МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ НЕМЕН ӨЛШЕНЕДІ?

«А» корпусы кадр резервіне конкурстық іріктеу жүйесі, «Б» корпусы лауазымдарына өту үшін конкурс тәртібіндегі өзгерістер, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту, персоналды басқару қызметін құру тетіктері, мемлекеттік басқарудағы шетелдік тәжірибе... – Ақтөбе қаласында аймақ журналистерін жинаған жиында көтерілген әңгіме осы төңірегінде өрбіді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметті реформалау: ішкі түйін және аймақтық БАҚ-тағы көрінісі» тақырыбында өткен семинарға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының БАҚ өкілдерімен қатар, Ақтөбе облысы мемлекеттік қызметкерлері, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдармен өзара ықпалдасу және ынтымақтасу бойынша Қоғамдық және Тәртіптік Кеңес мүшелері қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаев конкурстық процедуралар ашықтығы механизмі, сыбайласқан жемқорлықпен күрес, «командалық көшуді» азайту мен өзге де аспектілерге қатысты жаңа мемлекеттік қызмет моделінің негізгі қағидаларын түсіндірді.
– Бүгінде мемлекеттік қызметкердің беделін қалыптастыру мен нығайту – мемлекеттік жүйені дамытудағы басты бағыттардың бірі. Ал, мемлекеттік қызметкердің оң имиджін қалыптастыру – ұзақ та, қиын үрдіс. Оның беделі – бұл мемлекет беделінің бір бөлігі. Заңға енгізілген өзгерістер меритократия қағидаларын күшейтуге, яғни кадрларды іріктеп, жетілдіру кезіндегі еңбекті қадірлеуге, мемлекеттік қызметке конкурстық негіздегі іріктеудің тиімділігін, әділдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған, – деген Нұрлан Болатұлы «А» корпусы кадр резервіне конкурстық іріктеу жүйесі, «Б» корпусы лауазымдарына өту үшін конкурс тәртібіндегі өзгерістер, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту, персоналды басқару қызметін құру тетіктері барысын әңгімеледі.
– Жаңа заңда қызметке қабылдау барысының тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету көзделген. Яғни, кез келген конкурстық комиссияның отырысы ашық болуы керек. Алдын ала тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері сол комиссияларға бақылаушы ретінде қатысады. Олар конкурсқа қатысқандарды емес, комиссия жұмысын бағалайды. Егер бақылаушылар комиссия жұмысымен келіспесе, олардың жұмысы тексеріліп, заңсыз шешім шығарғандары анықталады.
Басқарма басшысы мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара әрекеттесуінің және «мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырудың, жұртшылықты мемлекеттік қызмет сапасына мониторинг жасауға кеңінен тартудың» маңыздылығын атап өтті. Агенттік пен оның өңірлік департаменттері жанынан мемлекеттік қызмет сапасы бойынша Қоғамдық Кеңес құрылған. Сонымен бірге, Агенттікте кеңесетін орган – мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі Сарапшылар кеңесі жұмыс істейді.
Ал, семинар қонағы «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және модернизациялау» жобасының жетекшісі Джордж Мирогияннис мемлекеттік қызметті дамытудың заманауи үдерістеріне, Қазақстанның мемлекеттік қызметті модернизациялаудағы озық еуропалық тәжірибені қолдану мәселелеріне тоқталды.
– Шет мемлекеттер мамандары Қазақстан Үкіметінің жұмыстарына араласа алмайды, оған құқы да жоқ. Олар өзге ел тәжірибелерін қарастыра отырып, Қазақстанның мемлекеттік қызметіне сәйкес келетін жүйелерді ғана ұсынады. Ал, қандай модельді таңдауы мемлекеттің саяси жүйесіне байланысты, – деген жоба жетекшісі әр елдің тәжірибелерін біріктіріп, озық үлгісін ғана қолдануға болатынын айтып өтті. Өз кезектерінде ойларын ортаға салған журналистер дамушы елдер тәжірибелерінен бұрын, мемлекеттің менталитетін назардан тыс қалдырмау қажеттігін жеткізді.
Семинарда, сонымен бірге, кадрларды іріктеу мен жоғарылатуда меритократия принциптерін қолдану, мемлекеттік қызметтегі этикалық және жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту, «А» корпусын қалыптастыру мен мемлекеттік қызметкерлерді оқыту мәселелері талқыланды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,
Атырау – Ақтөбе – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз