
Жаңғыру саясаты: Ұлттық мүдде мен демократиялық қағидаттар үндестігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөйлеген сөзі еліміздің соңғы жылдардағы саяси-экономикалық жаңғыру саясатын айқын көрсетті. Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделілігі, әлемдік тұрақсыздық пен жаңа сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның ішкі саяси жүйесін реформалау – батыл әрі уақыт талабына сай бағыт екені анық.

Мемлекет басшысы атап өткен жеті жылдық бір ғана президенттік мерзім институты – саяси жүйедегі тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, елдегі жауапкершілік пен есептілікті күшейтеді. Бұл демократия қағидаттарына сай жасалған шешім халықаралық қауымдастық тарапынан да оң бағалануы ықтимал.
Сонымен бірге, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы билік тармақтарының өзара тиімді теңгерімін сақтауға бағытталған. Мұндай қағида саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтады.
Парламенттің құрылымын қайта қарау бастамасы да реформалардың қисынды жалғасы. Бұл қадам елдегі саяси институттардың қоғам сұранысына жедел жауап беру қабілетін арттырады. Нәтижесінде саяси мәдениеттің дамуына, азаматтық қоғамның нығаюына жол ашылады.
Президенттің заң мен тәртіптің үстемдігіне ерекше тоқталуы – Қазақстанның даму стратегиясындағы басты бағдарды айқындайды. Құқық үстемдігі қамтамасыз етілген жағдайда ғана әділетті қоғам орнап, мемлекеттің ұзақ мерзімді өрлеуі мүмкін болмақ.
Жалпы алғанда, мемлекет басшысы ұсынған реформалар эволюциялық жолмен дамитын демократиялық мемлекет құруға, ұлттық мүдде мен жаһандық тұрақтылықты үйлестіруге бағытталған саяси бағдар болып табылады. Егер бұл бастамалар жүйелі түрде іске асса, Қазақстан аймақтағы тұрақтылықтың тірегіне айналып, халықаралық аренада беделін арттыра түсері сөзсіз.
Жаңылсын ҚАДЫРҒАЛИЕВА,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі



