«Президенттің 7 жыл мерзімге сайлануын халық таңдады»

ngegenge Саясат

Президенттің 7 жыл мерзімге сайлануын халық таңдады. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден: «Президенттің 7 жыл мерзімге сайлануын халық таңдады деп айта аласыз ба?» деп сұраған еді.

«Айта аламын. Өйткені, шешімді депутаттар қабылдады. Ал Қазақстан халқы билікті депутаттар арқылы жүзеге асырады», – деп жауап берді Қанат Мусин.

Сонымен қатар ол бұл өзгерістер жазда өткен жалпыхалықтық референдум барысында қаралмағанын түсіндірді.

«Конституцияға өзгерістер енгізу екі жолмен, яғни не референдум, не Парламент арқылы жүргізіледі. Екеуі де Конституциялық, екеуі де заңды», – деді министр.

Айта кетейік, бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Оған сәйкес, Президенттің мандаты қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеліп, жеті жыл мерзімге ұзартылады; Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгереді; Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз