АЙНАЛА ТАЗА БОЛМАСА, КӨҢІЛДЕ МАЗА БОЛМАЙДЫ

Қалыптасқан дәстүр бойынша жылына екі рет (көктем мен күзде) тазалық пен көріктендіру екі айлығы жарияланып, өткізіліп келеді. Биыл да солай, шаһар басшылығының қаулысымен 14 қыркүйек-14 қараша аралығы Атырау қаласында кезекті екі айлық ретінде белгіленді. Бүгін Атырауда күзгі алғашқы сенбілік өтеді.

 СЕРПІЛІС СЕНБІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Еркін Ғалиевтың мәлімдеуінше, аталмыш шараны өткізу жөніндегі шешім әкімдіктің «Елді мекендердің санитарлық тазалығы, сумен қамтылуы және канализация объектілерінің 2013-2014 жылдардың күзгі-қысқы маусымына дайындығы туралы» (№930, 5 қыркүйек 2013ж.) қаулысына сәйкес алынған. Екі айлық барысындағы жұмыстарға басшылық жасап, үйлестіріп отыратын қалалық штаб та құрылған. Тазалық жұмыстарын оңтайландыру мақсатында облыс орталығы тоғыз аумаққа бөлініп, қалалық әкімдіктен жауапты адамдар бекітілген.
«Туған қала тазалығы – өз қолыңда» тақырыбымен ұйымдастырылып отырған алғашқы сенбілік күні атқарылатын іс-шаралар жоспары да алдын ала жасақталып қойылған. Ерікті еңбек мерекесіне облыс орталығындағы кәсіпорын-мекемелермен қатар, жоғары және арнаулы орта техникалық, кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушылары (барлығы 2350-дей адам) қатыстырылады, олар 17 учаскеде жұмыс жасайды деп күтілуде. Мұндай мәліметті қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннат Досқалиева жеткізді.

ҚАЛДЫҚТАР УАҚТЫЛЫ ТАСЫЛСА…

Ал, қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы – қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек Мусағалиевтың айтуынша, шаһар тазалығына тек екі айлықта ғана емес, күнделікті көңіл бөлініп отыруы тиіс және солай істелініп те келеді. Әйтсе де, нәтиженің күткендегідей бола бермейтіні рас. Қадағалаушы құрылымның тарапынан жүргізілген тексерулердің қорытындысы, есепке алынған 2046 ластанған учаскенің 1687-і немесе 82 пайызы тазартылғанын, 359-ы сол күйінде қалғандығын көрсеткен. Жауапсыздық танытқан кәсіпорын-мекеме басшылары мен кәсіпкерлік субъектілерінің атына 156 санитарлық ескертпе жазылып, 152 рет айыппұл салынған. Сол сияқты, жеке сектор тұрғындарына да 1786 рет ескерту берілген. Мұның сыртында, қаладағы көп қабатты үйлерді біріктіретін 52 пәтер иелері кооперативінің тең жартысынан астамында бұл бағытта жөнді жұмыс жүргізілмеген болып шықты. Соның ішінде, «Азамат-Аман», «Талғатжан», Игілік», «Асыл-Атырау», «Әлішер» ПИК-теріндегі жағдайдың сын көтермейтіндігі ашық айтылды.
«Арнаулыавтобаза» КМК-нан басқа тазалық жұмыстарына «Вест Дала», «Адем Эколоджи» ЖШС-тері мен бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілері тартылған. Алайда, олардың барлығы бірдей жүктелген міндеттерін ойдағыдай орындап отыр деп айту қиын. Бұл жөнінде де көптеген деректер мен дәйектер келтірілді. Үстіміздегі жыл басынан бері арнаулы автобазаға 21 бірлік техника (он-оннан вакуум мен мусоровоз және бір автогрейдер) сатып алынған. Контейнер алаңшаларын жөнге келтіріп, жаңғыртып, жаңадан қоқыс жәшіктерін сатып алу да жоспарланған. Кесте жасақталғанымен, көрсетілген уақыты өне бойы сақтала бермейтіндіктен ара-тұра жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтар мезгілімен шығарылмай жатады.

ҚЫС ҚАМЫ ДА НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Қаулыда атап көрсетілгеніндей, екі айлықта тазалықтан бөлек коммуналдық қызмет көрсетуші құрылымдардың қысқы кезеңге әзірлігіне, кәріздік желілердің жайына да назар аударылмақ. Мәселен, қаланы жылумен қамтитын «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамында 44 жылу беру бекеті жұмыс жасайтын болса, кәсіпорынға қарасты 39 шақырым магистральды, 151 шақырым кварталды және бүкіл қала бойымен өтетін 20 шақырым бөліп-таратушы желі бар. Олардың дені қазіргі уақытта сыр бермес үшін жөнделіп, дайындық сапына қойылған.
Мұндағы бір кемшілік сол, бірқатар жылу бекеттерінің, желілердің аумағы жол-жөнекей шашылған тұрмыстық қалдықтардан, тұтасып өскен жабайы шөптерден, изоляциялық материалдардан тазартылмаған. Осындай жағдайда есепке алынған 57 учаскенің, ескерту жасалғаннан соң барып қана 26-сы немесе 45,6 пайызы ретке келтірілген. Осыған ұқсас ахуал қаланы ауыз сумен және канализация қызметімен қамтитын мекеме «АтырауСу Арнасы» КМК-нда да орын алыпты. Кәсіпорын қарамағындағы 37 жүзбелі су сорабы, 73 КНС бар. Жаз бойына бұл имараттардың айналасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, қасбеттері әктеліп, сырланған, төбежабындылары, аула қоршаулары ауыстырылған.

КӨП КЕМШІЛІК КОНТЕЙНЕРДЕН ТУЫНДАЙДЫ

Әлгінде айтылып кеткен контейнерлер мәселесіне кері оралсақ, жыл ішінде жаңа үлгідегісімен алмастырылуы межеленген 166 алаңшаның әзірге 45-і ғана жаңартылған. Сол сияқты сатып алынуы жоспарланған 500 контейнер де толықтай қамтылмаған. Ешқандай кооперативтің құрамына кірмей, қараусыз, күтімсіз қалған көп қабатты үйлердің тұрғындарымен жиындар өткізіліп, түсінік жұмыстары жүйелі жүргізілмегендіктен бұларда берекесіздік жайлағаны өз алдына, тіпті терможаңғыртудан өткен тұрғынжайлардың айналасы да бүгіндері қоқыспен көмкеріліп, адам аяқ алып жүргісіз жағдайға жеткен.
Бүгінгі таңда қалада 5800 шағын және орта бизнес нысаны, бес базар халыққа қызмет көрсетеді. Әрине, олардан түсетін салық пен қазына қоржынына құйылатын қаражат та аз емес. Десек те, бұлардың маңайында да ретке келтірілуге тиісті жұмыстар өте көп. Мысалы, кәсіпкерлердің бәрі бірдей күнделікті шығарылатын тұрмыстық қалдықтарды тұрақты тасымалдап тұруға «Арнаулы көлік базасы» КМК-мен, басқа да қызмет көрсетуші мекемелермен келісім-шартқа отырмаған. Оның үстіне, қала аумағындағы ауылдық, селолық округтердің де барлығында бірдей тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді, екі айлық барысында соны қаперге алып, айтылған сын мен көрсетілген кемшіліктен қорытынды шығару қажет.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз