ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ – ӨНДІРІС ӨЗЕГІ

Республикалық «Алтын сапа» байқауы осымен оныншы рет өткізілгелі отыр. Жүлде Елбасының Жарлығымен 2006 жылы тағайындалған болатын.  «Алтын сапа» жүлдесін Елбасының қолынан алу – қатысушылар үшін айрықша мәртебе. 

 

Елбасының сапаға арналған жүлдесін алуға үміткерлер саны  жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл кәсіпкерлердің бәсекелестікке дайындығын көрсетеді. Біздің облысымыздан «Алтын сапа» жүлдесінің иегері атанып, нарық көшбасшыларының легіне қосылуды көздеген кәсіпорын, мекемелердің арасында қазыналы өлкеміздің байырғы кәсіпорындарының бірі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС де бар.

Биыл 70 жылдығын атап өткен аталған зауыт ішкі нарықта жоғары сапалы «К-4» стандартты өнім  шығарып қана қоймай, отандық мұнай, химия саласының сенімді тірегіне айналуды көздеп отыр. Зауыттан 21 түрлі мұнай өнімдері шығады. Бүгінгі күні «К-3» экологиялық класы талаптарына сәйкес аса қажетті АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы бензиндері және дизельдік отындар өндірілуде. Солардың ішінде «К-3» және «К-4» маркалы дизельдік отындарының сапасы өте жоғары.  Нәтижесінде, 2014 жылдан бері АМӨЗ-ден 100 пайызға экологиялық таза өнім өндіруге қол жетіп отыр.

Зауыттың іргесі қаланғаннан бері орталық зауыт зертханасы жұмыс жасап келеді. 680 өлшеу бірліктері мен 107 сынау қондырғыларында білікті мамандар жыл сайын 300 мыңдай технологиялық процестерге және атмосфераның ластанбауы, өндіріс қалдықтарының ауаға шықпауын бақылап, зерттеп отырады.

Қандай жұмыста болмасын, саннан гөрі, сапаға мән беріледі. Осы орайда, зауыттан шығарылатын мұнай өнімдерінің жоғары сапалы болуы басты назарда. Сапа стандартына сәйкес, технологиялық регламенттердің сақталуы үшін заманауи соңғы үлгідегі жаңа технологиялар көптеп қолданылады. Солардың ішінде, белгілі «Охfоrd», «Perkin EImer», «Metrohm» маркалы жаңа үлгідегі қондырғылар мен «ISL» фирмасының автоматты қондырғылары, басқа да өндіріске тиімді қажеттіліктер бар. Сапа менеджменті жүйесін меңгеруде білікті мамандардың алатын орны ерекше. Сол себепті, бұл жерде алыс-жақын шетелдерде кәсіби біліктілікті жетілдіру мәселесі жолға қойылған. Қазір жеті сарапшы-аудитордың мұнай өнімдерін және ішкі интеграциялық  менеджмент жүйесін меңгеру жөнінде сертификаттары бар.

Атырау мұнай өңдеу зауытының басым бағыттарының бірі – аймақтың экологиялық қауіпсіздігін  қамтамасыз ету, қоршаған ортаға келер зиянның алдын алу үшін алдыңғы қатарлы және қауіпсіз технологиялар мен техникаларды пайдалану.

«Мұнай өнімдерінің сапасы үшін қойылатын қазіргі заманғы талаптардың бірі – халықаралық стандарттарға сәйкес келу. Осыған орай бірнеше жыл қатарынан зауытта қондырғыларды модернизациялау және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Зауытты қайта жаңарту мұнай өңдеудің технологиялық процестерін ғана емес, қоршаған ортаны қорғау бағытына да арналады.

Соңғы жылдары осы мақсатта кәсіпорында көптеген жұмыстар атқарылды. Жүзеге асырылған табиғатты қорғау шаралары нәтижесінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды газ қалдықтары тоғыз есеге азайды. Алауларда ілеспе газ жағу 3,2 есе кеміді. Пештерде отын ретінде құрамында күкірті бар мұнай өнімдерін қолдану тоқтатылды. Оның үстіне зауыттағы жылу-электр орталығы Жайықтан су алуды 2,3 есе төмендетті. Бұл сайып келгенде, суды биологиялық қайта тазалаудың жемісі. Соның нәтижесінде, су құрамындағы мұнай өнімдері – 59, фенол – 24, темір 7,3 есе қысқарды»,- дейді зауыттың бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженері Денис Козырев.

Экономикалық интеграциялық үрдістер отандық бизнеске нарық есігін айқара ашуға зор мүмкіндіктер берді. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілеттілік талаптарын күшейтті. Отандық бизнеске қолдау көрсетуде Елбасының қолдауымен шаралар қабылданды. Бұл – отандық бизнесті дамытуға танытылған елеулі қолдау. Өткізілгелі отырған «Алтын сапа» байқауы да – осы қамқорлықтың нәтижесі. Бұған елдің түкпір-түкпірінен тек мықтылар ғана қатысады.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз