Атыраудың абызы, тарих ғылымының тарланы Хисмет Табылдиев өмірден өтті

foto Шаһар шырайы

2018 жылдың 25 қаңтары күні, 82 жасқа қараған шағында Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиев өмірден озды.

Табылдиев фото

Оның бүкіл өмірі педагогикамен, ғылыми жұмыстармен және журналистикамен байланыста өтті. 1957 жылы Атыраудағы С.Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітірген соң, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтына оқуға түсіп, 1962 жылы «тарих, әдебиет және тіл маманы» біліктілігі бойынша бітіріп шығады.

1962-63 жылдары Атырау (Гурьев) қаласындағы Орджоникидзе орта мектебінде мұғалім, 1963-1976 жылдары аралығында Гурьев педагогика институтының оқытушы, аға оқытушы, доцент, факультет деканы қызметін атқарды. 1973 жылы «Социалистік Гурьевтің тарихы» тақырыбында диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды.

1976-1991 жылдары Гурьев педагогика институтының Сырттай оқу бөлімінің проректоры, кейін 1991-2000 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тұңғыш ректор координаторы болды.

1998 жылы «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе» атты диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атағын иеленді.

2000 жылы 3 наурызда екінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың сессиясында мәслихат хатшысы қызметіне тағайындалды.

2001-2004 жылдары аралығында «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалына жетекшілік етті.

2003-2008 жылдары облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары болды. 2008 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі қызметіне кірісті.

Хисмет Бозанұлы Табылдиев 200-ден астам ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы, соның ішінде: «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары», «Өзгерген өмір» т.б. атты монографиялық еңбектері бар. Парасат ордені (2009ж.), Атырау облысы Құрманғазы ауданының (2001ж.), Атырау қаласының (1997ж.) «Құрметті азаматы», «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Қазақстан Парламенті 10 жылдығы», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «10 лет ассоциации вузов Прикаспий», «60 років визволения Украіни від фашиствских загарбників (Украина)» медальдарымен, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төс белгілерімен және әртүрлі грамоталармен марапатталған.

Облыстық Мәслихаттың депутаттығына қатарынан үш мерзімге сайланған. Облыстық мәслихат депутаты ретінде награда комиссиясын басқарды. Аймақтағы ономастикалық комиссиясының мүшелігінде болды.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті ректоры, ҚР гуманитарлық Академиясының академигі.

Atr.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз