
Саяси реформалардың жаңа кезеңі
Президент Жолдауында ең көп назар аудартқан бастамалардың бірі — бір палаталы парламентке көшіру ұсынысы болды. Бұл ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырып, саяси жүйені жаңғыртудың келесі кезеңіне қадам басатынымызды көрсетті.
Парламенттік құрылымды өзгерту кез келген ел үшін оңай шешім емес. Алайда қазіргі жағдайда мұндай қадам Қазақстанның демократиялық даму жолына сәйкес келеді. Ең алдымен, бұл бастама заң шығару процесін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі қос палаталы жүйеде заң жобасы Мәжілісте қаралған соң Сенатқа өтеді, кейін Сенаттың ұсыныс-пікірлері қайта Мәжіліске түсіп, белгілі бір бюрократиялық кедергілер туындайды. Ал бір палаталы құрылым бұл үдерісті ықшамдап, заң қабылдау уақытын қысқартады, шешімдердің жедел қабылдануына жол ашады.
Сонымен қатар, бір палаталы парламент бюджеттік үнемдеуге де ықпал етеді. Қос палатаның жұмысын қамтамасыз ету, аппарат ұстау, инфрақұрылымдық шығындар мұның бәріне мемлекеттік бюджеттен едәуір қаражат қажет. Егер ұсыныс іске асса, бұл қаражатты білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау сынды маңызды салаларға бағыттауға мүмкіндік туады.
Тағы бір маңызды аспект — халық пен билік арасындағы байланысты күшейту. Бір палаталы парламентте өкілділік сипаты нақты әрі ашық болады. Депутаттар ел ішінде тікелей сайлау арқылы сайланып, халық алдында жауапкершілігі арта түседі. Бұл өз кезегінде азаматтардың саяси үдерістерге белсенді араласуына жол ашады, демократиялық мәдениетті нығайтады. Қазіргі кезде азаматтардың көпшілігі заң қабылдау барысында өз пікірлерінің ескерілмейтініне алаңдаулы. Ал бір палаталы құрылым мұндай олқылықтарды жоюға ықпал етеді, себебі заң шығарушы органның құрамы мен шешімдері бұрынғыдан да айқын әрі халыққа жақын болмақ.
Әрине, мұндай жүйеге көшу белгілі бір тәуекелдермен қатар жүреді. Ең алдымен, Сенаттың бұрын атқарып келген сарапшылық және аймақтық мүддені қорғау функциялары енді басқа механизмдер арқылы жүзеге асуы тиіс. Яғни заң жобаларының сапасына әсер ететін қосымша сараптамалық институттар, қоғамдық тыңдаулар жүйесі дамытылуы қажет. Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістер мен сайлау заңнамасына тиісті түзетулер енгізу — бұл бастаманы жүзеге асырудың негізгі алғышарты.
Президенттің бұл бастаманы референдум арқылы қабылдауға ұсынуы — өте орынды. Себебі бұл реформаның тағдырын тек парламент немесе саяси элита емес, тікелей халық шешуге тиіс. Бұл — демократиялық қағидаттарға сай, әрі қоғамдық сенімді арттыратын маңызды қадам.
Жалпы алғанда, бір палаталы парламентке көшу — саяси жүйемізді жеңілдету, шешім қабылдауды жеделдету, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жолындағы келесі логикалық қадам. Депутат ретінде бұл ұсынысты қолдай отырып, оны іске асыру барысында әрбір қазақстандықтың мүддесі ескерілуі керек деп санаймын. Жүйені өзгерту — мақсат емес, басты мақсат — халыққа тиімді, әділетті, ашық басқару құрылымын қалыптастыру. Сол жолда бізге ең керегі — ашық диалог, тыңғылықты дайындық және елмен етене жұмыс.
Қадырбек МАҒЗОМОВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты

