«ЖОЛДАР УАҚТЫЛЫ ЖӨНДЕЛУІ ТИІС»

4-11Аймақты тақтайдай тегіс жолдармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлінуі тиіс. Әйтпесе, аз қаражатқа қаһарлы қыста тасжолдарды күтіп ұстау мүмкін емес. Бұл туралы селекторлық кеңесте ҚР Транспорт және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев қадап айтты. Маңызды мәселе талқыға түскен жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев онлайн режимінде қатысты.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, ел бойынша жалпы қолданыста ұзындығы 97 мың 400 километрге созылатын көлік жолы болса, оның 30 мың шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде көрінеді. Республикалық маңызы бар жолдар 23,5 мың километрге жетсе, күні бүгінде 30 пайызының жағдайы жақсы. 
– Жергілікті жерлердегі жолдың жағдайы мәз емес. Тек 16 пайызы ғана жақсы сақталып отыр. 30 пайызы қанағаттанарлықсыз қалды. Тасжолдарға жөндеу жүргізу жұмыстарының орындалу қарқыны ойдағыдай. Биыл жыл соңына дейін 7 мың километрге тарта жол жөнделуі тиіс. Соңғы жылдары бұл бағыттағы шаруалар бірқалыпты деңгейде жасалынып келеді, – деді З.Сағынов.
Селекторлық кеңесте белгілі болғандай, қазірде министрлік Елбасы тапсырмасымен үш ірі жобаны жүзеге асырып жатыр екен. Олар орталықтан оңтүстікке, батысқа, шығысқа қарай салынып жатқан автокөлік жолдары. Күні бүгінде бұл жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Алдағы екі-үш жылда барлығы да пайдалануға берілуі тиіс.
Республика деңгейіндегі жолдарды салып, оны күтіп ұстау, жөндеу жүргізу секілді жұмыстарына қаржы тиісінше, министрліктен бөлінсе, аймақтардағы тасжолдарға қаражатты жергілікті атқарушы билік өтейді. Автокөлік жолдарын қаржыландыруда Атырау облысы алдыңғы орындардан көрінді. Дегенмен, кейбір өңірлерді сынға алған министр автовокзалдар, автостанциялар, сервистік қызмет көрсету мәселелерін қозғады. Бүгінгі таңда еліміздегі облыс орталықтарында 34 автовокзал болса, Үкімет 2020 жылға дейін тағы да тоғыз автотұрақ салуды тапсырып отыр.
– Бірер күннен соң осы мәселе Үкіметте қаралады. Қаражат бөлінгесін, оны тиімді игеру керек. Соған назар аударыңыздар. Автовокзалдар жөніндегі мәліметті жаңартыңыздар, – деді жиынды қорытындылаған Транспорт және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз