Сенат төрағасы жас сарапшылармен, зиялы қауыммен «Жаңа Қазақстан» бағдарын талқылады

220527190539849e Саясат

Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әділетті, әлеуметтік мемлекет ретінде нығайтуға арналған жұмыстар Конституцияға өзгерістер енгізумен шектелмейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформа әр қазақстандықтың өміріне қалай әсер ететініне тоқталды. Сенат спикерінің айтуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер, ең алдымен, адам құқықтарын қорғаудың барынша тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді. Еліміздің әр азаматы жүгіне алатын Конституциялық сот құру, өлім жазасының күшін жою және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру сияқты нақты шаралар осы бағыттағы маңызды қадамдар екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев енгізілетін өзгерістер Парламенттің саяси жүйедегі рөлін және оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыратынын да атап өтті. «Парламент сайлауында аралас мажоритарлық-пропорционалды жүйе енгізіледі. Мәжіліс құрамының 30 пайызы кейін бір мандатты округтер бойынша сайлана алады. Бұл депутаттардың өз сайлаушылары алдындағы жеке жауапкершілігін арттырады. Сайлаушылар үшін сайлау алдындағы уәделерін орындамаған депутатты кері қайтарып алу мүмкіндігі туады. Сенат нағыз өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палатаға айналуға тиіс. Қолға алынған өзгерістерге байланысты Сенаттың өкілеттігі кеңейтіледі. Палата ел Президентінің Конституциялық соттың және Жоғары Сот кеңесінің төрағаларын тағайындауына келісім береді», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде өңірлердің дербестігі де арта түсетіні айтылды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау рәсімі өзгереді. Енді ел Президенті әкім лауазымына тағайындау үшін кемінде екі кандидатура ұсынады. Олар үшін сол өңірдегі мәслихаттардың депутаттары дауыс береді. Осылайша, әкімдердің жанама сайлауы енгізілмек. Сенат төрағасы осы және басқа да нақты бастамалар жергілікті биліктің дербестігін арттыруға және өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беруге ықпал ететінін айтты. М.Әшімбаев Ата заңға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер саяси бәсекелестікті күшейтуге және билік монополиясын жоюға арналғанын да тілге тиек етті. Мысалы, Мемлекет басшысы өз өкілеттігін атқару кезінде саяси партиядан шығуға міндетті болады. Осылайша, ел Президентінің барлық саяси партияларға қатысы теңеседі. Бұл норма Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары мен мүшелеріне, сондай-ақ, бүкіл сот жүйесіне қатысты қолданылады. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуіне заңмен тыйым салынады. «Осындай кешенді түзетулер теңгерімді, ашық және бәсекеге қабілетті саяси жүйе қалыптастыруға жол ашады. Бұл конституциялық өзгерістер реформа жасау керек болғасын ғана жүргізіліп жатқан реформа емес. Шын мәнінде, бүгінгі конституциялық өзгерістер жаңа Қазақстанды құқықтық, демократиялық, әділетті мемлекет ретінде құруға бағытталған. Сондай-ақ бұл реформа заң үстемдігі салтанат құрған және адам құқықтары мүлтіксіз қорғалатын мемлекет қалыптастыруды көздейді. Сонда ғана тәуелсіз Қазақстанның қарқынды және тұрақты дамуы қамтамасыз етілетіні сөзсіз», – деді Сенат спикері. Сондықтан палата басшысы еліміздің әр азаматының 5 маусым күні референдумге қатысып, жаңа Қазақстан үшін дауыс беруі аса маңызды екеніне назар аударды. Сенат спикері Алматыда өткен палата жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңының екінші отырысына қатысты. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуде де конституциялық өзгерістер мен олардың ел дамуына әсері сөз болды. «Бұл өзгерістердің бәрі Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әділетті, әлеуметтік мемлекет ретінде нығайтуға арналған. Осы бағыттағы жұмыстар Конституцияға өзгерістер енгізумен шектелмейді. Саяси жүйемізді реформалау кезең кезеңімен жалғаса береді. Соның аясында жыл соңына дейін біраз заңдар қабылданады. Осындай маңызды өзгерістерден зиялы қауым өкілдері де қалыс қалмағаны жөн», – деді ол. Сонымен қатар Сенат спикері Асанәлі Әшімовтің 85 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Аңыз Асанәлі» атты салтанатты іс-шараға қатысып, ҚР Президентінің өнер иесінің атына жолдаған құттықтауын оқып берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз