МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІ

оны  бағалаудың  әдіс-тәсілдерін  жетілдірумен  айқындалады

Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, республикамыздағы орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне қол жеткізу –  бүгінгі уақыт талабы, Мемлекет басшысы жүктеген үлкен міндет. Оны қамтамасыз ету үшін көрсетілетін қызмет деңгейі мен сапасын бағалаудың жаңа тәсілдері мен әдістемелерін жетілдіріп, бұл жүйеге ішінара  өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Жақында облыс әкімдігінде өткен аймақтық семинар да осы тақырыпқа арналды.

Шараны облыс әкімінің орынбасарыСәлімжан Нақпаев кіріспе сөзбен ашып, оның маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталды. Әрбір мемлекеттік құрылымның өзіне тиесілі қызметтік функцияларын қалай, қаншалықты дәрежеде дұрыс атқарып жатқандығын әділ саралап, оң бағалау үшін мұның өзі уақытылы жалғасын тауып отырған басқосу екендігін атап айтты. Осы мақсатта облысымызға, ҚР Президенті Әкімшілігі стратегиялық дайындаулар мен талдаулар Орталығы бағалау секторының меңгерушісі Ербол Сүлейменов бастаған жұмысшы тобы келді.

Алдымен, мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру әдістемелерін аймақтарға енгізу жөнінде жүргізілген жұмыстардың қорытындыларын әрбір бағыт бойынша баяндаған Мемлекет басшысы Әкімшілігі өкілінің айтуынша, соңғы төрт жылда бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылған. Орталықтан бастап әрбір өңірдегі мемлекеттік атқарушы құрылымдардың қызметі белгіленген критерийлерге сәйкес  сараланып, бағаланып отырған. Осы орайда ойластырылған іс-шаралардың қаншалықты деңгейде ұтымды ұйымдастырылып, қызметтің тиімділігін арттырып, әкімдердің рейтингін көтеруге ықпал етіп жатқандығынан хабардар қылып, тағы да қандай жайттарға назар аударып, кеңесіп, пікірлесу үшін де осындай басқосулар  ұйымдастырылады. Білгеніміздей, бұған дейін аймақтық семинарлар Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өткізілген. Әріптесінің айтқандарын БҰҰ-ның Қазақстандағы Өкілдігінің жоба менеджері Гүлнәр Смайылова толықтырды. Жалпы алғанда, қай елде болмасын мемлекеттік органдардың қызметтің тиімділігін, былайынша айтқанда, азаматтарға қолжетімділігін арттырып, туындаған мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал ету мақсатында бағалау жүйесін қолдану және оны белгілі бір кезеңде өзгертіп отыру халықаралық тәжірибеде бар нәрсе екендігін нақтылаған баяндамашы мұның қоғамдағы ішкі саяси және экономикалық тұрақтылықты қалыптастыруға, халықтың биліктегілер мен болашаққа деген сенімін бағамдап, әлемде етек алған қаржы дағдарысына қарсы пәрменді әрекеттерге баруға да өзіндік септігі тиетіндігін меңзеді. Сайып келгенде, осыншалықты ауқымды бағыттарды қамтитын бағалау жұмыстарының түпкі нәтижелері мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын айқындап алуына алғышарттар жасап, болашағымызды болжап, жоспарлауға мүмкіндік беретіндігін баса айтты. Осы тұрғыдан келгенде де Қазақстанның дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің, дәлірек айтқанда, елуліктің қатарынан орын алатындығын да назардан тыс қалдырмады. 

Одан әрі республикалық ведомостволар тарапынан тікелей басшылық жасалатын жекелеген салаларда, өңірлерде мемлекеттік органдардың алға қойылған стратегиялық мақсат-міндеттерді орындау немесе соған қол жеткізу деңгейі бойынша бағалау әдістемелерін жетілдіру жолдары және қорытындылары төңірегінде сөз қозғалды. Бұл тақырыпта  ҚР Ұлттық даму министрлігінің өңіраралық ынтымақтастық, талдау және аймақтарды бағалау департаменті директорының орынбасары Ербол Тасжүреков әңгімеледі. Жоғарыда айтылып кеткендей, Елбасы мен Үкімет белгілеген стратегиялық мақсат-міндеттерді орындау көрсеткіштері жөнінен еліміздің батыс өңірлерінде жүргізілген бағалау жұмыстарының нәтижелері өзге өңірлермен салыстырғанда жоғарылығымен ерекшеленген. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы, инвестициялық жобаларға бөлінген қаражаттың игерілуі, мемлекеттік қызметтің сапасы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына қатысты талаптар мен шарттар жан-жақты ескеріліп, қамтылған.

Бұлардан бөлек, семинар барысында баяндамашылар мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын мақсатты игеру, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету, қызметкерлер құрамын басқару, ақпараттық технологияларды қолдану аясын кеңейтумен байланысты қолданылатын әдістемелерді қайта қарастыру, соның негізінде жергілікті атқарушы құрылымдар қызметінің деңгейін көтеру мәселелеріне де көңіл бөлініп, жеке-жеке талқыланды. Шараға қатысушы салалық министрліктердің жауапты қызметкерлері осылардың әрқайсысының түйінін, мәселенің мән-жайын толыққанды түсіндірді.    

Семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қорытындылап, мұндай пайдалы, берері мол басқосулардың алдағы уақытта жүйелі жалғасын табатындығына сендірді. Соңы өзара пікіралмасулар мен сұрақ-жауаптарға ұласты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз