ЗАҢСЫЗ МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

«Көлеңкелі экономика» мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, басқа да шаралар жуырда қаржы полициясында өткен брифингте кеңінен айтылды. Бұл жолы жергілікті журналистермен Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департамент бастығының екі орынбасары Қуаныш Ізжанов пен Заңғар Заңқанов кездескен болатын. 

 

Былтыр қаржы полицейлері барлығы 386 қылмысты анықтапты. Соның 131-і қылмыстың ауыр және аса ауыр түріне жатады. Келеңсіздіктен келген залал 72,6 млрд. теңгені құрайды,  42 млрд. теңгенің мүлкіне тыйым салынған. 

– Сыбайлас жемқорлық қылмыстың бүгінде кеңінен тараған түрі – парақорлық, оның ішінде пара алу болып тұр. Осы қылмыс бойынша 118 оқиға анықталса, мұның 20-сы – парақорлық,     28-і – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену, ысырап ету фактілері, – деді департамент бастығының орынбасары Заңғар Заңқанов.  

Соңғы кездері заңсыз мұнайды тасымалдау, оны өткізу деректері көбейіп кетіпті. Сондықтан, қаржы полициясы басшыларынан осы мәселе турасында толығырақ сұрағанбыз. Сауалымызға департамент бастығының орынбасары Қуаныш Ізжанов былай деп жауап берді. 

– Атырау – мұнай мен газға бай өлке екендігі белгілі. Дегенмен, осынау қазба байлықтың игерілуі, оған кетіп жатқан орасан зор қаражаттың ағымы түрлі келеңсіздіктің туындауына себепші болуда. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау барысында жер қойнауын пайдалану саласы қылмысқа бейім екендігі белгілі болып отыр. Осыған байланысты, департамент аталған саладағы қылмыстың  алдын алу, анықтау мақсатында қолға алынған талдау және жедел-іздестіру  шараларын тұрақты  жүргізіп тұрады, – деді Қуаныш Найрұллаұлы.

Сұхбаттасушымыздың айтуына қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауытына мұнайдың 97 пайызы құбыр желісімен келеді. Ал, қалған үш пайызы теміржол арқылы жеткізіліп отыр. Міне, осы шаруамен айналысатындардың ішінде жұмысы күдікті көрініп, тексерілгендері аз емес. Олардың арасында жалған құжат жасайтындары бар болып шықты. Бірақ заңсыз мұнайдың қайдан және қалай алынғаны толық анықталмағандығын естіп білдік. Әзірге белгілісі, ешқандай құжатсыз немесе жалған құжат бойынша жұмысын жүргізіп, қалтасын қалыңдатып келгендерге қатысты 33 қылмыс тіркелген. 70,4 мың тоннадан астам «қара алтын» (оның құны 1,2 млрд. теңге) анықталыпты. Ерекше тоқталары, қаржы полицейлерінің маңдай терлетуінің нәтижесінде Атырау МӨЗ-не өңдеуге әкелінген заңсыз мұнайдың айналымы 44 есеге азайған. 

Брифингті өткізушілер алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымын тоқтату мақсатында біраз жұмыс жүргізгенін, 6 қылмыстық іс қозғалғанын, бюджет қаражатын ұрлауға қатысты мемлекеттік сатып алу саласында 42 жемқорлық қылмысы анықталғанын айтты. Түрлі лауазымдағы 17 адам иемдену, ысырап ету, қызмет өкiлеттiгiн теріс  пайдаланғандары үшін сотталыпты. 

Осы орайда айтайық, былтыр қаржы полициясы сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында тың бастаманы қолға алып, ортақ мақсатқа тұрғындарды да жұмылдырған еді. «Кейбіреулер қылмыс туралы хабарлағандарды «тоқылдақ» деп атайды екен. Бұл – қылмыстық құрылымдардың, таяз ойлайтындардың қоғамға таңып жүрген шолақ түсінігі. Жемқорлыққа ымырасыз майдан ашқан Сингапур, Гонконг секілді елдер осындай жұмысты ұтымды ұйымдастырып, халық пен тиісті орындарды ортақ мақсатқа жұмылдыруының нәтижесінде толайымды табыстарға қол жеткізуде. Біз де осындай тиімді әдістерді қолданғанымыз жөн» деді департамент басшылары.

Естігеніміз, өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмысқа байланысты қаржы полициясына облыс тұрғындарынан 20 өтініш түскен. Сол бойынша тиісті шаралар алынған. Нәтижесінде, 16 адамға барлығы 1,7 млн. теңге біржолғы  ақшалай сыйақы төленіпті. 

– Әрбір адам қандай да бір жемқорлық қылмыс туралы, шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілері бойынша қаржы полициясының 144 бірыңғай сенім телефонына қоңырау шалуына, хабарламасын қалдыруларына мүмкіндіктері бар, – деді брифингті қорытындылаған департамент бастығының орынбасары Заңғар Заңқанов.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз