ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТ ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ

Индерде оны дайындайтын кешен ашылды
Елбасы Жолдауында жаһандық он сын-қатердің
бірі – азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер екендігін атап өтіп, бұл туралы Үкімет пен облыс әкімдеріне агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Әсіресе, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру міндеті алдыңғы кезекке қойылса, облыста Елбасының осы тапсырмаларын орындау мақсатында көптеген істер қолға алынуда.
Кеше облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов Индер ауданына келіп, тағы бір кешеннің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Облыс басшысы алдымен ауыл қарттарымен амандасып, емен-жарқын әңгімелескен соң Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиевпен бірге Ақсай каналы бойындағы «Шарқат» қыстағында орналасқан жаңа шұбат және қымыз өндіретін кешеннің лентасын қиып, іске сәттілік тіледі. 

Одан әрі кешеннің бас инженері Мұхит Көшербаев облыс басшысына өндіріс барысын таныстырды. Қымыз бен шұбат арнайы бір тонналық бөлек-бөлек қазанға жиналады да, содан соң өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген температурада қыздырылып, қайта суытылады. Осы жерде арнайы зертханада өнімнің сапасы тексеріліп барып, бір литрлік құтыға құйылады. Бұл жұмыстың бәрі автоматты түрде жүріп отырады. Негізінен кешен ресейлік және италияндық технологиялармен жабдықталған.
Жаңа кешеннің жұмысымен мұқият танысқан облыс басшысы желі басына барып, ондағы биебауға байланған биелер мен сауын түйелерді көрді. Мұнда әзірге 20 асау биені қожалықтың қызметкерлері ағайынды Бисенғалиевтер жуасытып, саууға үйретуде екен. Кешкісін құлындарымен өріске жібереді де, таң ата аулаға қамап, жемшөбін беріп, күніне төрт мезгіл сауып, әр биеден мезгіл сайын бір литрден сүт алады. Сауыншы Қымбат Досқалиева:
– Інгендерді де күніне төрт рет сауамыз. Таңертеңгілікте кейбір түйелерден 3 литрге дейін сүт шығады. Жалпы, жағдайымыз жақсы. Еңбекақымызға көңіліміз толады, – дейді бізбен әңгімесінде.
Ауладағы бота мен құлындардың да күтімі жақсы. Арнайы орын жасақталған. Мал шаруашылығы кешенін толық аралап келгеннен соң облыс басшысы ауданның еңбек ардагерлерімен ой бөлісіп, облыс өңірінде атқарылып жатқан істер жөнінде баян етті.
Аймақта қазірдің өзінде егістік көлемін, мал басын арттыру, сүт фермаларын ашу, сапалы мал азығын дайындау, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту сияқты бірқатар жобалар қолға алыныпты. Облыстағы асыл тұқымды мәртебесі бар 20 шаруашылықтың 10-ы жаңа талаптарға сәйкес қайта тіркеуден өткен. Алайда, мұндағы асыл тұқымды мал басы әлі де көбейтуді қажет етеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақшы. Сондықтан, малдың генефондын сақтау және мал басының санын арттыру мақсатында өңірлік арнайы бағдарлама жасақталып, мал басының аналығын өсіргенге дейін кететін шығынды өтеуге жергілікті бюджеттен субсидия бөлініп, игерілген.
– Елбасының тапсырмасына орай қазір ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деушілерге барлық жағдай бар. Бұл сала қазір табыстың көзіне айналып отыр. Өзгенің өніміне көз сатпай Атырау өңірінде мал өсіріп, егін салып, өз өнімімізді шығаруымыз керек, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ауданның Құрметті азаматы Өтеғұл Жалғасбаев Елбасының тапсырмасына сай облыста көптеген істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын, шұбат пен қымыз өндірісін ашуға қолдау білдіргені үшін аудан халқы атынан ризашылығын білдіріп, жаңа іске сәттілік тіледі.
Айдаладан осындай ірі кешен тұрғызу оңай емес, әрине. Оны «Алға мал шаруашылығы кешені» ЖШС басшысы Ақеділ Шалқаровтың өзі де әңгімеледі.
– Облыс әкімінің қолдауымен «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында «Алға мал шаруашылығы кешені» ЖШС шаруа қожалығының бұл жобасы 2013 жылы қолдау тауып, «Каспий ӘКК» арқылы 10 жылға алты пайызбен 110 млн. теңге несие алдым. Бұған өз қорымнан 115 млн. теңге қосып, барлығы 225 млн. теңгенің жобасына тәуекел еттім.
Тәулігіне 210 литр шұбат, 1800 литр қымыз өндіру және жылына 1080 кг жылқы, 735 кг түйе етін өндіруді жоспарлап отырмыз. Жаңа бастаған істің қиыншылығы көп. Қазір 150 литр шұбат пен 60 литр қымыз ғана шығара бастадық. Бүгіннен бастап 25 адам толық жұмыспен қамтылады. Болашақта тауар көлемін арттырып, оны Ресейге, алыс шет елдерге шығару – ойдағы іс. Бұл жерде халықаралық интеграцияның біз үшін пайдасы зор болмақ,- дейді кәсіпкер.
Қожалық алған несиесіне 142 жылқы және 40 бас түйе сатып алса, «КазТехПром-Сервис» ЖШС арқылы қымыз, шұбат құятын қораптарды дайындайтын қондырғыларды да алыпты. Осылайша, ұлттық тағам өндіруді ұлғайтпақшы.
Жалпы, қымыз – қазақ үшін дастарханның ырысын келтіріп тұратын берекенің, дәулет пен салтанаттың, байлық пен мырзалықтың белгісі ғана емес, әрі сусын, әрі дертке шипа, жанға қуат беретін тағам. Халықтық медицинада қымыздың емдік қасиетіне де ерекше ден қойылғаны белгілі.
Бие сүті, ең алдымен, құрт ауруына бірден-бір ем. Қазіргі кезде қымыз бен шұбаттың көптеген ауруларды, атап айтқанда өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Сондықтан, аурудың алдын алу шаралары және науқас адамдарды емдеу мақсатында қымызға деген сұраныс барлық жерлерде жыл бойы үзілмей келеді. Міне, ауданда ашылған қымыз бен шұбат өндірісі халықтың бүгінгі сұранысына дәл келіп отыр.
Қожалық одан басқа өткен жылы несие алып картоп ексе, биыл да 50 га жерге картоп, 10 га-ға көкөніс өнімдерін егіп отыр. Аудан, облыс орталығында өткен жәрмеңкелерге қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа арзан бағамен сатып келеді. Жалпы аудан бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектің нәтижесінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде шағын кәсіпкерлік қанат жая бастады. Егіс көлемі де артып, биыл 30-дан астам шаруашылық 620 гектар жерге тұқым себу жұмысымен шұғылдануда.
Осылайша, аудан түгілі, облысымыз үшін маңызды тағы бір ірі жобаның тұсауы кесіліп, қымыз бен шұбат өндірісіне жол ашылды. Заман талабына сай технологиялармен жабдықталған кешен өнімі Кеден одағының тиімділігі арқылы «Қазақстанда жасалған» деген белгімен болашақта шет ел асса, ол–еліміз үшін мәртебе!
Ендеше, іске сәт делік.

Жанай АМАНТУРЛИН.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз