Талқайраң: ҚАЛА іргесіндегі ҚАЛА

vpavarapra Шаһар шырайы

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТҚАНЫМЕН, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА ҮЙДІҢ КЕЗЕГІН КҮТІП, САРЫЛҒАН ЖҰРТТЫҢ ҚАТАРЫ АЗАЙМАЙ ОТЫР. СОҒАН ҚАРАП «ҮЙІ ЖОҚТЫҢ КҮЙІ ЖОҚ» ДЕГЕН ТӘМСІЛДІҢ ОЙҒА ОРАЛА БЕРЕТІНІН-АЙ!

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДА ҚАЙНАҒАН ЖҰМЫС

Атырау қаласының 2030 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары бекітіліп, дамуы айқындалған болатын. Соған сəйкес, Жайықтың сол жағалауындағы Бесікті, Талқайраң ауылдары бағытында жаңа аудандар бой көтеруде. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы арманына қол жеткізіп, қоныстойын тойлап жатқандар да бар. Қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Нұрболат Бөлековтың айтуынша, қазір Талқайраң аумағында 24 бес қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Олардың сыртқы жұмыстары аяқталып, ішкі əрлеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Оған жауапты мердігерлер жұмыстарының көп бөлігін аяқтаған.

– Бір инфрақұрылымның төрт бөлімі болады. Айталық, магистралды, қорытындылаушы, алаңнан тыс, ішкі алаң. Қазіргі таңда алаңнан тыс бөлімінде жылу жүйесі, су жүйесі, газ жүйесі, кəріз желісі толықтай аяқталды, – деді бас маман.

Құрылыс бөлімінің мəліметінше, «ГрандМастер» ЖШС 110/10 қосалқы станцияның құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтаған. Алаңнан тыс электр жүйелеріне жауапты «АЙКОМ ЛТД» ЖШС 16 трансформаторлық станция ғимаратының құрылыс жұмыстарын бітіре келіпті. 24 үйді қамтитын 5 трансформаторлық станцияның құрал-жабдықтары толықтай қондырылған. Ал, жеткізу жəне алаңішілік электр желісіне жауапты «Жайық жарығы» ЖШС 6 үйге 0,4 кВт кабелін жүргізіпті. Алайда, құрылыс барысында олқы тұстар да аз кездеспейді екен. Бізбен тілдескен мамандар көлденең бағдарлы бұрғылау əдісімен тас жол астынан өткізу жұмыстары тұрып қалғандығын айтып отыр. Магистралдық газ жəне автоматтандырылған газ таратушы станциясының құрылысын «Asia Caspian Construction» ЖШС толықтай аяқталған. Салынып жатқан 24 үйдің сыртқы қабырғаларына алаңішілік газ құбырын «Теплоэнергострой» ЖШС толықтай жүргізіп, алаңнан тыс газ желісіне қосу жұмыстарын жүргізуде. Қалалық құрылыс бөлімі маманының айтуынша, магистралдық су құбырына жауапты «КөлсайСтрой» ЖШС құбыр жұмыстарын аяқтап, су көтеру станциясының қазу жұмыстарын бастаған. Сондай-ақ, 22 үйге алаңішілік су жəне кəріз желілері жүргізілген, алдағы уақытта 2 үйдің жұмыстары жанданбақ.

– Кəріз жүйесі Жұлдыз шағынауданын айналып өтіп, 9 шақырым жердегі ағызғы станциясына құяды. «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС 6 көше[1]нің жұмыстарын жүргізсе, абаттандыру жəне көгалдандыру жұмыстарына жауапты «Дəнекер» ЖШС үйлердің айналасын топырақпен толтырып, нығыздап, су, байланыс желілерін көшіру жұмыстарын атқарып жатыр, – деді құрылыс бөлімінің бас маманы.

ЖҰМЫС НЕГЕ КЕШЕУІЛДЕДІ?

Талқайраң ауылынан салынып жатқан бұл тұрғын үйлердің жалпы ауданы 56 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс бөлімінің мəліметінше, сол жағадағы үйлердің қатары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта 5076 пəтерлік тоғыз қабатты 46 тұрғын үй салу да көзделіп отырған көрінеді. Осылайша, жаңа ау[1]данда тұрғын үйдің пайдалануға берілуі Атырау қаласындағы мыңдаған кезекте тұрғандардың санын едəуір қысқартады деп жоспарлануда.

– Талқайраңдағы шағынауданның алаңнан тыс толық жайғастыру жобасына сəйкес, 70 үй салынады деп бекітілген. Бой көтеріп жатқан 24 үймен қатар, енді 46 үй тұрғызылады. Биылдың өзінде 72 пəтерлі 9 қабатты 7 үйдің құрылысы басталады, – деді Нұрболат Бақытжанұлы.

Тұрғын үй кешенінің құрылысын өткен жылдың соңына дейін пайдалануға беру туралы тиісті тапсырмалар берілген болатын.

Құрылыс бөлімінің бас маманы құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуін былай деп түсіндірді:

– Ауқымды жобаны жүзеге асыруда кейбір келеңсіздіктер де кездесті. Соның ішінде инфрақұрылым тартуға байланысты қиындықтар туындады. Дегенмен, құрылыс алаңындағы жұмыстар биыл қайтадан қарқын алып отыр, – деді ол.

Ал, үйлердің ішкі əрлеу жұмыстарының орындалысы туралы сұрағанымызда, Атырау–Индер тас жолына жақын орналасқан 6 үйдің ішкі əрлеу жұмыстарының түгелге жуығы аяқталып қалғандығын жеткізді.

– Модульді қазандығы бар бұл үйлердің 90 пайызға жуығы межесіне жетіп қалды. Əрлеу жұмыстарын бітіріп, тазалау, ақтау, еден төсеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді бөлімнің бас маманы.

Осылайша, алдағы жылы беріледі деп жоспарланған жаңа тұрғын үйлер қаланың маңында салынып жатқан көрікті шағынаудандардың бірегейі болмақ. Құрылыс жұмыстары басталған тұста сол кездегі қала басшылығы да мұндағы үйлердің сапалы, сенімді жəне тұрғындарға жайлы болуы керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ, əрбір кіреберіс алдында пандустар салынып, аулаларда міндетті түрде балалар алаңдары, машиналарға арналған тұрақ, əрбір аулада жарықтандыру жүйесі толық орнатылуы тапсырылған еді.

– Бұл үйлердің қашан пайдалануға берілетіндігі жыл аяғына дейін белгілі болмақ. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, ол қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне беріледі. Тапсырылғаннан кейін жалпы пəтерлердің ақаулары бойынша мердігер мекеменің 2 жыл кепілдік мерзіміне сəйкес, қалалық тиісті бөлімдер жауапты болады, – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Нұрболат Бөлеков.

Жерлестеріміз жаңа салынып жатқан тұрғын үйлердің тезірек бітуін күтіп жүр. Солардың бірі құқық қорғау саласында қызмет ететін, өзін Нұршат деп таныстырған азамат 2014 жыл[1]дан бері үй кезегінде тұр екен. Ол алғашқылардың бірі болып «Əскери баспана» бағдарламасы аясында Талқайраңдағы жаңа үйлердің біріне қол жеткізуді армандайды. Бұдан өзге, алдағы уақытта Талқайраң ауылында емхана, балабақшалар, мектеп пен спорт залдары секілді əлеуметтік нысандар бой көтермек. Саябақтар мен балалар ойнайтын алаңдар да салынатындығы белгілі болды. Тіпті жергілікті тұрғындар облыстық аурухана, гуманитарлық колледждің ғимараттары салынатындығын айтып, құрылысы қарқын алған шағынауданға қызығушылықтары артып отырғаны байқалады. Ендеше, елдің игілігіне асатын іргелі істер іркіліп қалмай, жалғасын таба берсін!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз