ЖЕР ТЕЛІМІН РҰҚСАТСЫЗ ИЕЛЕНГЕНДЕР

заң алдында жауапты болады

Қазақ даласында ықылым заманнан-ақ жер дауына ерекше мән берген. Яғни, ешкімге бөтеннің жайлауы мен қыстауын өз еркімен иеленуге рұқсат етілмеген.  Ендеше, бүгінгі зайырлы мемлекетте неге бұл  мәселе ушығып тұр? Жақында облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында кейбіреулер тарапынан бұл бағытта бірқатар азаматтардың құқықтық сауаттылығы төмендігі, демек түсінік жұмыстарының жеткілікті жүргізілмегендігі жөнінде айтылған-ды. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұртшылық назарына осы материалды ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені, байыптаған жанға Президент тапсырмасы – жұрттан жерді тартып алу емес, мақсатты пайдалануға қол жеткізу.

 

alogo1223333334Сонымен, Конституцияға және жерге қатысты қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес жер мемлекеттік және жекеменшік болып бөлінеді, сонымен қатар бірдей қорғалады. Әйтсе де, екі меншіктің құқықтық жағдайы әртүрлі.

Бүгінде жерге қатысты кең тараған заң бұзушылық – жер телімін өз бетінше иелену. Оны қалай түсінуге болады? Мәселен, егер жерді жалға алушы оны рұқсатсыз кеңейтсе, қоршауларды нақты шекарадан себепсіз шығарса, оған құрылыс нысанын салса немесе заттарын қойса, билбордтарды, павильондарды, жұқа конструкциядан жасалған контейнерлерді, металдан істелген гараждарды, т.б. орналастырса, сондай-ақ уақытша берілген жер телімдерін мерзімінде қайтармаса, онда өз бетінше иелену деп танылады. Демек, заң бұзушылық болып саналады. Ал, мұндай жағдайда нендей жаза тағайындалуы мүмкін?

Ол ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 118-бабымен реттеледі. Оның талаптарына сәйкес жер учаскелерін заңсыз иелену немесе айырбастау, жерге мемлекеттік меншік құқығын тікелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген жерді мерзімінде қайтармау түрлі мөлшерде айыппұл төлеуге соқтырады.

Мәселен, жеке тұлғалар айлық есептік көрсеткіштің елуден жетпіс беске, лауазымды адамдар, дара кәсіпкерлер, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалар жүзден жүз елуге, ірі кәсіпкерлік нысандары 500-ден  700-ге  дейінгі   мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Міне, осы тұрғыда аумақтық инспекция биылғы өткен мерзімде 55 субъектінің тарапынан  аталмыш баппен 69 заң бұзушылық дерегін анықтады. Соның нәтижесінде барлығы 17 млн. 273 мың 505 теңге айыппұл салынған.

Жалпы, аумақтық жер инспекциясының мамандары қолданыстағы заңнамаларды жұртшылыққа түсіндіргенмен, соны қасақана бұзатындар да бар. Мәселен, «Әскер Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Құрманғазы аудандық әкімдігінің биылғы 21 маусымдағы №309 қаулысымен жалпы алаңы 3,99 га жер учаскесі көмірсутегі шикізатын іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін беріліпті. Алайда, тексеру кезінде анықталғанындай, кәсіпорын тарапынан мемлекеттік жер актісі жасалмапты.  Демек, жоғарыда айтылған 3,99 га жер заңсыз пайдаланылған. Бұған 0,4 га жер тағы қосылған. Ал, аудандық әкімдіктің қаулысында жерге иелікті куәландыратын құжаттарын алғанша оны пайдалануға рұқсат етілмейтіндігі көрсетілген.

Яғни, ҚР Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағының талаптары бұзылған. Ал, оған сәйкес жер телімінің нақтылы шекарасы белгіленгенше және құқығын анықтайтын құжаттар берілгенше оны пайдалануға рұқсат етілмейді. Мұндай жер телімдеріне қатысты ешқандай мәмілелер жасауға  болмайды. Оны  өз   бетінше иеленген жағдайда  қалпына келтіру керек. Демек,  салынған құрылысты, тұрғызылған ғимаратты көшіру кінәлі тұлғаның есебінен жүргізіледі.

Ал, жоғарыда аталған «Әскер Мұнай» ЖШС-не ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 118-бабына сәйкес  2 млн. 596 мың 500 теңге айыппұл салынды.

Соңғы кезде біраз даулы мәселе көп қабатты үйлердің арасындағы бос жерлерге қатысты туындап жүр. Орталықта орналасқан, барлық  инженерлік желілермен  қамтылған  мұндай   орындарға қызығушылар да көп. Тексеру барысында бұл бағытта да заң бұзушылықтар орын алып жататындығы анықталады. Мәселен, 2011 жылғы 30 наурызда Атырау қаласы әкімінің №458 қаулысымен жеке азаматқа 500 шаршы метр жер дүкен және кеңсе құрылысын жүргізу үшін берілген. Бұл табысталған учаске Махамбет көшесіндегі 116-үйдің алдындағы балалар ойнайтын алаң орналастыру көзделген жердің үстіне, яғни ортақ пайдалану санатынан ұсынылған.

Ал, ҚР Жер кодексінің 109-бабының 2-тармағына сәйкес ортақ пайдаланудағы жерден учаскелер жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың қолдануына нұқсан келтірмей уақытша берілуі мүмкін. Яғни, мұндай телімдерге жеңіл үлгідегі, демек жазда сауда жасайтын шатырларды, шағын киоскілерді, жарнама құрылғыларын, өзге де сервис объектілерін ғана орналастыруға болады. Тұрақты ірі құрылыс нысандарын тұрғызуға тыйым салынған.

Міне, осы заңдылықты басшылыққа алған аумақтық инспекция биылғы қаңтарда Атырау қаласы әкімінің 2011 жылғы 30 наурыздағы №458 қаулысын заңсыз деп тану жөнінде сотқа арызданған-ды. Ақпанда атқарушы биліктің қаулысы заңсыздығы жөнінде сот шешімі шығарылып, ол күшіне енді. Аумақтық инспекция тарапынан сотқа арыздану нәтижесінде осындай ортақ қолданыстағы 15 жер  телімі  мемлекетке қайтарылды.

Тұтастай  алғанда,  жерге  қатысты бұған дейін орын алып келген кемшіліктер соңы ашық заң бұзушылықтарға соқтырып жүр. Бұған дейін де айтылғанындай,  жер саудасынан кейбіреулер қып-қызыл байлыққа белшесінен батуда. Міне, Президент тапсырмасы алдымен соларды сабасына түсіріп, ұлтарақтай жердің өзі халық кәдесіне жарауын көздейді.

Жазира ЖҰМАХАНОВА,

Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз