
Президенттік жастар кадр резерві: іріктеу кезеңінде жиі қойылатын сұрақтар
– Құжатты қайда қабылдайды?
– Құжат қабылдау автоматтан-дырылған платформада онлайн жүргізіледі. Іріктеуге қатысу үшін Президенттік жастар кадр резервінің pkrezerv.gov.kz сайтында тіркелу және өтінім беру қажет.
– Іріктеу кезеңдерінің басталғаны туралы қалай білуге болады?
– Президенттік жастар кадр резервінің сайтында іріктеу кезеңдерінің мерзімдері туралы ақпарат бар. Тіркелу барысында үміткер көрсеткен ұялы телефон нөміріне немесе электрондық поштаңызға кезеңдердің әрқайсысының өтетін орны мен күні туралы ақпарат алдын ала жіберіледі. Сондай-ақ ақпарат үміткердің жеке кабинетінде жарияланады.
– Іріктеудің нәтижелері туралы қайдан біледі?
– Іріктеу кезеңдерінің нәтижелері туралы ақпарат үміткердің жеке кабинетіне орналастырылады. Іріктеу кезеңінен сәтті өткен жағдайда, үміткер келесі кезеңге шақырылады.
– Интернет пен веб-камераның болуы міндетті ме?
– Иә, бірқатар кезеңдерден өту үшін міндетті түрде интернет жылдамдығы кем дегенде 5 мб/сек болатын тұрақты байланыс, веб-камера, құлаққап пен микрофон болуы тиіс.
– Іріктеудің барлық кезеңдері онлайн түрде өте ме, әлде кейбір кезеңдерде үміткер жеке қатысуы керек пе?
– Құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңдері және құзыреттерді бағалау кезеңінің құзыреттер бойынша сұхбат блогы онлайн режимде өтеді.
– Егер үміткер іріктеу кезеңдеріне қатысуы керек болса, шығындарды кім төлейді?
– Іріктеу кезеңдерінен өтуге байланысты барлық шығындарды үміткер өзі көтереді.
– Іріктеу кезінде үміткерді кімдер бағалайды?
– Мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіби мамандардан, академиялық орта және бизнес қоғамдастық өкілдерінен құралған бағалаушылар пулы бағалайды.
– Президенттік жастар кадр резервіне қабылданғаннан кейін қандай лауазымдарға үміткер бола алады?
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығымен бекітілген Резервті қалыптастыру қағидаларына сәйкес резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, сондай-ақ «А» корпусы мен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
– Президенттік жастар кадр резервінде болу мерзімі қандай?
– Резервке алынған адамдар Ұлттық комиссияның Резервке кандидаттарды қабылдау туралы шешімі шығарылған күннен бастап Президенттік жастар кадр резервінің резервшісі мәртебесіне ие болады, алайда Резерв шеңберінде тағайындау Резервке қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асырылады.
Дайындаған Алмас ҚАБДОЛ



