
Тұрақтылыққа бастаған стратегиялық қадам
«Орталық Азия – АҚШ» форматы бүгінде барлық тараптардың жүйелі диалогқа тұрақты мүдделілігін айқындайтын дәстүрлі алаңға айналып келеді. Қазақстан үшін мұндай бастамаларға қатысу – елдің белсенді сыртқы саяси бағытын айқын көрсетіп, халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатын аталған саммит АҚШ-пен экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестиция тартуға, жаңа нарықтарға жол ашуға және елдің тұрақты дамуына әсер ететін технологиялық алмасуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда Астана алғаш рет «ОА-Ресей» және «ОА-Италия» саммиттерін, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Еуропалық Кеңес төрағасымен алғашқы кездесуін өткізді. «ОА+» форматы тұрақты серіктестік үлгісіне айналып, Қазақстан жаңа дипломатиялық архитектураның маңызды орталығына айналып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өңірлік қауымдасу – жай ғана дипломатиялық бастама емес, уақыттың сын-қатерлеріне берілетін өмірлік маңызды жауап. Жаһандық турбуленттілік жағдайында тұтастық, сенім және ашықтық – Орталық Азия елдерінің тұрақтылығын сақтап, әлемдік жүйеде лайықты орын алуына мүмкіндік береді.
Қазақстан осы құндылықтарды «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы арқылы алға жылжытып отыр. Бұл құжат өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған стратегиялық бағдарды айқындайды.
Сондай-ақ Президенттің АҚШ-та оқып жүрген жастармен кездесуі – білім мен ғылым саласында жүрген жас қазақстандықтар үшін ерекше оң сигнал. Бұл кездесу шетелде білім алып, тәжірибе жинап жүрген жастарды отансүйгіштікке, елге қызмет етуге және азаматтық жауапкершілікке үндейді. Шетелде оқыған жастардың елге оралып, өз саласында еңбек етуі – Қазақстанның одан әрі дамуына серпін береді.
Жандар АСАН,
саясаттанушы, арнайы «Атырау» газеті үшін


