Кәсіподақ өкілдері кандидатқа сенім каскаларын сыйлауда

screenshot 11 6 Саясат

Елдегі салалық кәсіподақ өкілдері Мейрам Қажыкенге каска жіберуде.

«Кәсіподақ мүшелері еңбек адамының символы болған каскаларды жіберіп жатыр. Бізге пошта арқылы Қызылорда, Талдықорған, Петропавл және Қарағандыдан жолданғаны  туралы ақпарат келіп түсті. Біз олардың барлығын жинаймыз. Жұмысшылар каскаға өздерінің ізгі тілектерін жазып, қолтаңбаларын қалдырады», – деді сайлауалды штабының басшысы Абыл Кекілбаев.

Сондай-ақ, сенім каскасын  Алматы, Маңғыстау облысы, Павлодар, Арқалық және Көкшетау кәсіпорындарының жұмысшылары да жіберуде. Олар бұл бойынша арнайы әлеуметтік желілерге  бейнероликтер жүктеген.

Мейрам Қажыкенге каска тапсыру трендке айналды.

Естеріңізге сала кетейік, 21 қазанда сайлауалды штаб ашылып, үгіт-насихат басталған күні кәсіподақ өкілдері Мейрам Қажыкенге алғашқы касканы табыстаған болатын.

Сондай-ақ, өңірлердегі үгіт-насихат кезінде кандидат Өскемен ГЭС қызметкерлерінен, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің кеншілерінен және «Жезқазғанцветмет» кеншілерінен де сенім каскасын алды.

Сонымен қатар, А. Кекілбаевтың айтуынша, өңірлердегі штабтардың жұмыстары қызу жалғасуда: қазіргі таңда сенімді тұлғалар кәсіпорындарға, ауруханаларға, мектептерге және басқа да ұйымдарға барып, кандидаттың бағдарламасын таныстыру мақсатында  кездесулер өткізіп жатыр. 

«Қазақстан бойынша 140-тан астам сенімді тұлға бар. Қазір сайлауға байқаушы ретінде қатысатын еріктілерді іріктеу жұмыстары жүргізілуде», – деді елордалық штаб басшысы.

Штабтың баспасөз қызметі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз