ҚАЛАДА «СТУДЕНТТЕР ҚАЛАШЫҒЫ» БОЛСА…

Атырау өңірінде іссапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында болып, жастармен кездесті.

Жолдауды талқыға салған мәжілісмен А.Бекенов саяси сауатты, көкірегі ояу әр азаматтың маңызды құжат жүктеген міндеттерге баса назар  аударуы қажеттігін айтты. 

 

«Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында жастардың ортасында болып, сіздермен пікір алмасу маңызды» деген халық қалаулысы Жолдауда айтылған әр тапсырманың құндылығына тоқталды. 

– «Қазақстан-2050» Стратегиясының жас ұрпаққа бағытталып жасалғанын ұғынуымыз керек. Дәлірек айтқанда, бұл саяси мәлімдемеде айтылған міндеттер бір күнде не болмаса бір жылда іске асатын дүниелер емес, бірте-бірте өз кезеңімен жүзеге асатын жоспарлар. Оны орындауға әр жас терең білім алып, бүгінгі күнге қажетті мамандықтың иесі болу керек, – деп атап өтті Асхат Сахибеденұлы.

Жолдауды талқылау барысында студенттер де өз ойларын ортаға салып, жастарды қолдау жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы жастар комитетінің төрайымы Бибігүл Шайхиева мемлекеттік бағдарламалар негізінде тұрғын үй алуда оның шарттарына көп жастардың сай келе бермейтінін алға тартып, «қала орталығынан студенттер қалашығы салынса»  деген ұсынысын айтты. 

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз