ТҰТАС ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ МЫҚТЫ

Еліміздің болашағын 2050 жылға дейін өркендетудің жан-жақты  жолдарын  қамтыған  бағдарлама  жеті  бағыттан тұрады. Олар: экономикалық саясат, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік қамтамасыз ету, білімді тереңдетіп, мемлекеттілік пен демократияны дамыту және сыртқы саясат пен қауіпсіздікті нығайтып, елдегі патриотизмді күшейту. Елбасы ұсынған елімізді өркендетудің жеті бағыты да маңызды. 

 Елбасының биылғы халыққа Жолдауы экономикалық бағыттың тағы да алынбаған белестері мен өсуін айқындап, ұлттық экономикаға немқұрайлы емес жандарды ширақ, әрі батыл қадамдар жасауға шақырды. Соның ішінде, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салаларына ерекше көңіл бөлу қажет. Елбасы бұл Жолдауында мемлекетте білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтарға ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруді міндеттеп отыр. Әрине, біздің еліміз үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта шарықтап, тез дамып келе жатқан елдердің қатарында. Сол себепті жаңа өзгерістерге әр уақытта да қазақстандық азаматтардың дайын  болулары  керектігін    Елбасымыз ашық айтты. 

Басты  бағыт –  қуатты  Қазақстан

Экономиканы көтере отырып, әлеуметтік жағдайды жаңғырту мәселесінде негізгі бағыттардың бірі – қуатты Қазақстан. Халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайының жақсаруы  экономиканың дамуына тікелей байланысты. Қазіргі нарық жағдайында экономиканың өзгеріп отыруы, заман ағымынан қалмай жұмыс жасау, қаржы әлеуетін икемді пайдалану – тек қана еліміздің ішінде емес, әлемдік деңгейде  толғандырып отырған мәселе. 

Жолдауда Елбасымыз экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің үш пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. «Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын екі есе азайту маңызды. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін бес есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керектігін баса көрсетті. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру  жөніндегі  заңнаманы  жетілдірген жөн. Президент Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет» деп баса айтты.

Экономиканы жаңғырту   ілгері бастайды

Елбасымыз қалыптасқан жағдайға қай жағынан да сын көзімен үңіліп, байыпты талдап, бүгінгі  таңда қай шамада жүргенімізді өте дәл көрсетіп берді. Демократиялық нысандарымыз жетілдірілу үстінде. Тәуелсіздігімізді бүкіл дүние жүзі түгел мойындады. Әркім өз пікірін айтып, уәжге тоқтап, көп ұсыныстың ішінен тиімдісін бірлесіп таңдап алып, ықтимал шешім қабылдауға ыңғайлы бәсекелік демократиясын отандық парламентшілдіктің түпқазық қағидасына айналдырдық. Бірақ, саяси жаңару басты мұрат бола алмайды. Жүргізіліп жатқан кешенді өзгерістер экономиканы түбегейлі жаңғыртқан күнде ғана өзін-өзі ақтаған іс боп шықпақшы. Онсыз әл-ауқатымызды арттырып, көсегемізді көгертіп, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайта алмаймыз. 

Беделді сарапшылардың пайымдауынша, макроэкономикалық өзгерістер бойынша ТМД елдерінің арасында алдыңғы шептеміз. Бірақ, микроэкономикалық жандану жағынан ауыз толтыра алмаймыз. Батыс Еуропаның ең жүрек жұтқан өкілдерінен жинақталған Солтүстік Америка бұған жарты ғасырдан астам уақыт жіберді. Германия мен Жапония да сырттан көмек пен қолдау көріп отырып, отыз жыл уақытын осыған сарп етті. Күнгей Шығыс Азия жолбарыстарына да осынша мерзім керек болды. Олардың ешқайсысы да нарыққа бейімділігін тап біздей жоғалта қоймаған елдер еді. 

Біз  50-ші орындамыз

Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сонымен қатар, біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз. Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады. Ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді. Ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады. Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. Біздегі орташа айлық жалақы бес жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі төрт есеге көбейді.

Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында шағын қалаларды дамыту жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берді. Үш жылдық бюджет Мәжілістің қарауына келген кезде біздер осы шағын қалаларды дамыту мәселесіне көбірек көңіл бөлдік. Неге десеңіз, бұл қалалардың барлығы өңірлерде орналасқан, ал, өңір дегеніміз – еліміздің тірегі мен болашағы. Сол себепті бұл қалалар әлбетте экономика дамуының екпінді бір жолының жанартылған бағыты деп есептеу керек. Өңірлердің дамуы туралы, экономиканы әр тараптандыруға келген кезде бәрі де жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне келіп тіреледі. Себебі, экономиканың дамуына байланысты басқару жүйесі де өзгеріп отырады. Ол түпкілікті бір орында қатып қалмайды. Неге десеңіз, қазір нарық кезеңі әр жағдайда өзгеріп, құбылып отыруы заңды. Ол үшін басқару жүйесі де икемді болып отыруы керек. 

Байлықты  тиімді пайдалануымыз қажет

Атырау облысы мұнай және газдың орасан ірі қорларына ие, облыстың геоэкономикалық әлеуетін тиімді пайдалану тек Каспий маңы өңірі тұрғындарының ғана емес, жалпы Қазақстанның тұтастай өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, облыс түрлі пайдалы қазбалар қорына бай: кірпіш өндірісіне арналған саз (қор 52,7 млн. тонна деп бағаланды), калий тұзы (697 млн. тонна), құрылыс құмы (41,2 млн. текше  м), гипс (21,0 млрд. тонна), ас тұзы (687,0 млн. тонна), құм түйірлі-малтатас қоспа (12,0 млн. текше м), әктас (1,9 млн. текше  м), бор (95,2 млн. тонна), бешофит (50,0 мың тонна), натрий, кальций хлориді, магний хлориді, магний сульфаты диоксидымен байытылған минералдық су көзі, олардың қоры 898 млн.текше метрді құрайды. 

Атырау облысында мұнай өндіру кәсіпшілігін пайдалану барысында атмосфераға қатты бөлшектер, күкіртті ангидрид, көміртек тотығы, азот тотығы және көмірсутегі оксидтері бөлінеді. Көмірсутекті шикізатты өндіру мен қайта өңдеуді қарқынды арттыру жағдайында  қоршаған ортаға теріс әсерін тигізуде. Облыстың негізгі шешілмеген мәселелері: атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы, өндіріс және тұтыну қалдықтарының жиналуы, биологиялық әртүрлілікті сақтау болып қалуда. 

Қазіргі уақытқа дейін сыртқы су ресурстарының көлемі мен сапасына облыстың тәуелділігі сақталады. Соңғы жылдары Ресей Федерациясының аумағынан келетін суды пайдалану мәселесі шиеленісуде. Қазіргі таңда Каспий теңізінің қазақстандық секторында көмірсутекті шикізаттардың кең көлемде игерілуіне байланысты теңіздің флорасы мен фаунасына және экожүйесіне нақты қауіп төніп тұр. Сонымен қатар, су басып кеткен апатты жағдайда тұрған мұнай ұңғымаларынан мұнайдың ағу қаупі болғандықтан, жағдай бұдан әрі қиындауда. Бүгінгі таңда осындай ұңғымалардың саны өңірде мыңнан астам және олар теңіздің ластануының күрделі себептерінің бірі болып табылады.

Атырау облысының экономикасы қалыптасқан жағдайларға байланысты анық шикізаттық бағытқа ие. Мұнай-газ өндіру саласы өнеркәсіптік өндіріс құрылымында үстемдік етуші жағдайда және шамамен 91%-ды құрайды. Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясының және кейіннен Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қабылдануына байланысты, өңірдің экономикасында тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібі салаларында сәйкессіздігінің болмашы төмендеуіне беталысы анықталды. Облыстың өнеркәсіптік саясатын жеті аудан және екі қала (бір облыстық маңызы бар, бір аудандық маңызы бар), үлесіне өндірілетін өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінен 98% келетін, яғни шешуші өндірістік қуаттар орналасқан, 14 ірі және 34 орта өнеркәсіптік кәсіпорындар қалыптастырады. Республикалық тауарлық өндірісте облыстың меншікті салмағы 24,3%-ды құрайды.

Сондай-ақ, Елбасымыз экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол беруге болмайды. Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиістігін атап өтті.

Елбасы Жолдауда ерекше атап өткен және көпшілікке зор әсер қалдырған ой – Мәңгілік Ел идеясы. Шындығында, осы уақытқа дейін «мемлекетіміздің алға қойған басты  идеясы  қандай,  ол  нендей мақсатты көздейді?» деген сұрақтар жиі қойылып жүрген  еді.  Бұған  Елбасы  өте анық,  әрі  түсінікті  етіп  жауап берді. «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты  ұйыстырып,  ұлы  мақсатқа  жетелейтін  идея  бар. Ол – Мәңгілік  Ел  идеясы»  деді  Елбасы. Бұл сөзге біздің қосып, аларымыз жоқ.

Жамиға ТАҢАТАРОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз