ҚОҒАМҒА ҚАТЕРЛІ ДЕРТ

көптің  күшімен  ғана  жойылады

«Нұр Отан» сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялады. Жасыратыны жоқ, республиканың әр өңірінде ара-тұра ашылып жататын мемлекет мүлкін жымқыру, бюджет қаражатын талан-таражға салу секілді қоғамға қарсы жасалған қылмыстар халықтың ашу-ызасын тудыруда. Сондықтан, Елбасы Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев оған барша қазақстандықтарды жұмылдырды.

Осы орайда мұнайлы мекендегі ахуал қандай? Нендей шаралар тындырылып жатыр? Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміровтен сұраған едік.

 

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кезекті қадам жасалды. Оның барысы қалай?

– Кезекті шара деуіңіз орынды. Өйткені, бұған дейін де күрес жүргізілген. Ол да өз нәтижесін берді. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, «Нұр Отан» партиясы қабылдаған Доктринадан соң бұл шара бүкілхалықтық сипат алып, пәрменділігі бұрынғыдан да артпақшы. Мәселен, осы құжатта «…біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз» делінген. Демек, бұл жолғы күрес жалпылама емес, белгілі бір жүйемен жүргізілмек. Сондықтан, күтер нәтиже де жоғары.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық көрінісі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық дерлік елдерінде бар. Онымен дүние жүзінің төрт бұрышындағы мемлекеттер күресуде. Демек, ол – күллі адамзаттың жауы. Міне, Атыраудағы іс-шаралар да осы тұрғыдан өріс алуда.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің пәрменді жұмысын атаған жөн. Оның қызметімен халық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныс. Міне, осы кеңес қаржылық бақылау инспекциясымен, тексеру комиссиясымен, прокуратурамен, құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасымен, өзге де құзырлы орындармен бірлесіп біраз іс тындырды. Оның үстіне, тәртіптік кеңеспен қоян-қолтық қызмет істеу сыбайлас жемқорлықпен күрестің пәрменділігін одан әрі жақсартты.

Мәселен, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес отырыстарында Махамбет ауданы әкімінің, энергетика және тұрғын үй-шаруашылық, құрылыс пен денсаулық сақтау басқармалары басшыларының есептері тыңдалды. Олардың осы қоғамға қауіпті дерттің алдын алуға бағытталған жұмыстары сараланды.

Сайып келгенде, сыбайлас жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Құрылысы толық аяқталмаған нысанды қабылдай салу, дәрігердің науқастан ақша талап етуі – осындай қылмыстардың көрінісі. Немесе бүгінде өңірде ескі көп пәтерлі үйлерді жаңғырту жүріп жатыр. Осындай сәтте мердігер мекемелердің біріне басымдық берілуі, соның салдарынан жөндеу сапасының назардан тыс қалуы сыбайлас жемқорлық емес пе? Әрине, солай. Сондықтан, жоғарыда аталған басқармалардың бұл бағыттағы жұмыстарының  сарапқа салынуы да тегін емес. Алдағы уақытта басқа аудандар да әкімдері мен басқармалар басшыларының есептері тыңдалады.

Сонымен қатар, осы кеңес отырыстарында өңір кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау мәселесі де тұрақты талқыланады. Мәселен, өткен уақытта партиялық қоғамдық қабылдау бөліміне 3500 шағым түссе, соның 40 пайызға жуығы бизнес иелерінен екен. Соны шешуге бағытталған бастапқы шаралардың бірі ретінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, Кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінде бизнес иелері осы маңызды құжаттан үлкен үміт күтіп отыр.

Жалпы, Атырау облыстық  қалалық және аудандық мәслихаттардағы, «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған депутаттардың сайлаушыларды тұрақты қабылдау өткізуі халық қалаулыларын жұртшылыққа жақындата түсті. Мемлекеттік органдар басшыларының да осындай жүздесулер ұйымдастыруы бұқара мен билік арасындағы байланысты бекітті. Олардың тұрғындарды қабылдау күндері облыстық газеттерде жарияланып, белгіленген кесте бойынша жүргізіледі.

– Сыбайлас жемқорлық мәселесі «Нұр Отан» партиясының XV съезінде де өткір көтерілді емес пе?

– Соның нәтижесінде Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын» әзірлеуді тапсырды.

Бұған дейін 2008 жылдан бері қолданыста болған жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарлама өзін ақтады, сол кездің міндетін орындады. Сайып келгенде, ол жаңа құжаттың негізін қалады. Енді бүгінгі күн талабы ескеріліп, келешекте күресті одан әрі өрістету үшін жаңа бағдарлама қажет. «Нұр Отан» партиясы еліміздің келешегі мен азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тарихи жауапкершілікті мойнына ала отырып, 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған бағдарламаны жүзеге асырмақшы. Оның жобасы жергілікті бастауыш ұйымдарында, депутаттық фракция отырыстарында кеңінен талқыланды. Әлі де көптеген құнды пікірлер күтілуде.

 Әсіресе, тәрбие мен білім беруде сыбайлас жемқорлыққа жол беруге әсте болмайды. Қатарға педагогика, психология, құқықтану, саясаттану мен әлеуметтану салаларының мамандары тартылуы тиіс. Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі қажет. Барлық ұсыныстар партияның облыстық филиалында жинақталды. Ал, жаңа бағдарламаның мазмұны қоғамның жемқорлыққа деген көзқарасын, ой-пікірлерін білу мақсатында жұртшылық назарына әлеуметтік желілер арқылы ұсынылды.

Мұндағы мақсат – жұртшылықтың қоғам мен мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықтың қаупін түсінуі, халық санасында жемқорлардың жағымсыз бейнесі қалыптасуы. Сонда ғана бұл күрес шын мәнінде бүкілхалықтық сипат алады. Дәйекті және жүйелі әрекет қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа деген «нөлдік» төзімділікке әкеледі.

– Мүмкін сыбайлас жемқорлықпен күресуге тиіс адамдардың өздерінің тазалығы қажет шығар. Мәселен, мекеме басшысы осындай қылмысты өзі жасаса, өзгеден не талап етеді?

– Әрине, солай. Бағдарламаның басты бағыты – мемлекеттік билік пен басқару органдарының, сондай-ақ корпоративтік бизнестің қызметіне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту арқылы баршаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру. «Көптің көзі көреген» дегендей, халықтың назарынан еш нәрсе де тыс қалмайды. Сондықтан көлеңкелі экономиканы болдырмау, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға үлес қосу – барлығымыздың міндетіміз. Жасыратыны жоқ, республиканың әр түкпірінде мемлекет мүлкіне қол сұғушылық, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактілері орын алуда. Партия оларды жасырып та жатқан жоқ. Бәрі де халыққа аян. Ешкім де жазадан құтылып кете алмайды. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, сыбайлас жемқорлықпен күресуге тиіс адамдардың өздерінің таза болғаны жарасымды ғой. Ертең қылмысы әшкереленіп, темір тордың ар жағына тоғытылу кімге жақсы дейсіз?.

Жалпы, «Нұр Отан» партиясы дайындаған жоба – біріншіден, жемқорлықтың себептері мен шарттарын жоюға бағытталған, жүйелік сипатқа құрылған құжат. Екіншіден, алға қойған мақсаттарға жетудің негізгі талабы болып табылатын қоғаммен өзара іс-қимылға арналған. Үшіншіден, бағдарлама сипатына қарай идеологиялық-саяси құжат саналып отыр. Оның толыққанды жүзеге асуына, жоғарыда айтқанымдай, баршамыздың жұмыла үлес қосуымыз маңызды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз