«СЕНІҢ ДАУЫСЫҢ – СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ»

атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы басталды

Cейсенбі күні елімізде жалпыреспубликалық «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты постерлер байқауы бастау алды. Шараны «Қаламгер азамат» жас журналистер қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Бұл байқауға  жіберілген жұмыстарды интернетті пайдаланушылар бағалайтын болады. Осы шараға байланысты ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы қаласындағы филиалында баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында «Казконтент» АҚ медиа жобалар бойынша директоры Диас Есдәулетов байқаудың шарттарын жан-жақты түсіндіріп, бұқаралық ақпарат құралдарының берген сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, байқауға қатысуға ниет білдіргендер өтінім мен дайындаған материалын онлайн жүйесі арқылы жолдай алады. «Жария етілген постерді интернетті пайдаланушылар да онлайн жүйесінде бағалап, дауыс беретін болады. Әлеуметтік желілерде медиа байқау #sailau2015 хэштегі арқылы таратылады», – деді ол.

Дауыс беру ашық түрде болады. Интернетті пайдаланушылардың ең көп дауысына ие болған жұмыстарды қазылар алқасы іріктеп алады. Кейін солардың ішінен жеңімпаздар анықталады. Қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан интернет-бизнесі және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкиннің сөзіне сүйенсек, осы байқаудың басты мақсаты – жұртшылыққа бұл сайлаудың өте маңызды шара екендігін түсіндіру.

Байқауға ұсынылатын постерлер шарт бойынша JPEG, PNG, PDF, BMP форматында болуы тиіс және бес мегабайттан аспауы керек.

Баспасөз мәслихатына телекөпір арқылы байланысқан Атырау қаласының белсенді жастары қолға алынған бұл шараға қолдау білдіретіндерін мәлімдеді.

«Zhasatyrau.kz» әлеуметтік жастар порталының әкімгері Дина Ізтілеуова осы байқау басталатыны жөнінде аталмыш порталда ақпараттар жарияланғаннан бастап атыраулық жастардың қызығушылығы бірден оянғандығын айтты.

– Тәуелсіз Қазақстанның жастары — білімді, сауатты және олардың бойында Отанға деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілік бар, патриоттық рухы биік. Менің көптеген достарым шетелдерде білім алып жүрсе де, қазақстандық екендіктерін мақтанышпен айтып жүреді. Олар бізден «Сайлауға қатысасыңдар ма?» деп сұрайды. Әрине. Бұл – еліміз үшін тарихи оқиға. Және әр дауыс үлкен мағынаға ие. Әр таңдаудан мемлекеттің болашағы айқындалатынын әр жас азамат сезінуі тиіс. Сондықтан, жастарды сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын, – деді ол. 

Алматыда өткен брифингке Атыраумен қоса, Қарағанды, Шымкент және Ақтау қалаларының жастары да тікелей байланыс арқылы қосылып, байқауға кез келген адамның онлайн жүйесі арқылы қатыса алу мүмкіндігін өте ұтымды бастама деп бағалады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз