Құрылыс – сапалы, еңбекақы – жоғары

ryilyis Саясат

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында біздің құрылыс компаниясы  ұжымы бірқатар міндеттерді айқындап, межелі жұмыстарды бастап кетті.

Құрылыс

Әлеуметтік және тұрғын үй құрылыс нысандарын салумен айналысатын «БатысАльянсСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңірдің құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар іргелі құрылыс ұйымы. Облыста бой көтерген көптеген ғимараттар мен тұрғын үйлердің кешенді құрылыстарында біздің құрыш қолды жандардың қолтаңбасы бар екендігін ерекше мақтаныш сезіммен айтуға болады.

Құрылыс мекемесінде ең бастысы – қалыпты жұмыс жасауға қажетті материалдармен үзіліссіз қамтудағы өндіріс көлемін дамыту және сапалы өнім шығару. Осы мақсатпен осыдан бес жыл бұрын негізі қаланған «Үй құрылысы комбинаты» аталатын өндірістік цехтың маман жұмысшылары құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Құрылысқа қажетті темір-бетон өнімдерін шығару қосымша жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, жұмыспен қамту мәселесіне оңды ықпалын тигізуде. Өндіріс көлемі де жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Бұған құрылысқа қажетті темір-бетон өнімдерінің он бестен астам түрлері дайындалатыны дәлел болса керек.

Мемлекет басшысының аталған Жолдауын жүзеге асыру аясында қазан айының 1-нен бастап төменгі жалақы алатын жұмысшы санатындағы қызметкерлердің айлық еңбекақысы 15% бен 30% аралығында өсірілді. Бұл  жұмысшылардың табыс мөлшерін ұлғайту арқылы олардың тұрақты еңбек етуіне және өндіріс көлемінің артуына әсер етті. Қазір құрылыс мекемесінде жүзге жуық мамандандырылған жұмысшы еңбек етіп, өз отбасыларын асырап отыр. Оларға әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған.

Дайындалатын өнімдер кәсіпорынмен салынып жатқан құрылыс нысандарына кеңінен пайдаланумен қатар, жеке және заңды тұлғалардың сұранысына да ие болды. Сондай-ақ, бұл жеке құрылыс салу ісімен айналысатындардың, мекемелер мен кәсіпорындардың да қызығушылығын тудыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін тұтынушыларға қосымша қызмет түрлерін ұсыну арқылы табыс көздерін ұлғайту көзделіп отыр. Айта кету керек, 2016 жылмен салыстырғанда биылғы жылдың 10 айында серіктестің жалпы табыс мөлшері 87%-ға өсті. Бұл үрдіс алдағы жылда да жалғасады деген болжамымыз бар. Оған дәлел, қазірдің өзінде алдағы жылға қомақты мөлшердегі келісім-шарттар жасақталды.

Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жоспарлы түрде жүзеге асыруға еселі еңбекті ұтымды ұйымдастыру арқылы қол жеткізілетіні айқын. Табыс көзінің көбеюі пайда табудың негізі деп білсек, нәтижелі жұмыс қызметкерлердің табысын молайтып, тұрмыс деңгейі мен құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, ұжым жұмысшы-қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту арқылы олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды басты міндетіміз деп білеміз.

 

Әділ ЖҰБАНОВ,

«БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз