
Жас маманға жол ашқан жоба
Мемлекеттік қызметтегі кадр сапасын арттыру мен жас басшылардың әлеуетін дамыту – ел саясатындағы басты бағыттардың бірі. Президент бастамасымен қолға алынған кадр резерві жобалары мен аймақтық деңгейде жүзеге асып жатқан жас мамандарды қолдау жүйесі осының айғағы. Осындай бастамалардың бірі – өңірлік кадр резерві. Бұл жоба 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі мен кемінде үш жыл еңбек өтілі бар жас мамандардың арасынан көшбасшылық қабілеті жоғары, білікті кадрларды іріктеуді көздейді.
Өңірлік резервке өткендердің қатарында Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылының тумасы Ақниет Дәрібайұлы да бар. Ол – бүгінде Ойыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Мемлекеттік қызметте он жылға жуық тәжірибесі бар Ақниет еңбек жолын Исатай аудандық аумақтық инспекциясында өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі бас маман болып бастаған. Кейін Ойыл ауылдық округі әкімдігіне ауысып, жастар жетекшісі, шаруашылық меңгерушісі сынды түрлі қызметтерді атқарды.
Ақниет өңірлік кадр резервіне қатысуының басты себебін мемлекеттік қызметтегі мансабын дамыту және жоғары лауазымдарға әділ әрі ашық жолмен көтерілуге ұмтылыс деп түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл бағдарлама жемқорлық тәуекелдерін азайтып, қызметте біліктілік пен адалдықты басты орынға қояды.
Кадр резервіне іріктеу де оңай болған жоқ. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден өткен соң республика Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында күні бойы тест тапсырып, сосын облыс әкімінің алдында жеке жобасын қорғады. Ақниеттің ұсынысы – зағип жандарға арналған виртуалды көзілдірік жасау идеясы. Бұл құрылғы адамның қозғалысын жеңілдетіп, құлаққап арқылы бағыт-бағдар беріп отыруды көздейді. Идеяның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту.
Өңірлік кадр резервіне барлығы 25 адам қабылданған. Резерв мүшелері екі жыл бойы тізімде тұрады, осы мерзім ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусы лауазымдарына орналасуға мүмкіндік алады. Ақниеттің резервте болу мерзімі келесі жылы аяқталады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде биология мамандығы бойынша білім алған ол басты өмірлік ұстанымын халыққа адал қызмет ету деп біледі. Мемлекеттік қызметте табандылық пен ашықтықтың маңызы зор екенін айтқан Ақниет резервке қатысу кәсіби тұрғыда шыңдалып, қиындыққа мойымауға, көп ізденіп, білімін арттыруға зор серпін бергенін айтты.
Қызметтен тыс уақытта футбол ойнағанды ұнататын ол аудан әкімдігі құрамасының сапында түрлі сайыстарға қатысып келеді.
Мамандығына адалдық пен жауапкершілікті серік еткен Ақниет секілді жас мамандар – ел дамуының тірегі. Мемлекеттік қызметтің беделі осындай жігерлі жандардың еңбегімен биіктейді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ


