ЖАСТАР ЕЛБАСЫМЕН ӘРДАЙЫМ БІРГЕ!

Жастар – ел болашағының басты тірегі. Мұны Елбасы үнемі Жолдауларында ерекше атап өтіп келеді. Сондықтан да, жастар саясаты мәселесі – бүгінгі таңда Қазақстанның ғана емес, күллі әлемнің көз тіккен бағдары.  Сондықтан, жастарға жүктелген міндеттемелерді толықтай атқару мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығы «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесе қызмет етіп, бірқатар жобаларды іске асыруда.

Мәселен, біріншіден, жастарды интеллектуалды дамыту мақсатында қалалық пікірсайыс лигасы құрылып, оған қаладағы 28 мектеп қосылды. Мектептік және студенттік пікірсайыс турнирлеріне 500-ге жуық жас қатысты. Жүйелі түрде пікірсайысшылардың біліктіліктерін арттыруға бағытталған арнайы тренингтер өткізілуде. Пікірсайыс өнері –  оқушыларымызды білім алуға, еркін сөйлеуге, өз ойын толық жеткізуге, бір-бірімен мәдениетті қарым-қатынас орнатуға баулитын бірден-бір маңызды құрал. Алдағы уақытта жалпы интеллектуалды жастардың басын біріктіретін орталық ашуды жоспарлаудамыз.

Екіншіден, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қолжетімділігін одан әрі арттыру – Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасаудан біздің еліміз алдыңғы қатарда. Кешегі Жолдау бұған дәлел. Осыған орай, Жастар ресурстық орталығы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен», «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен және жұмыспен қамту орталығымен бірлесе мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Үшіншіден, Елбасы өз Жолдауында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізу мақсатында бірнеше маңызды тапсырмалар берді. Біз де бұл шараның сәтті өтуіне дайындалудамыз.

Бүгіннен бастап аталған көрмеге еріктілер корпусын дайындау жұмыстары басталды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың наурыз айында «Атырау еріктілер корпусы» құрылды. Қазір оның құрамында жетпістен астам жас бар. Келер жылдан бастап еріктілер Елордада өтетін оқуларға қатысатын болады. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен де байланыс орнаттық.

Төртіншіден, Елбасы өз Жолдауында ел бірлігі мен тұтастығын жас ұрпаққа аманат етті. Мемлекетімізде жасалып жатқан игі істер туралы барлық ақпаратты, жетістіктеріміз бен жеңістерімізді барша жасқа жеткізу – басты міндеттеріміздің бірі. Өкінішке орай, бүгінгі жастар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын негізгі ресми ақпарат көзі ретінде пайдаланбайды. Есесіне, ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желілерде отырып, барлық бос уақыттарын өткізуде. Осыған орай, өткен жылдан бастап zhasatyrau.kz облыс орталығының жастар порталы өз жұмысын бастады. Облыс көлемінде өтетін ресми және бейресми шаралар, бейнерепортаждар жарияланады. Жастармен байланыс орнату үшін әлеуметтік желілермен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жастар порталы арқылы елімізде алғашқы болып ЖасTV ғаламтор телеарнасы құрылды. Күні бүгінге дейін 130-дан аса бейнерепортаждар арнада көрермен назарына ұсынылды. Қазіргі уақытта аталған ғаламтор телеарнасының орташа есеппен 25 мың көрермені бар. Елбасының Жолдауын жастар арасында насихаттау үшін де бұл ақпараттық ресурсты пайдаланатын боламыз.

Жасұлан БИСЕМБИЕВ,

Атырау қаласының жастар ресурстық  орталығының басшысы.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз