
Қазіргі модель өзін толықтай ақтап болған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың пікірінше, екі палаталы модель өзін ақтап болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің 8-нде «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына байланысты депутат осындай пікір білдірді.
Мәжіліс депутатының айтуынша, екі палаталы құрылымға бастапқыда қолдау көрсетілгенімен, бүгінде ол тиімділігін жиі жоғалтып, функциялардың қайталануына және артық шығындарға әкеліп отыр. Екі палатаны ұстап тұру – депутаттар мен аппарат қызметкерлерінің жалақысы, әкімшілік шығындар, заң шығару рәсімдерін сүйемелдеу. Мұның бәрі мемлекеттік бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Алайда, мұндай шығындар заң шығару ісінің сапасы мен жеделділігіне кері әсер ететіні де жасырын емес.
– Заң жобаларын әзірлеу мен талқылаудың негізгі жұмысы Мәжілісте жүреді. Ал Сенат екінші мәрте қарау міндетін атқарып, көбінесе тек техникалық түзетулермен шектеледі. Олардың Заңның мазмұнына айтарлықтай әсері жоқ. Соның салдарынан шешім қабылдау процесі созылып кетеді. Ал бұл не сапалық жағынан да, не тиімділік тұрғысынан да өзін-өзі ақтамайды деп есептеймін. Бір палаталы Парламентке көшу ұзын-шұбақ қайталанатын буындарды жойып, заң шығару процесін жеделдетеді. Қазіргі заманғы сын-қатер жағдайында мемлекетке шешім қабылдауда икемділік, жылдамдық және ашықтық қажет, ал күрделі екі деңгейлі жүйе оны қамтамасыз ете алмай отыр, — дейді Әділ Жұбанов.
Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да «күшті Президент–ықпалды Парламент–есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес саяси жаңғырту жүріп жатқанын атап өткен. Бір палаталы Парламентке көшу ұсынысы оның ықпалды институт ретіндегі ролін арттыру міндетімен тікелей байланысты.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қарастыруды ұсынды. Мұнда тек қана бюджет үнемдеу жайлы сөз болып отырған жоқ. Бір палаталы жүйе – саяси жаңғыру, есептілікті күшейту және демократиялық институттарды нығайтуға жасалатын қадам. Реформа Парламенттің бақылау функцияларын кеңейтумен қатар жүруі мүмкін, соның ішінде бюджет қаражатын жұмсау мен маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындау рәсімдерін қатаң қадағалау. Қазақстанға ықшам, кәсіби әрі шын мәнінде тиімді Парламент құратын уақыт келді, — дейді депутат.
Әділ Орынбасарұлының пікірінше, мұндай реформаны іске асыру үшін республика Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңдары мен Парламент регламентіне өзгерістер енгізу қажет. Бұл үдеріс қоғамдық талқылаумен, сарапшылар бағасымен және мемлекеттік қаржы үнемдеу талдауымен қатар жүруі тиіс.
Сонымен қатар, депутат бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша жасақтау мәселесіне де қатысты өз көзқарасын білдірді.
– Бүгінде Мәжілісте бір мандатты округтерден сайланған әріптестерім бар. Олар – нағыз кәсіби, білімді әрі патриот азаматтар. Сондықтан болашақта да бір мандатты округтер арқылы депутат сайлау мүмкіндігін сақтау қажет деп санаймын. Бұл жағдайда жаңа Парламент жоғары білікті мамандар мен елге адал қызмет ететін азаматтардан құралады. Қайталап айтайын, қазіргі екі палаталы модель өзін ақтап болғанын мойындауымыз керек. Сенат пен Мәжілісті бір палатаға біріктіру – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың заң шығарушы билікке сенімін қалпына келтіруге бағытталған стратегиялық шешім. Әрекет ететін уақыт келді, — деп түйіндеді Мәжіліс депутаты Ә.Жұбанов.
Қаршыға КӨШЕКОВ

