
Халықтың сеніміне негізделген реформа ғана нәтижелі болмақ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бір палаталы Парламент құру жөнінде «Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс» деген сөзі – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың, демократиялық қағидаттарды берік ұстанудың жарқын үлгісі. Бұл бастама – билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға, ашық диалог орнатуға бағытталған.
Бір палаталы Парламент құру – мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырып, заң шығару ісін жеделдетуге бағытталған тарихи бастама. Алайда Президенттің атап өткендей, мұндай түбегейлі өзгерістерді тек кең қоғамдық талқылаудан өткізіп, жан-жақты пісіріп қабылдау қажет. Өйткені бұл шешім еліміздің саяси жүйесіне, билік тармақтарының өзара теңгеріміне және халықтың еркіне тікелей ықпал етеді.
Қазір қоғамда бұл мәселе төңірегінде түрлі пікірлердің айтылуы – елдегі азаматтық белсенділіктің, ой еркіндігінің және демократиялық сана деңгейінің жоғарылағанының белгісі. Осындай пікір алуандығы мен ашық талқылаулар – қоғамның кемелденуінің айғағы. Әр азаматтың өз көзқарасын білдіруі – шынайы демократияның көрінісі.
Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде нақты іске айналып келеді. Қоғам мен билік арасындағы өзара сенім диалог арқылы нығайып, азаматтардың ел тағдырын шешуге қатысу мүмкіндігі кеңейіп жатыр. Бұл – жаңа дәуірдің, әділетті Қазақстанның басты ұстанымы.
Бір палаталы Парламент идеясы мен e-Parlament жүйесінің енгізілуі – елдің саяси жүйесін заманауи форматқа бейімдеудің көрінісі. Мұндай жаңашылдықтар тиімді шешім қабылдауға, ашықтық пен есептілікті арттыруға жол ашады. Бірақ Президент орынды айтқандай, бұл процестерде ең бастысы – асығыстыққа жол бермеу.
Қоғамның әр саласының өкілдері – ғалымдар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және ардагерлер – барлығының пікірі ескерілгенде ғана қабылданатын шешім шын мәнінде халық мүддесіне сай болмақ. Себебі ел болашағына әсер ететін әрбір өзгеріс тек бір тараптың емес, бүкіл қоғамның келісімі мен сеніміне сүйенуі тиіс.
Президент Тоқаевтың ұстанымы – тұрақтылық пен сабақтастыққа негізделген реформалардың басты кепілі. Кең ауқымды қоғамдық талқылау арқылы қабылданған шешім ғана елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді және әділетті қоғам құру жолындағы нақты іске айналады.
Сайфолла САПАНОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы


