ҚОҒАМНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ – ҚУАТТЫ КҮШ

Осыдан біраз жыл бұрын жарияланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын мақаласын еліміздің еңсесін одан әрі биіктетуге апаратын  Жарғы деуге болады. Одан кейінгі халқына екі Жолдауы мен бес негізгі бағыттан тұратын сайлауалды бағдарламасы, оны нақтылайтын 100 қадам, міне, осының барлығы – Еңбек қоғамына бастайтын негізгі қағидаттар.

Жақында «Президенттің институционалдық реформаларын жүзеге асырудағы жоғары оқу орындары және қоғамдық институттар» деген тақырыпта   Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғимаратында үлкен жиын болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан және республикамыздағы Дін істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин қатынасып, баяндамалар жасады, өзіміздің танымал ғалымдарымыз бен белсенділеріміз сөз алды. Уақыт тығыздығына байланысты осы жиында сөйлеудің реті болмады. Бірақ, республикамызда 5 реформаға байланысты әдейі құрылған жұмысшы тобы осы айдың 12-сіне дейін ғана ұсыныстарды қабылдап, кейін қорытуға отыратындығы жарияланғандықтан, кейбір ойларымды баспасөз арқылы білдіруді жөн көрдім.

Біріншіден, Елбасы белгілеген қадамдарды халыққа түсіндіруге арналған шаралар әсіресе, жастар арасында көбірек жүргізілуі қажет деп ойлаймын.

Мұнда аға ұрпақ өкілдері үлкен роль атқара алады және атқаруға тиісті де. Ата-бабаларымыздың еш жерде жазылмаған, бірақ үнемі бұлжымай орындалып тұратын қағидаларын жастарға жеткізе білуіміз үлкен міндет. Бір қарапайым ғана мысал келтірейін: Бір жолаушы ауылдың бір үйіне құдайы қонақ ретінде қонып шығады. Ертесіне тұрса, оның ер-тұрманын біреу ұрлап әкеткен. Не істерін білмеген жолаушы бір қариясы бар үйді сұрастырып барып сәлем береді, жағдайын айтады. Сонда қария бір баласын жүгіртіп, «түгеншеге айт, ер-тұрманын тауып берсін, егер олай жасамаса, мен оның енді сәлемін алмаймын» дейді. Содан жолаушы шайын ішіп, қонған үйіне барса, аты ерттеулі тұрған екен.

Мұнда қария, біріншіден, өз ауылының арын ойласа, екіншіден, «сәлемін алмаудың» қандай күші бар екендігін көрсетеді.

Осындай тағылымдардан құралған жүз томдық «Бабалар сөзі» бүгінде қолданыста бар ма? Бұл барлық оқу орындарында, түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, мәдени орындарда күнбе-күн пайдаланылып  жатса дұрыс болар еді. 

Екіншіден, 20 қадамда басталған «Еңбек қоғамы» 100 қадамда да берік орын алып отыр. Мұндағы басты бағыт – қоғамымызда еңбек етпейтін адам болмауына қол жеткізу.  Шетелдерде «Күміс экономика»,  «Жасыл экономика» деп аталатын бағдарламалар баяғыдан бар. Олар осы бағдарлама арқылы зейнеткерлер мен мүгедектерді, икеміне, ынтасына, мүмкіндігіне қарай түрлі салаларда еңбек етуге дайындайды. Ал бізде, бұрынғы білікті инженерлер, басшылар зейнетке қалса, көбіне қолдарынан келетіні вахтер, қарауылшы, киім ілетін  қызметкер, т.б. ғана. Егер оларды зейнет жасына жақындағанда жаңа еңбек түріне, мысалы, компьютерге, аудармашылыққа, канцелярия, етікші, сағатшы, т.б. көптеген кәсіпке үйрететін болсақ, зейнетке шыққасын тезірек жұмыс тауып алар еді, ол әрі қоғамға, әрі өзіне пайда болар еді. Тіпті, икемі барларды округ, ауылдардың имамдығына да оқытуға болмай ма?

Әрине, «зейнетке шыққандардың,  не оған жақындағандарды тікелей оқыту, үйрету не керек, әуелі жастарды орналастырып алмаймыз ба?» деген түсінік те кейде қылаң береді. Бірақ, мен ардагерлеріміздің жоғын жоқтаушы ретінде осы мәселенің тасада қала бермеуі қажет деп ойлаймын.

Үшіншіден, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын одан әрі тереңдетіп, Қазақ елі идеясын да халқының қаперіне салғаны белгілі. Және бұл идеяны Ақорда төрінде, не өзге аймақтарды аралаған кездерінде емес, осы өзіміздің Атырауымызда жария қылғаны мәлім. Неге бұлай? Оның себебі, менің пайымдауымша, Атырау – қалың қазақ қоныстанған аймақ екендігінде. Мұны біздің тұрғындар, әсіресе, зиялы қауым іліп әкетіп, нақты қоғамдық пікірлер қалыптастыруы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, біз әлі баяу қимылдап отырмыз. Әлдеқашан-ақ аймағымызда, тіпті еліміз көлемінде осы идеяны жақтаушы, дәлелдеуші ретінде түрлі шараларда мұрындық болуымыз керек. 

Ардагерлер кеңесі өз тарапынан бұл туралы талай рет айтып та, жазып та жүр. Осы идея өмірге келгесін көп кешікпей-ақ бір топ ардагер ағаларымыз бен жастар өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіп, өз пікірімізді айттық, қызу қолдау жасалды. Бұған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов өзі қатынасып, ойын ортаға салды. Теледидар, газеттер  де кеңінен жазды. Бірақ, өзге ұйымдар неге белсенділік танытпады? Бізді осы ойландырады.

Төртіншіден, көшемізде  көзінен басқа жерін түгел жауып алып, бетперде  киіп жүрген жас қыздар, не шоқша сақалды бозбалалар азаймай тұр. Және байқасаңыз, олар тек қара, не сұр түсті матаға ғана оранады. Бұлардың осы түрлерімен көшеде, оқу орындарында, дүкенде, базарда, емханада, т.б. жерлерде жүруінің өзі, әсіресе, жазғы ыстықта, біреулердің жиіркенішін туғызса, екіншілерді өз қатарына шақыру, яғни, үгіттеу болып табылады. Меніңше, қазақ тарихында қыздарымыз бұлайша киінбеген. Бұл жоғарыда айтылған ұлттық құндылықтарымызға да қайшы.

Сондықтан, оранушылар өзі сенетін діни ағымның талабын   өзі құлшылық жасайтын орындарда, залда, не үйінде ғана сақтасын, өз сенімін көшеге тарату қате деп табылуы керек.

Осындай жағдайлар туралы мен «Егемен Қазақстанға» да мақала жаздым, әкімдіктің жанындағы арнайы комиссия отырыстарында мәселе көтеріп, басшыларға талай сұрақтар қойып жүрмін, бірақ, ештеңе шығатын емес. Себебі, оларды көшеде жүргізбейтін заң жоқ дейді. Кешегі университетте өткен үлкен жиынға қатысқан Дін істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлына мектеп оқушыларының киінуі туралы сұрақтар қойылып, ресми де, нақты жауап алынды. Алға қарай осы жауапты әр ата-ана, мектеп басшылыққа алуы тиіс.

Кейбір азаматтар «бұған Ата заңның 14-бабы бар» деп шыға келуі мүмкін. Біз де оған қарсы пікір айтудан аулақпыз, бірақ, сол Ата заңның басқа да негізгі қағидаларынан шықпа, оған қайшы келетін әрекет жасама демекпіз.

Бұл, екінші жағынан, әйел затының әсемділігі, сәні, ұлтымыздың ұйтқысы, анасы ретінде бейнелеріне бояу жағу, адамзаттың екінші жартысына дарыған табиғат сыйлығы мен көркемдігіне дақ түсіру емес пе?

Меніңше, қай дінді де тек ұрпағымыздың адами қасиеттерін дұрыс қалыптастыруға пайдалану керек, ал одан әрі жастарға тереңдетіп оқытамыз деп оларды дінге құлай сенуші қылып алуымыз да мүмкін.  «Сырттан келген найзалы жаудан, іштен шыққан кездікті жау жаман» деген даналардың  сөзі бар. Ендеше, Абай атамыздың «бидай сепкен жерімізден құрақ қаулап кетуі» – дегені осы болмай ма? Біз араб та емеспіз, діни мемлекет те емеспіз, осыны ұмытпайық!

Қатимолла РИЗУАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз