ИННОВАЦИЯ – ИГІ ЖОБАЛАР ИІНІ

Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері – ҚР Президенті әкімшілігі талдау және стратегиялық әзірлемелер орталығы меңгерушісінің орынбасары Әлібек Қуантыров, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитеті төрайымы Забира Оразалиевалар Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон поселкесі тұрғындарымен, мәслихат депутаттары, селолық округтер әкімдері, бюджеттік және өндірістік мекемелердің жетекшілерімен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын маңызды бағыттарды саралады. 

 Алдымен топ жетекшісі Әлібек Қуантыров Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасындағы басым бағыттарға тоқталды. Ол бұл ретте Елбасының Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бергендігін алға тартып, дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңыздылығына көптің назарын аударды. 

Баяндамашы Мемлекет басшысының «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру» деген сөзіне зор мән берді. Онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. Мұны тек дамыған ғылым арқылы шешуге болады. Бұл бағыт бойынша тиімді қаржыландыру, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру керек екен. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырып отыр.

Министрліктің білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитеті төрайымы Забира Оразалиева ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру, оның барлық буыны сапасын жақсарту бойынша алдарында ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтып, 2020 жылға қарай еліміздегі 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарланып отырғанына, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін және білікті мамандар ұсыну маңыздылығына тоқталды, орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отырғанын қаперге берді.

 «Атыраудың үш ауысымдық оқытудан арылуы – елеулі жетістік, бірақ та апатты жағдайда тұрған әлі де 13 мектеп бар» деген З.Оразалиева 2015 жылдан бастап бірінші сыныптарға балаларды оқытудың жаңаша бағдарламасы енетінін, барлық сабақтар жетілдіріліп оқытылатынын, олар болашақта 12 жылдық мектепті бітіріп шығатынын назарға берді. 

Өз кезектерінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы турасында  жалпы орта білім беретін №1 мектептің директоры Гауһар Сасаева өз ойын бағамдаса, мүмкіндігі шектеулі балалар бөлімшесінің меңгерушісі Алтынай Қожиева, жаңақаратондық ардагер Оразбай Молдашевтар сарабдал саясаттың сара бағыты маңызды құжатта шынайы көрініс тапқанына тәнті болғандарын білдірді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз