Маңдай тердің жемісі «Құрмет» орденінің иегері Қуаныш САПАРҰЛЫ туралы әңгіме-баян Биік мақсатқа ұмтылыс

… Ол кезде бала еді. Туған ауылы өлкеміздің қияндағы бір түкпіріне қоныс тепкен. Сыртқы әлеммен екі араны Нарынның жал-жал құмдары бөліп жатады. Одан кейбір кедір-бұдырды талғамайтын машинаның өзі жүріп өтуі қиын. Жазда – ұшқан құстың қанаты күйерлік ыстық, қыста – боран. Орталықпен қатынас жоқтың қасы.

Безымянный

Елдің бәрінің сыртқы жаңалықтан құлақкесті мақұрым қалумен күн кешуге әбден еті үйреніп кеткен. Себебі, жалпы жұртқа ортақтастырылып, бағананың басына ілінген қалқан құлақ радио да жоқ. Арманшыл да, әр нәрсеге еліткіш қара сирақ балалар соғыстан оралған майдангер әкелерінің әңгімелерін тыңдайды. Олардың аузынан шыққан «пойыз», «самолет», «қала» деген сөздер ертегі әлеміндей әсер қалдыратын. Мұндайда «шіркін-ай, осылардың бәрін көрсек-ау» деп армандайтын.

Бүгінгі қоғамдағы басқа планетада өмір сүріп жатқандай тыныс-тіршіліктен тысқары қалған бірде-бір ауыл жоқ шығар. Шүкір, теледидар, радио, қалта телефоны кез келген үйден табылады. Әйтсе де, Қуаныш өзінің осы салаға біте қайнасып, тікелей араласатынын білмеген еді. Автоматты телефон стансаларын алғаш рет ауылға апарып орналастыратыны үш ұйықтаса да, түсіне кірмеген.

Мектепті үздік бітірген ол әуелгіде техникаға байланысты мамандықты таңдаған. Өмірдің өзі – сынақ және өз сынағын олар өмір-ұстаздың алды кей-кейде қатал болып келері де бар. Қуаныш мектепті бірге бітірген жолдасымен Алматыға келіп, «Тау-кен институтының геологиялық-барлау факультетіне құжат тапсырады. Алайда, емтихан таянғанда жолдасы науқастанып, Қуаныштың сын сәтіне жалғыз баруға жүрегі дауаламады, сынаққа кешігіп қалады. Ауылға қайтып барып, азамат болсын деп ақ тілекпен аттандырып салған кәрі анасының көңілін қобалжытуды жөн санамады. Әке болса ол кезде бұл өмірден өткен еді.

Осының артынша ол Алматыдағы болашақ байланысшыларды даярлайтын кәсіби техникалық училищеге түседі. Осы кезден оның басты кәсіби мамандыққа байланысты тағдыры біржола шешілген еді. Бірақ, мұны өзі сезіне алған жоқ-ты. Училищені үздік аяқтап, Гурьевке оралғанда жұртшылықтың арасында сирек кездесетін мамандықты игергенін іштей топшылады. Өйткені, байланыс басшылары қуана қарсы алды. Ол қалалық радио желісі дирекциясында техник болып еңбек жолын бастады.

Қуаныш жұмысқа тез бейімделіп, алғашқы күндерден-ақ өз ісіне мығым маман ретінде көзге түсті. Талай аса жауапты тапсырмаларды мүлтіксіз атқарды. Бірде мекеме басшысы  жас маманды кабинетіне шақырып, еңбегіне риза екенін, болашағынан үлкен үміт күттіретін кадр ретінде электр-техникалық байланыс институтына оқуға жолдама беруге ұйғарылғанын айтты. Бастығынан мұндай ұсынысты естігенде, Қуаныштың қуанышында шек болса ше!  Сөйтіп, арада бірер ай өткенде ол Ташкенттегі байланысшылар даярлайтын жоғары санаттағы білім ордасынан бір-ақ шығады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген  жас маман  елге оралып, қалалық байланыс торабындағы техникалық жәрдем тобының аға инженері болып жұмысқа орналасады.

Кемел  шақ

Екі жылға жуық аға инженер болып қызмет істегеннен кейін ол қалалық пайдалану-техникалық байланыс торабының бастығы қызметіне жоғарылатылды. Көп кешікпей байланысшылар қауымы оның бұрынғыдан да ширығып, кемел тартып, тәжірибе жинақтаған ұжым жетекшісі екеніне көздері жетті.

Қуекеңнің ұйымдастырушылық таланты қалалық телефон-телеграф стансасына басшылық еткен жылдары жарқырай көрінді. Ол кезде байланыс қызметі басшыға жақсы атақ-абырой әкеле қоятындай сала деп ешкім де айта қоймас. Әсіресе, біздің өлке жағдайында байланыс жұмысына оралғы болатын табиғи факторлар жетіп артылады. Қуаныш Сапарұлы осыны ескере отырып, бұл жұмысты түбегейлі бір жүйеге салуға, орындаушылық тәртіпті берік орнықтыруға көп күш-жігер жұмсады.

Байланыс жұмысында шағым көп болды. Арызданып келушілерді құрғақ уәдеге тойғызып, «көрерміз», «шешерміз» деп сырғытпа жауаппен шығарып салатын, бергесін уәдесін «жұмысбастылықтан» есінен шығарып алатын «ұмытшақ» басшылардың да, түрлі сылтау айтып, адамдарды қабылдаудан бой тасалайтын жалтарма басшылардың да талайын көргенбіз. Ал, Қуекең бұлардың ешқайсысына да ұқсамайды. Ол үшін сөз бен істің бір жерден шығуы, уәдеде тұра білу бәрінен де қымбат.

Қуаныш Сапарұлы облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасында, «Гурьевгазгеология» бірлестігінде, КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Главтранснефть», Прикаспий өндірістік-техникалық байланыс басқармасы жүйесінде лауазымды қызметтер атқарғанда да осы іскерлік үрдісінен танбай, жалғастырды.

Қуекең 1994 жылы «Каспиймұнайбайланыс» ашық акционерлік қоғамының президенті лауазымына тағайындалды. Батыс аймақтағы мұнай өнеркәсібінің қарқынды дамуы байланыс саласының да мейлінше ілгерілеуін тездетті. Алпысыншы жылдары Маңғыстауда ірі кен көзі ашылып, оның өнімі Кеңес одағы бойынша тасымалдануы көзделді.

Осы орайда «Өзен – Атырау – Самара»  құбыры желісін салу қолға алынғаны белгілі. Аталмыш құбыр құрылысының алғашқы кезеңі 1971 жылы аяқталды. Құбырды қуалай коммуникациялық  желі тартыла басталды. «Өзен – Орал – Самара» құбырының байланыс технологиясы «Орал – Атырау – Маңғышлақ» бағытындағы басты телевизия мен жалпы мемлекеттік байланысқа ұласты. Акционерлік қоғам Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының мұнай өндіру, айдау және өңдеу кәсіпорындарына технологиялық байланыс қызмет көрсетті. Бұл кәсіпорын қандай қиыншылық болса да тиыннан теңге құрап, бұрыннан қалыптасқан, ынтымағы жарасқан ұжым шаруасын шайқалтпаудың шараларын алып, ешкімге қол созбай өз проблемаларын өздері шешті…

Еңбектен  тапқан абырой

Қуаныш Сапарұлы мұнайлы өңірлердегі технологиялық байланысты дамытуда небір күрделі шаралардың ұйымдастырушысы болды. Ол екінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, өлкеміздегі байланыс саласы және телевидениенің дамуына үлкен үлес қосты. Азаматтың ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмайды. Қуекең Қазақстан мұнайының 100 жылдығы құрметіне Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол «Құрметті байланысшы» атағына,  Елбасының атынан жолдаған Алғыс хатқа ие болды. Басқа да мақтау-марапаттарының есебі жоқ, облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттары өз алдына.

Талай күрделі істің қыр-сырын жетік меңгерген ол құрметті еңбек демалысына шықса да, өкшесін басып келе жатқан буынның өкілі үшін тәлім аларлық тұлғаға айналды.

Қуекең – үлгілі отағасы. Зайыбы Ақжан Серікбайқызы да – байланыс саласының ардагері. Екеуі Айжангүл, Бибігүл есімді екі қыз, Марат атты ұлды тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де жоғары техникалық оқу орындарын бітірген, мұнай өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүр.

Қуекең мен Ақжанның көңіл қуанышы, көз нұры – немере-жиендері. Бірі – әже, бірі   ата атанып, берекелі отбасының жапырағы жайқалған қос бәйтерегі іспеттес. Жылдар үдерісінде бейнебір бұлақ болып басталып, дарияға айналған Қуаныш өмірі – өнегелі өмір.

Құмарғали  ҒАБДЕШҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз