
Мемлекет саясатының күші – қоғамның бірлігінде
Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты арасындағы тепе-теңдік – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты шарты. Соңғы жылдары мемлекетіміз сыртқы әлеммен белсенді байланыс орнатып, түрлі халықаралық келісімдерге қол қойып келеді. Алайда бұл байланыстардың нақты нәтижесін ел ішіндегі әлеует айқындайды. Қоғамның ойлау мәдениеті мен жауапкершілік деңгейі сол сыртқы қарқынмен тең жүрмесе, мұндай мүмкіндіктер толық іске аспайды.
АҚШ және өзге де ірі державалармен жасалған келісімдер – еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Бірақ сол мүмкіндіктерді жүзеге асыратын басты күш – халықтың өзі. Егер қоғамда сенім, ұйымшылдық және өзара түсіністік болмаса, сырттан келген институттар мен жобалардың тиімділігі төмен болады. Сондықтан ең маңыздысы – сыртқы байланыстарды ішкі тұрақтылықпен үйлестіре білу.
Мемлекет саясатының шынайы нәтижесі тек халық оны өз ісіне айналдырғанда ғана көрінеді. Әрбір азамат өзін ел саясатының сыртында емес, оның белсенді қатысушысы ретінде сезінуі қажет. Сонда ғана халықаралық әріптестіктер нақты нәтижеге, ал сыртқы саясат ішкі дамуға серпін береді.
Азамат РАЕВ,
қоғам белсендісі, Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы филиалының жетекшісі, Қазақстанның «Байтақ» Жасылдар партиясының мүшесі.
Арнайы «Атырау» газеті үшін

