Атыраудағы киноконцерт залы мен монша ел игілігіне қашан айналады?

ANU 7482 e1517996959704 Жаңалықтар

1200 орындық киноконцерт залының «қаңқасы» алыстан «мен мұндалайды». Осынау сәулетті ғимараттың құрылысы тоқтағанына Нұрсая ықшамауданының тұрғындары да өз қынжылыстарын білдіреді.

ANU_7482

«Киноконцерт залы ұзақ уақыттан бері қаңырап тұр. Көп бөлігі қолды болды. Қасынан өтіп бара жатып, «әттеген-ай» демеске амалың қалмайды. Кезінде оның құрылысын жалғастыруға еуропалық компаниялардың бірі қызығушылық танытқанын естіген едік. Кейін көптеген тексерістер нәтижесінде сәулетшілер мен құрылысшылардың ауысқанын білдік. Ақыры арада біраз уақыт өтіп, қажетті материалдар мен қызмет көрсету құны да шарықтап кетті емес пе? Тіпті бір кездері ғимарат күреліп, іргетасына жаңа балабақша салынады деген де мәлімет тарады. Бірақ, бұл да іске аспады. Өйткені, мұның бәріне қыруар қаржы керек екен»,-дейді тұрғындардың бірі Жансая Сабырова.

Расымен де, француздық «Issmat investment & finance» мекемесі жергілікті атқарушы биліктен аталған нысан құрылысын 20 жылға сенімді басқаруға беруді сұраған болатын. Осылай деп жүргенде, өздеріндегі қаржы дағдарысын алға тартқан инвесторлар 20 миллион теңге қаражатты құюдан бас тартыпты.

ANU_7489

Біз осыған орай облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановқа жолығып, мәселенің мәнісін сұрадық. Ол бізге былай деп жауап қайтарды.

«Киноконцерт залының құрылысын биылдан қалдырмай қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Көп жыл тұрып қалған сәулетті ғимараттың қолданыстан шыққан кей бөліктерін ауыстыруға тура келеді. Бірақ, бұл оны бұзып, қайта салудан анағұрлым тиімдірек. Ал, монша жөнінде айтар болсам, оны жергілікті кәсіпкерлердің бірі балабақша етіп ашқысы келеді. Егер жоспар жүзеге асса, кезінде жеке мақсатқа арналған ғимараттың әлеуметтік нысан ретінде қызмет етуі ғажап емес»,-дейді ол.

Амандық Сағынтайұлы

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз