ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ…

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев облыс орталығындағы жасы жүзден асқан қариялардың шаңырағында болып, құрмет көрсетті.

 

Алдымен, шаһар басшысы тыл ардагері Рақым Байөміровті Қарттар күнімен және Атырау қаласының 375 жылдығымен құттықтады.

– Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздердің еңбексүйгіштік қасиеттеріңіз, табандылықтарыңыз біз үшін қашанда үлгі-өнеге.  Біз ақсақалын ардақтаған, салт-жоралғысын салмақтаған жасампаз ұлттың ұрпағы ретінде сіздей қазына кеуде қарияға құрмет көрсетуді қасиетті борышымыз санаймыз, – деген шаһар басшысы Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының демеушілігімен алынған теледидарды сыйға тартты.

Рақым Байөмірұлы 1930 жылдары Еркінқала балық өсіру колхозында көмекші, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ішкі істер комиссариатында, 1950-1974 жылдары «Гурьевнефтехимстрой» тресінде қызмет етті. Сондай-ақ, «Память Ильича» совхозында егін шаруашылығымен айналысқан. Өзінен тараған 10 баласынан 21 немере, 21 шөбере сүйіп отырған ақсақал қазыналы қарттарды сый-құрметке бөлеген атқарушы билік өкілдеріне үлкен ризашылығын жеткізді.

Одан кейін Нұрлыбек Жұмахметұлы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің жесірі Жамал Неталиеваның шаңырағына келіп, ізгі ниетке толы ыстық ықыласын жолдады.

– «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бар қазақта. Расымен, қарттарымыз – баға жетпес байлығымыз. Сол қазыналы қарттарымызды қадірлеп, оларға үнемі жағдай жасап, көңіл бөлу – әр адамның перзенттік борышы, міндеті, – деді ол. Қала әкімі ақжаулықты анаға құттықтау хаты мен гүл шоқтарын табыстаса, бұл тілекке қосылған Қазақстанның Халық банкі Атырау облыстық филиалының басшысы Рақымжан Серіков те мерекемен құттықтап,  көпфункциялы кір жуғыш машинасын сыйлады.

Оның қызы Гүлшара Неталиева облыс, қала басшыларына алғысын айтты.

– Анам – соғысты көрген жан. Өзінің айтуынша, госпитальге түскен солдаттарды зембілмен тасыған. Өйткені, ол кезде ерлердің дені майданға аттанған. Тіпті, токарь, слесарь сияқты қызметтерді атқарған екен. Жасы ұлғайған сайын есту, көру қабілеттері нашарласа да, қарайып отырғанының өзі бір төбе, – деді ол.

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев одан әрі тыл ардагерлері Нышан Жұбаева, Жібек Құттыбаева, Қансұлу Үмбетияровалардың отбасында болып, шаңырақ шаттығын, ұрпақ қызығын көруді тіледі.  Қариялармен емен-жарқын сұхбаттасып, олардың өтініш-тілектерін, өңірдегі өзгерістер туралы ой-пікірлерін тыңдады.  

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз