АТЫРАУДА ЖАҢА ҚАЛАШЫҚ САЛЫНАДЫ

kl1Бейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов корейлік жобалау және құрылыс компанияларының өкілдерін қабылдады. Атырау қаласының гүлденуі, облыс орталығында инфрақұрылымды дамыту мәселесі кездесу барысында кеңінен әңгіме болды.

Қонақтарға «қош келдіңіз» айтқан облыс басшысы Атырау қаласы елімізде қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі екендігін атап өтті. 
– Қазақстан мемлекеті бүгінгі күні өрлеп, өркендеу үстінде. Әсіресе, мұнай-газ саласы экономикалық дамудың басты бағыты болып табылады. Соның ішінде Атырау аймағы бұл салада көш бастаушы өңірлердің қатарында келеді. Еліміздегі ең ірі оннан астам компания осы өңірде жұмыс жасап жатыр. Алайда, іс атқарылғанымен, халықты тұрғын үймен, жермен қамту сияқты түйінді әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Сондықтан, біздің бүгінгі кездесуіміз дер кезінде ұйымдастырылып, толғандырған мәселелерді шешуге арқау болады деп сенемін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Атырауға сапарларының басты мақсатын айтып өткен «DA Group» жобалау компаниясының өкілі Шин Менг Су облыс орталығын көркейту, өзгерту, жаңғырту жұмыстары аса бір ауқыммен, ерекше екпінмен, тың серпінмен іске асып жатқанын байқағандығын жеткізді. Оның айтуынша, корейлік жобалау компаниялары Атырауда сапасы сәніне сай, қалашық тұрғызып, қаланы бұдан да көркейтуге аса ынталы.
– Байқағанымыздай, – деді ол, – мұнда тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ, шетел азаматтары да баршылық екен. Осыған орай, Атырау қаласындағы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жасақтаған жобамызды алып келдік. Біз қала тұрғындары үшін элиталық қалашық салуды көздеп отырмыз. Жобалауымызша, қаланың алты мың тұрғынын пәтермен қамтымақпыз. Сондай-ақ, сауда, ойын-сауық орталықтарын салу, бақшамен қамтуды да ойластырып отырмыз. Тұрғын үйлер екі немесе төрт бөлмелі болады. Екі бөлмелі пәтердің ауданы шамамен 109 шаршы метрді құрайды.
Корейліктер бұл жобаны іске асыру үшін еліміздің үш шаһарын, атап айтсақ, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларын қарастырып, соңында мұнайлы астанаға тоқтамға келген.
Облыс әкімі бұл ұсынысты құп көріп, ең алдымен, қалашықты салатын жерді айқындап алу керектігін баса айтты. Кейін корейліктерге қалашықты салуға мүмкін болатын учаскелер таныстырылды.

Болашақ элиталық қалашықтың орнымен танысып, түрлі мәселелерді талқылаған құрылыс компаниясының мамандары басшылықтың ұсынысын бірауыздан қолдап, ынталылық танытты. Осыған орай облыстық әкімдікте Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Сheonmoon G&T» акционерлік қоғамының президенті Техен Ким екіжақты меморандумға қол қойды.
-Бізге сенім білдіріп, осы істі тапсырып отырған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлына алғыс айта отырып, ортақ істі ұйымшылдықпен атқарамыз деген үміттемін. Тұрғын үй кешені салынатын жерді көрдік, енді оның макетін жасап, іске кірісеміз. Бұл құрылысты жүргізуде қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдаланатын боламыз, – деді «Сheonmoon G&T» акционерлік қоғамының президенті Техен Ким.
Өз кезегінде аймақ басшысы құрылыс алаңында заманауи үлгідегі кешен салынатынын, пайдалануға берілген үйлерге кезекте тұрған, үйге мұқтаж жандар да ие болатынын жеткізді.
– Межелі уақытта сапалы үйлер тұрғызылады деп сенемін, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы, – осы орайда елімізге келген инвесторларға барлық жағдай жасап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін және облыс басшылығы мен тиісті органдар сіздерге әрдайым қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізгім келеді. Алдағы күндері құрылыстың соңғы, әрі нақты құжаттарына қол қойылады. Бірлескен ісіміздің сәтті аяқталуына тілектеспін, – деді ол.
Жаңа кешен барлық деңгейдегі тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Мұнда шамамен 20-25 үй бой көтереді деп жоспарлануда.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Салтанат АҚТӘЖИЕВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз