«Тұтастай мемлекет отбасылардан құралады»

photo 365628 Саясат

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ЕЛДЕГІ АХУАЛДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛДАП, БЫЛТЫРҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫНА ТОҚТАЛДЫ. ЖАЛПЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ 4 ПАЙЫЗҒА, ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ, ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДА ОҢ ДИНАМИКА БАРЫН АТАҒАНЫМЕН, ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗГЕН ҚАҢТАР ОҚИҒАЛАРЫ САЛДАРЫНАН ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС САЛАСЫНЫҢ ЗАРДАП ШЕККЕНІН ЖЕТКІЗДІ.

Рас, қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын оңалту – ең басты мәселе. Тұрмыстағы түрлі түйткілдер қордалана келе отбасыға салмақ салып, дамуын тежейді. Ал, қоғам, тұтастай мемлекет отбасылардан құралады. Сондықтан, Мемлекет басшысының қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтінін атауы – дабыл қағарлық-ақ дерек. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш екенін ескерсек, Президент тапсырмасы бойынша дайындалып жатқан халықтың табысын арттыруға арналған бағдарламадан күтілер нәтиже зор. Үкіметтің қазіргі басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Нақты межені айқындаған Президент ел игілігі үшін қызмет етуіміз тиіс екенін жеткізді.

Осы тұста айта кеткен жөн, масылдық пиғыл қалыптаспауы аса маңызды. Бұл ұстаным – қуатты, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік бағдарланған экономиканы дамытуға бағыт алған еліміз үшін кері әсерін тигізуші фактор. Экономиканы дамытар тұста қаржы тақырыбынан да аттап кете алмайтынымыз ақиқат. Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды. Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды, экспорттың үлесі жалпы елдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Бұл мәселені реттеудің бір тетігі – заңға өзгеріс енгізу, іштен және сырттан инвестор тарту.

Бұған дейін де атап өткеніндей, Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажеттігін тағы да талқыға салды. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – біраз кемшіліктер орын алғанының айқын дәлелі. Оны шешу де күн тәртібінде. Утилизациялық алым – қазіргі таңда ел арасында кең талқыланып жүрген тақырыптың бірі. Шектен шықпайтын алымды қарастыру – қойылып отыран басты талап. Сонда ғана тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі қамтамасыз етілмек.

Аталған тақырыптардың ішінде Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде маған етене таныс, ұдайы көтеріп жүрген сала – агросекторды дамыту. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенімен, субсидия қанша өссе де, салада айтарлықтай өзгерістер орын алған жоқ. Бұл мәселе туралы Президент егжей-тегжейлі талдап, проблемаларды атап көрсетті. «Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған.

Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кейбір жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған» деген Мемлекет басшысының сөзі саладағы +біраз қиындықтардың бетін ашты. Айта кетерлігі, шаруагерлер үшін ғана емес, жалпы, халық үшін жер мәселесі әркез өзекті. Жер белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу керек. Бұл ретте үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды.

Таяуда агрокомитеттің кеңейтілген отырысында Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасына қатысты өзгерістер қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев таныстырылым жасаған соң, заң жобасын әлі жетілдіре түсу қажет деген тоқтамға келдік. Рас, ауылды көтеру керек, мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Бірақ, оны жетілдірудің тетіктерін әлі де қарастырған жөн. Мәселен, ауылда азын-аулақ малмен күнелтіп отырған адамдарға «арнайы техника ал» деу ақылға сыймайды. Қазіргі таңда ауыл, аудандарда ірі шаруа қожалықтары жетерлік. Соларды субсидия арқылы ынталандырып, олардың потенциалын пайдалана білгеніміз жөн.

Оған қоса, тиісті министрлік жауапкершілігін күшейтіп, салаға қатысты бар мәселені өз міндетіне алса, ұтарымыз көп. Айрықша айтатын тағы бір маңызды факт – саладағы статистика. Берілетін сандарға күмән көп. Бізге керегі – нақты көрсеткіш. Сонда ғана халық деңгейін анық бағамдай аламыз. Аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруға, саланы дамытуға біз де жұмыстануға мүдделіміз.

Жалпы алғанда, ашық мемлекет, заманауи бәсеке мен жаңа технологияға негізделген экономика, халықтың тұрмысын оңалту бағытындағы межеге жету жолында Үкімет жан-жақты қарастырылған жаңа бағдарламалар жасақтамақ. Біз де өз кезегімізде заңдылық негіздер, мәселелерді толық талдауға қатысты жұмыстануды жалғастыра бермекпіз. Өйткені, ел мүддесі – ортақ парызымыз. Дамудың жаңа векторына бағыт алған тәуелсіз ел біз үшін керек, ұрпағымызға аманаттар басты байлығымыз. Соны ұмытпаған абзал!

Нұрлыбек ОЖАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз