Шаһар шырайыСарапTime

СарапTime: «ЖАҒАЖАЙ ТАЗАЛЫҒЫ АТЫРАУЛЫҚТАРДЫҢ ӨЗДЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ…»

ШІЛІҢГІР ШІЛДЕНІҢ ЫСТЫҒЫНДА ЖАҒАЖАЙҒА БАРЫП, ЖАЙЫҚҚА БІР СҮҢГІП ШЫҚҚАНҒА НЕ ЖЕТСІН?! АСПАН ЖЕРГЕ ТҮСКЕНДЕЙ ҚАПЫРЫҚ КҮНДЕРІ САЛҚЫНДАП АЛСАҢЫЗ, ТІПТЕН КЕРЕМЕТ! КҮН ШУАҒЫН ШАШЫП, ЖАҚҰТТАЙ ЖАРҚЫРАТҚАН ӨЗЕННІҢ ЖАҒАСЫНДА АРНАЙЫ ОРЫНДАР ДА ЖОҚ ЕМЕС. БІРАҚ, СУҒА ТҮСУГЕ КЕЛГЕН ХАЛЫҚТЫҢ ТАЗАЛЫҚ САҚТАУДЫ МҮЛДЕ ҰМЫТЫП, ҚОҚЫС ҚАЛДЫҚТАРЫН СОЛ КҮЙІНДЕ ТАСТАП КЕТІП ЖАТҚАНЫН КӨРГЕНДЕ КӨҢІЛІҢ СУ СЕПКЕНДЕЙ БАСЫЛАДЫ. ЖАҚЫНДА ӨЗІМІЗ БАСТАН ӨТКЕРГЕН ЖАҒДАЙ ДА ҚОЛЫМЫЗҒА ҚАЛАМ АЛЫП, МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІН ТЕРЕҢІРЕК ТАРҚАТУҒА ТҮРТКІ БОЛДЫ. ӘСІРЕСЕ, ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛІНІҢ ЖҰРТШЫЛЫҚ ШОМЫЛЫП ЖҮРГЕН ЖЕРГЕ ҚАҚЫРЫП, ТҮКІРІП ЖҮРГЕНІ ТӨЗІМІМІЗДІ ӘБДЕН ТАУЫСТЫ. ОСЫЛАЙША, ЖАЙЛЫЛЫҚТЫ ІЗДЕП БАРЫП, ЖАБЫРҚАУЛЫ КӨҢІЛМЕН ОРАЛДЫҚ…

«ОРТАЛЫҚТЫҢ» ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Өкінішке қарай, біз көрген көрініс күн сайын дерлік қайталанып жатыр. Жаздың жайдарлы күнінде жанға сая таппақ ниетпен жағажайға барғанда, осындай келеңсіздікке тап боласыз. Себебі, қоғамдық орын мəдениетін сақтауды жадынан шығарып алған жұртшылықтың бейəдеп қылығы көңілге қаяу түсіреді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демей ме?! Тегін дүниенің құны да көк тиын болатынына тағы бір көз жеткізгендейміз. Əйтпесе, кезінде балығы тайдай тулап, қос құрлық халқына ішер ас пен су болған ақ Жайықтың жағасы мыңдаған туристерді менмұндалап тартатын жанға жайлы жағажайға айналары сөзсіз. Оның үстіне, бұрынғыдай емес, бүгінде қаладағы көпшілікке арналған осындай арнайы орындардың жағдайы əжептəуір жақсарып қалғаны байқалады.

– Отбасымызбен «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қасындағы орталық жағажайға жиі келіп тұрамыз. Аптап ыстықтан гөрі, кешқұрым уақытта келген жақсы. Күн де қағу болады əрі су да жылиды. Бірақ, бұл кезде халықтың қарасы көбейеді. Сол мезетте айналаң қоқыс[1]қалдыққа толады. Кейбіреулер ішіп[1]жеген тамақтың қалдығы мен сусын бөтелкелерін таяқ тастам жердегі қоқыс жəшігіне апарып тастауды қиынсынып, отырған жерінда қалдырып кете береді. Соның салдарынан, төңірек лезде тұрмыстық қалдыққа толып, басқа келушілердің берекетін қашырады. Меніңше, тұрғындардың суға шомылу мəдениетін көтеру үшін аз да болса ақша төлеп, жағажайға төлемақымен кіру жүйесін енгізу керек деп ойлаймын. Алайда, көрсетілетін қызмет сапасы да соған сай болуы тиіс, — дейді Гүлайна Иманəлиева.

Атырау қаласы əкімдігінен білгеніміздей, қазір облыс орталығында ресми тіркеліп, сенімгерлік басқаруға берілген екі жағажай, бір жасанды бассейн бар. «Орталық» жағажай бүгінде кəсіпкер Медет Қожахметовтың иелігінде. Өткен жылдары карантин кезінде сенімгерлік басқаруға алған бизнесмен жағажай жайын биыл ғана жайлаған. Өйткені, əлемді шарпыған індет кезінде мұндай қоғамдық орындар жабық болған еді. Енді ғана шаруасын бірыңғайлай бастаған кəсіпкер бұл жұмыстарды жыл бойы жалғастырмақ. Тіпті, қыста осы жерде мұз айдыны ашылуы мүмкін.

– Жасыратыны жоқ, карантин кезінде мұндай орындар қараусыз қалды. Ең жеңілі, бұрын əжетхана да жоқ еді, — дейді кəсіпкер. – Біз сенімгерлік басқаруға алғаннан кейін оның айналасын абаттандыру бағытында отызға тарта тал ектік. Күзде одан да көп ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Негізі, жағажай ұстау оңай іс емес. Қазір біз бизнеске тек қаржы салып жатырмыз. Тұрақты болуы тиіс 4-5 құтқарушының жалақысы үшін ай сайын 500 мың теңге жұмсаймыз. Сондай-ақ, Атырауда желді күндер көп болғаннан кейін су мен жел құмды шайып кетеді. Келушілер жайлылығы үшін ай сайын топырақ төгу үшін 1 миллион теңгеден астам қаржы шығындауға тура келеді. Бұған су, жарық, қоқыс шығару қызметтерінің құнын қосып қойыңыз. Сенсеңіз, апта сайын екі машина қалдық шығып тұрады. Оны келісім-шарт арқылы «Арнаулы автобаза» мекемесі алып кетеді. Кей кездері ГАЗель автокөлігімен өзіміз де шығарып жатамыз. Тəулік бойы жағажай ашық болғандықтан, таңғы сағат 3-4-те келіп суға шомылатындар да кездеседі. Олар да артынан қоқыс-қалдық тастап кетіп жатады. Расында, бұрын жағажайға келушілер тек ақылы түрде күннен қорғанатын шатыр алатын. Қазір тұрғындар жайлылығы үшін күннен қорғайтын жаппа мен волейбол торын орнаттық.

Медеттің айтуынша, осы жағажайды олар 2029 жылға дейін сенімгерлік басқаруға алған. Биыл тек септик жүргізіп, əжетхана орнатып үлгерген ол келесі жылы су жүргізуді қолға алмақшы. Бүгінде жағажай аумағында 4 қоқыс контейнері, 2 темекі қалдығына арналған жəшік қойылған. Ал, біздің байқағанымыз – қоқыс жəшігінің суға түсетін орыннан алысырақ орналасуы. Бұған Медет Қожахметов əуелі орнатқан пластик бөтелкелерге арналған арнайы жəшікті келушілер қарбыз бен тамақтың қалдығымен толтырып, ит пен мысықтың шоғырланатын жеріне айналдырғанын, астың қалдығы болған соң шыбын-шіркей де көбейіп кеткенін айтты. «Орталық» жағажайдың аумағы шағын болса да, келушілер өте көп екен. Айталық, кешқұрым уақытта 50 адам түсіп, қоқысын қалдырып кетсе, кейін сол орынға қайта 50 адам келеді. Сол себепті, кəсіпкер жағажайды қоршауға мəжбүр.

– Биыл біраз іс тындырылды. Алға қарай жоспарымыз одан да көп. 2024- 2025 жылдарға қарай жүзеге асыратын жобамыз бар. Соған серіктестер іздейміз, — дейді М.Қожахметов.

Жағажай ресми түрде сағат 10-нан 21.30-ға дейін жұмыс істейді екен. Дегенмен, түнгі уақытта мас күйінде суға түсуге келушілердің көптігінен кафенің күзет қызметі бұл орынды да бақылап отырады. Ал, күзетшілерді де тыңдамай, құқық бұзушылық орын алса, тəртіп сақшылары шақырылады.

– Құтқарушылардың да еңбегін атап көрсеткен жөн. Соңы жақсы болғаннан кейін көп жариялай бермейміз ғой. Негізі, олардың еңбегі орасан зор. Мəселен, күні бүгінге дейін бес адам құтқарылды. Оның бірі құтқарушының сөзіне құлақ аспай, қауіпсіздік торынан өтіп бара жатқанда қолы құрысып қалып, батып бара жатты. Құтқарушылар тағы бір сұмдық оқиғаның алдын алды. Кешқұрым уақытта кішкентай баланы зорлауға əрекеттенген айуанды байқап қалып, қайғылы жағдайды болдырмады, — дейді Медет Қожахметов.

«МАЛИБУҒА» БАРДЫҢ БА?

«Тұрғындар қалашығы» шағынауданындағы «Малибу» жағажайына біздің жолымыз түспегенмен, көпшілік мұнда да жиі барып тұрады екен. Бұл жағажайды Талғат Бушанов сенімгерлік басқаруға алған. Десек те, мұндағы жағдаймен оның əкімшісі Ержан Сатауов таныстырды. «Малибудың» есігі келушілер үшін 10.00-22.00 сағаттар аралығында ашық екен. Мұнда үш үлкен, бес кішкентай қоқыс жəшігі орнатылған. Екі қызметкер тұрақты түрде қоқыс шығарып отырады.

– Жылдан-жылға жағажайды жақсартуға ниеттіміз. Батуттар қойдық, балалар ойнайтын орындар да бар. Волейбол ойнауға арналған алаңымыз да ашық. Тұрақты түрде құм төгіп, оны жаңартып тұрамыз. Əзірге газон төседік, күзде ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Ең бастысы, суару жүйесін жасадық. Болашаққа даму жоспарымыз да жоқ емес. Мақсатымыз – айқын, жасалатын жұмыс та көп. Қыста жарықтандырылған коньки тебуге арналған орын жасағымыз келеді. Əзірге бес құтқарушының біреуі қайықпен жүреді. Өзенге шомылып шыққаннан кейін таза суға шайынып алуға да болады. Ол үшін төрт-төрттен ерлер мен əйелдерге арналған жуыну 8 кабина жұмыс жасап тұр. Бірақ, оған су орталықтан келетін болғандықтан, шайыну қызметін – 100 теңге, əжетхананы – 50 теңгеге бағалап отырмыз, — дейді Е.Сатауов.

Р.S.

Жақында көршілес Орал қаласындағы жағажайға да жол түскен еді. Бірақ, ондағы көрініс мүлде басқаша. Жағажай аумағы толық қоршалған. Оған сырттан ешкім тегін кірмейді, тек ақылы негізде ғана. Сапасы да соған сай, таза әрі қызмет түрі көп. Егер бізде де осындай тәсілді қолданысқа енгізсе, тегін жағажайдың қадірін білер ме еді? Рас, «қазір өзі тегін нәрсе қалды ма, Жайық – ортақ игілігіміз» деушілер табылуы мүмкін. Ол да дұрыс шығар. Алайда, қолда бар игілікті кәдеге жаратып, өзіміз түскен суға өзіміз түкіріп, оған қайта шомылғаннан ақылы орында жайлы демалып шыққан әлдеқайда жақсы емес пе? Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?!

Айбөпе САБЫРОВА

Фото: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

  • Өткен аптаның сенбі күні Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің инспекторлық құрамы қала жағажайларының жағдайын тексергенде, «Евразия» ЖШС және «Номад» ЖК жағажайлары су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес екен. Департамент бастығының орынбасары, полковник А.Ержановтың айтуынша, жағажайларда қызметін жүзеге асыру үшін барлық қажетті талаптар сақталған, әрбіреуінде арнайы оқытылған 4 құтқарушы қызмет атқарады. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жабдықтар мен дәрі-дәрмектері бар медициналық пункттер құрылған. Олар тегін жұмыс жасап жатыр, балалар үшін арнайы учаскелер дуалмен және қалтқылар желісімен қоршалған. Осыған байланысты, тұрғындар мен қала қонақтарына тек жабдықталған жағажайларда шомылуға қатаң түрде ескерту беріліп отыр. Айта кету керек, суға шомылу маусымы басталғаннан бері облыстың су айдындарында 6 адам суға батып кеткен. Оның 4-еуі кәмелетке толмағандар. Құтқарылған 6 адамның 3-еуі жасөспірімдер.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button