ШАҺАРДАҒЫ СЫНДАРЛЫ ШАҚ

Атырау қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есебін талқылау осыны аңғартты

Атырау – бүгінде қарыштап дамып келе жатқан мұнай-газ, химия, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешендерінің орталығы. Мұнда атқарылып жатқан ауқымды істер мен алдағы биік белестер, сондай-ақ, күрмеулі қиын сәттер кеше қала әкімінің есеп беру жиналысында талқыланды. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың «Атырау қаласының 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2015 жылға арналған міндеттері туралы» есебі тыңдалды.

Алқалы жиынға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, сөз сөйледі. Халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, Елбасы Жолдауының маңыздылығына және онда көтерілген мәселелердің уақытылы орындалуы қажеттігіне тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

Жасалған істің бағасын беріп, олқы кеткен тұстарын түзейтін де, сынайтын да – халық. Сол халық пен билік арасында ажырамас байланыс орнатуды көздеген бұл жиында алға қойған міндеттер де сараланды.

Қала әкімінің есепті баяндамасынан кейін  жарыссөз басталды. Алғашқылардың бірі болып мінбеге көтерілген қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов «Нұр Отан» партиясының халықпен бірлесіп атқарған жұмыстарына тоқтала келіп, Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының ең үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық конкурсында 2014 жылдың қорытындысы бойынша Атырау қалалық филиалының бірінші орынды жеңіп алғандығын жеткізді.

Одан кейін сөз алған еңбек ардагерлері Омарғали Түсіпқалиев, Любовь Монастырская, Қали Әубекеровтер мектеп салу, майдангерлерге көрсетіліп жатқан құрмет, қаладағы автокөліктердің кептелісін азайту, халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында аспалы көпірлер салу туралы ойларын ортаға салды. Ал, Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі директорының орынбасары Аққу Орынбасарова ұлттық экономикалық мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысты өтейтін колледждер арасында жекеменшік оқу орындарының да маңызы зор екендігін айтса, «Эргономика» ЖШС-нің директоры Сергей Полищук өткен жылғы «Су арнасы» мемлекеттік мекемесіндегі атқарылған жұмыстарының сапалылығы мен қолжетімділігін, биылғы жылы іске қосылғалы отырған №5 сүзгілер станциясын іске қосқан жағдайда ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға толық мүмкіндік болатындығын қаперледі.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінің 3-курс студенті Айгерім Сәулен жастар атынан сөйлеп, Елбасы Жолдауының жастар арасында қызу талқыға түсіп, бірауыздан қолдау тапқанын және жетім, жартылай жетім, жағдайы төмен отбасылардың балаларына оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылса деген тілегін білдірді. Дамбы селосындағы мәдениет үйінің қызметкері Ерлан Хамзаев жаңа мәдениет орнының аса керектігін құлаққағыс жасаса, №17 мектептің мұғалімі Елена Шварц мұғалімдер статусын көтеру, мұғалімдердің ұзақ жылғы іс-тәжірибелерін насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру туралы пікірін білдірді.

Бұдан кейін сөз облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке  берілді.

Аймақ басшысы Президенттің тікелей бастамасымен жүргізілген әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың нәтижесінде Қазақстан барлық салада үлкен жетістіктерге жетіп, халықтың әл-ауқаты артып келе жатқандығына, оған Атырау өңірінің де қосқан сүбелі үлесі мол екендігіне тоқталды. «Келесі сәрсенбіде Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жылдың қорытындылары, қазіргі геосаяси қиыншылықтар және мұнай бағасының күрт төмендеп кетуін талқылаған Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысы болады. Біз бұл жиынға өткенді саралап, болашаққа нақты бағдар түзген күйде қатысамыз. Өйткені, 2014 жылды біз ойдағыдай аяқтадық. Президент тапсырмаларын, халық алдында берген уәдемізді, жоспарлаған істерімізді орындадық. Өткен жылы Елбасы Атырау қаласында екі мәрте болды. Ісімізге жоғары бағасын берді. Облыста өткен Ресей мен Қазақстанның аймақаралық ХІ форумы үлкен саяси шара болды. Аса маңызды құжаттарға қол қойылып, ел мен елдің арасындағы байланыстың одан әрі нығая беруіне жол ашылды», – деді аймақ басшысы.

Бұдан әрі облыс әкімі шешімін күткен өзекті мәселелер мен жіберілген кемшіліктерге тоқталды. Былтырғы жылы екі мектеп, үш балабақша салынғандығын, биыл тағы да үш балабақша құрылысы басталатындығын және төрт елді мекенде мәдениет үйінің іргесі қаланатындығын жеткізген облыс әкімі бұдан әрі кемшін тұстарды атап өтті. «Нұрсая ықшамауданына тартылуға тиіс инженерлік инфрақұрылымның құжаттарын уақытында дайындамауы салдарынан жыл соңында аяқталған үйлер әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр. Бұл жылдар бойы зарыға баспана күтіп жүрген отбасылар үшін қиянат деп есептеймін. Жұмысты кешіктірген жауаптылар анықталып, тиісті шара қолдануымыз қажет. Сондай-ақ, мердігер мекемелердің жауапкершілігі де қаралуы керек. Мәселен, Ақжайық селосындағы апатты Отаралиев мектебінің құжаттамасы былтыр мамыр айында аяқталуы тиіс еді. «AEG» ЖШС әлі жасақтаған жоқ. Нұрсая ықшамауданындағы спорт кешенінің құрылысы да «Дания Атырау» мекемесінің жауапсыздығынан әлі пайдалануға берілмей отыр. Әлеуметтік сала нысандарын кешіктірген компанияларға кешірім болмайды. Себебі, бұл ғимараттарды халық күтіп отыр», – деп олардың ұдайы бақылауда болатындығын және шешімін күткен көптеген мәселелердің сұрауы қатты болатынын атап айтты және нақты тапсырмаларын берді.

 

Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз