаев еңбегінің ерекше белесі ол – Теңіз кеніші еді.

Елбасы Н.Назарбаев еңбектерінде республика мұнай-газ өндірісі саласына ерекше мән беріп, талданады. «Қазіргі кезде біздің еліміз табылған мұнай қорының көлемі жөнінен Каспий шельфіндегі энергоресурстарды есепке алмағанда дүние жүзінде 12-ші орында, газ бен газ конденсаты жөнінде 15-ші орында тұр. Қазақстан үлесіне әлемдегі табылған және барланған мұнай қорының Каспий шельфіндегі энергия ресурстарын есепке алмағанда 3-4 пайызы тиеді. Ал Қазақстанның құрлықтағы бөлігіндегі көмірсутегі ресурстары қазіргі мезгілде 2,8 млрд. тонна мұнай мен 1,8 трлн текшеметр газға тең.

….Бүгінде әлем таныған ең ірі мұнай-газ кең орындары ретінде,төмендегі кеніштерді атауға болады.

  1. Қашаған кен орны. Жалпы барлау жүргізілген, алынатын мұнай қоры 1 млрд. 648 млн. тонна. Газ қоры – 969 млрд. текше метр.
  2. Теңіз кеніші. Жалпы барлау жүргізілген, алынатын мұнай қоры 237,3 млн. тонна. Газ қоры – 687,3 млрд.текше метр.
  3. Қарашығанақ кен орны. Жалпы барлау жүргізілген, алынатын мұнай қоры 1 млрд. 318,7 млн. тонна. Газ қоры – 684,4 млрд. текше метр». Осыдан көрініп тұрғандай, Теңіз – әлемдік маңызды кеніш, ал оны ашудағы отандық мұнайшы геологтар еңбегі өлшеусіз. Теңіз кенішін ашушылардың бірегейі, Мақаш Балғымбаевтың мұрағат қорларындағы деректерге көз жіберсек, талантты геолог, шебер ұйымдастырушы, үлгілі отбасы тірегі және ғалым тұлғасының қалыптасуының бұралаң жолдарын ғана емес «алдыңғы толқын ағалар» көшіне ілесіп, өмірлік мұраттарында солар салған сара соқпақпен адал жүрген абзал азамат тұлғасын көреміз.

 

 

Лесқали Бердіғожин

тарих ғылымдарының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз