САЯСИ ДОДАҒА – ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДЫҚПЕН!

Алда – сайлау. Бұл саяси науқаннан Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы да тыс қалмайды. «Біз  сайлауалды тұжырымдамамызды жасақтап, бәсекеде өз орнымызды сақтап қалу үшін күресеміз» дейді аталмыш партияның облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов.

Саяси ұйым жұмысшы тобын құрды, партия саясатын жұртшылыққа жеткізу шараларын қолға алды. Сонымен қатар, Сарайшық тағдыры туралы Үкіметке сауал жолданып, ол да оң шешілуде. Бұл туралы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында айтылды.  

Партия белсенділері қайырымдылық көмектерін көрсетумен де айналысады. Депутаттардың қоғамдық қабылдаулары мен кездесулері де тұрақты өтіп тұрады.

– «Ақ жол» партиясы орталық аппаратының жылды қорытындылау шарасында біздің облыстық филиал «Ұлттық патриот» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Жұмысымызда жетілдіретін тұстар да бар. Партия қатарына мүше қабылдау бәсең, – деген филиал төрағасы Ермекқали Төлепқалиұлы бұл олқылықтарды жоюға күш салатындарын да жеткізді.  

Жиын барысында облыстық филиалдың саяси кеңес құрамына толықтырулар енгізілді, тексеру комиссиясының құрамы мен партияның ХІІІ съезіне делегаттар сайланды. Ал, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағалығына Ермекқали Юсуповтың кандидатурасы ұсынылып, қолдау тапты. Сонымен қатар, партияның бір топ мүшесіне Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді. Партия мүшелігіне енген азаматтарға билеттер табысталды.

 

Алға  қойған  төрт  мақсат:

· Мемлекеттік, ұлттық мүддені қорғау;

·   Шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамыту мен қорғау;

·  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес;

·  Елдегі демократиялық процестерді тереңдету және өрістету.

 

  • Сіз не дейсіз?

Талғат  МҰҚАТАНОВ, облыстық  саяси  кеңес  мүшесі:

Халықтың  сенімі  жоғары

– Аз қамтылған отбасыларына материалдық көмектер көрсетіліп қана қоймай, сұрақ-сауалдарын шешуде де біраз істер тындырылды. Мәслихат жұмысына белсенді араласатын да – «ақжолдық» депутаттар. Өзім сайланған №6 округтің тұрғындары да біздің партияның мүшелігіне өтуге өтініш білдіруде.  Бұл – партияға деген елдің сенімі. 

 

Бүркіт БАЗАРБАЕВ, облыстық саяси кеңес мүшесі:

АлдыҢҒЫ  кезекте – ел  мүддесі

– Мүмкін, әлі де белсенді болуымыз керек шығар. Елдің мүддесін көздейтін, халықтың жағдайын жақсартатын идеялар тастауымыз қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарының қуатын пайдалану арқылы халықпен байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар керек.

 

Әбілхан  ТӨЛЕУІШЕВ,«Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының саяси жетекшісі:

«Ақжолдықтар» – экономика  үшін

– Партияның сайлауалды тұжырымдамасына сай, есепті кезеңде біраз жұмыстар атқарды. Сонымен қатар, «Алашордашылар» қозғалысының бүгінгі ізбасары деп өзін-өзі жариялап, сол рухта жұмыс істеп келе жатыр.

Бұл – кәсіпкерлер партиясы, сондықтан еліміздің экономикасын көтеруде «ақжолдықтар» қосқан үлес мол. Сол позицияда әлі де жұмыстарды жалғастыра береміз. Ең бастысы, алдағы саяси науқанда орнымызды сақтауға күресуіміз қажет.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз