ЖЕРДІ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ – МІНДЕТ

Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында тұр. Соның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптарының аумағы 81 % - ға жақын. Бұл, қазіргі нарықтық кезеңде еліміздің экономикасына зор үлесін қосатын аграрлық сектордағы үлкен әлеует деген сөз. Тек осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану үшін оған үнемі бақылау жүргізіп отыру керек. Дәл осындай бағыт-бағдарды Елбасымыз Ұлт жоспарында да атап көрсетті.

 

Аталған жоспардың 35, 36-шы тармақтарында жеке және заңды тұлғаларға табысталған жер телімдерінің тиімді пайдаланылуына, мемлекет жер қорына қайтарған жерлерді қайта айналымға енгізу және осы шараларға үнемі мониторинг жүргізу атап айтылған.

2012-2014 жылдары облыс көлемінде өз шаруа қожалығын жүргізу үшін көптеген жер учаскелері қала, ауыл тұрғындарына табысталған. Алайда, Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жүргізген жалпы сараптама қорытындылары көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Атап айтқанда, берілген жерлердің шамамен 70 %-ға жуығы ғана нысаналы мақсатына сай пайдаланылып, қалған жерлердің бос, яғни игерілмей тұрғандығы анықталған. Бұның өзі жер телімінің меншік иесі тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексі талаптарының сақталмай отырғандығын білдіреді. Аталған жағдай заң бұзушылық болып есептеліп, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сай әкімшілік іс қозғалады. Одан бөлек, тіркелген деректер негізінде хаттама толтырылып, жеке тұлғаға айыппұл салынады. Заңдағы соңғы өзгерістерге сәйкес, жеке тұлға жеті күн мерзім ішінде айыппұлды толық төлеген жағдайда елу пайыз жеңілдік қарастырылған.

Тағы да мәліметтерге сүйенсек, бір ғана Махамбет аудандық прокуратурасынан ауыл шаруашылығына бөлініп, жеке және жалға алу құқығы берілген 83 жер учаскесінің мақсатты пайдаланылмай отырғандығы туралы хабарлама жолданған. Қадағалаушы құрылымның ұсынысымен сол шаруа қожалықтарының жетекшілеріне, ҚР Жер кодексінің 94-бабының талаптарына сәйкес, жер телімінің бір жыл мерзім ішінде игерілуін қамтамасыз ету жөнінде ескерту берілді. Ал, бұл талап тиісінше орындалмаған жағдайда, жер телімдері меншік иелерінен  мәжбүрлеп алынып, мемлекет меншігіне қайтарылады.

 Алайда, аталған іс-шараларды ұйымдастыру кезінде кейбір проблемалық мәселелердің туындап жататыны да жасырын емес. Мысалы, бұдан біраз жыл бұрын жер телімдерін алған шаруа қожалықтарының иелеріне қатысты толыққанды ақпараттың болмауы кейбір кедергілерге жол берілген. Соның салдарынан қарамағындағы жерлерін мақсатты пайдалануға мүдделі шаруагерлердің меншігіндегі телімдерінің аумағын ұлғайтып немесе бұрынғысына қосымша жер сұрауда қиындыққа тап болып отырғандығын да айтуымыз керек.

Ұлт жоспарында жоғарыда келтірілген олқылықтардың орнын қалай толтыруға болатындығы, қордаланған проблемаларды шешу, түйінді тұстарды тарқату жолдары көрсетіліп, қамтылған. Яғни, пайдаланылмай келген жерлерді мемлекет жер қорына қайтарып, әрмен қарай оларды бағыт-бағдары айқын, нақты жоба-жоспары, жұмысы мен табысы бар шаруашылық құрылымдарының иелігіне бере отырып, қайта айналымға қосу көзделген. Сондай-ақ, оған жүйелі түрде мониторинг жүргізілетін болады.

 Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы өз құзыреті шегінде еліміздің Жер кодексі талаптарының сақталуына тексеріс, бақылау, жерді тиімді пайдалану және басқа да жұмыстарды жүргізу шараларын ұйымдастырып, өткізеді. Тексеру барысында, бірқатар шаруа қожалықтарының тарапынан жер учаскелері игерілмеуінің бірден-бір себебі, қаржы, қыстық жемшөп дайындауға арнаулы техникалардың тапшылығы екендігі атап көрсетілген. Осындай жайлар ескеріліп, ағымдағы жылдан бастап аудандарда шаруа қожалықтарына табысталатын жер телімдері конкурс арқылы беріле бастады.

Сайып келгенде, әрбір қожалық иесі меншігіндегі жерлерді ұтымды да тиімді, мақсатты пайдалануға міндетті және соған мүдделі болуы тиіс.

Асқар ДОСҚАЛИЕВ,

Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен

қорғалуын бақылау басқармасының

бас маман-мемлекеттік инспекторы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз