ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІКТЕР МЕКЕНІ

«UCMAS» халықаралық ментальді арифметика балалар орталығының (ойша есептеу) Атырауда бөлімі ашылып, жұмыс істей бастағанына биыл – бір жыл. Оның оқушылары халықаралық байқауларда көптеген жүлделерге ие болып үлгерді. Оқу орталығының жұмысымен танысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев білім алатын оқушылармен емен-жарқын тілдесіп, мұғалімдері мен ата-аналарының пікірлерін тыңдады.

Халықаралық ментальді арифметика орталығына 4 пен 14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Орталықта зияткерлік қабілетті дамыту, ойша есеп шығару тереңдетіліп үйретіледі. Бірақ, математиканы ерте жастан үйренгісі келетін балалардың бәріне қолжетімді бағада білім алу мүмкін болмай тұр. Өйткені, мұнда 1 сабақ – 5000 теңге тұрады екен. Айына – 20000 мың теңге.

Өз кезегінде халықаралық мектептің Атыраудағы бөлімінің директоры Арайлым Мұстафина өзін-өзі қаржыландырып отырған мекеменің мұғалімдеріне, олардың біліктілігін арттыру оқу-курстарына, ғимаратты жалға алуына қаржы жұмсалатындықтан, оқу ақысын арзандату әзірге мүмкін еместігін айтып қалды. Тек қана орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар мен жетім балалардың тегін білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Алдағы уақытта орталықтың аудандарда да бөлімдерін ашу жоспарланыпты.

Шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы алдымен, балалардың ойша есеп шығару қабілетіне таңданыс білдіріп, оқытудың әдістемелік негізіне көңіл аударды.

 – Балалардың үйірмелерге қатысып, математиканы терең үйренуі – басқа салада да алда көрінуіне септігін тигізеді. Өйткені, жақсы ойлап, ертеңгі күнге үлкен жоспар құру үшін, ең алдымен, логиканы, математикалық есептерді терең меңгеру керек. Ауылдық жерде біз де тоғызқұмалақ ойнап өстік. Ал, бүгінгі ментальді арифметикалық есептеудің кейбір элементтерін, өзіміз ойнаған тоғызқұмалаққа ұқсатып тұрмын. Мұндай ойлау жүйесі – баланың ой-өрісінің кеңеюіне, өзі дұрыс шешім қабылдауына жол ашады, – деген қала әкімі кез келген балаға орталықтан білім алуға мүмкіндікті қарастыруды ұсынды. Орталық ғимаратты жалға алып отырғандықтан, бірінші кезекте «Нұрсая» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің қасбетінен арнайы орын берілу мәселесі сөз болды.

Ата-аналар қымбаттығына қарамастан, балаларын үйірмеге қатыстырып жүр. Әрқайсысының жетістіктері де аз емес.

Соның бірі – Назерке Әйнекова. Ол №16 мектептің 4 сыныбында оқиды. Нью-Делиде ментальді арифметика бойынша өткен XX халықаралық жарыстан жүлделі бірінші орынды иеленген. Жас дарын 12000 жүйрікті шаң қаптырып, ойша есеп шешу қабілетімен танылыпты. Бос уақытында сурет салады. Жан-жақты болу үшін көп тілді меңгеруге тырысатын Назерке тіл үйрену курстарынан да қалған емес. Болашақта әлемді аралап көргісі келеді.

Жүйе ойша, калькулятордан да жылдам есептеп, балалардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.

«Ментальді арифметика» білім беру бағдарламасы ретінде 22 жыл бойы қолданылып келеді. Әлемнің 56 елінде 5 миллионнан астам бала осы тәсілмен білім алуда.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз