ЕЛТАЙДА ЕЛЕУЛІ ІСТЕР БАР

Индер ауданына қарасты Елтай селолық округі – тек ауданда ғана емес, облыста серпінді дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Селолық округ аумағында 3435 адам тұрады.  Өткен аптада аталмыш округ әкімі Ербол Дүйшім ауыл тұрғындары алдында 2014 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есебін берді.

Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңінен баяндаған ауыл әкімі, ең алдымен, ауылшаруашылығы саласына тоқталды. Оның айтуынша, округ бойынша 74 шаруа, 651 жеке қожалықтар тіркелген. Шаруа қожалықтары өткен жылы 88 га  жерге егін екті.

Елді мекендердегі тұрғын үйлер инфрақұрылымдық жүйелерге қосылған. Бүгінгі күні Елтай, Аққала ауылының тұрғындары  жазғы су жүйесіне қосылған. М.Сиранов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.  Елтай ауылындағы   жаңа су тазарту қондырғысы  іске  қосылып,  230 үй желі арқылы таза суды пайдалануда. Ауыл әкімі Ербол Жексенұлы алдағы уақытта шешімін күткен  мәселелерге де тоқталды.

Елтай ауылында жазғы су құбырларын  жаңарту, көше жолдарын асфальттау, малды жасанды ұрықтандыру пунктін  іске  қосу, лагерьге бассейн және спорт кешенін салу міндеттері тұр. Бұған қоса, Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысының  құрылысын аяқтап, іске қосу керектігі айтылды.

Ауыл активіне қатысқан аудан әкімі Серік Арыстан ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, өткен жылы ауданға бөлінген қаржы толықтай  игеріліп, 7 миллиард 292 миллион теңге инвестиция түскен. Осы уақытқа дейін ауданда халықты тұрғын үймен қамту мәселесі өзекті болып келді. Осы бағытта облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей қолдауымен аудандарда көппәтерлі тұрғын үйлер салуға қаржы бөлінгені белгілі. Индер ауданында өткен жылдың көктем айларында үш қабатты алпыс пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Аудан әкімі осы үйлер мамыр айында пайдалануға берілетінін айтып, тұрғындарды қуантып тастады.

– Өткен жыл басында сіздермен кездескенімізде  ауыл тұрғындары бірқатар ұсыныстарын берген болатын. Боздақтарға арналған ескерткішті жаңғырту жөнінде берген ұсыныстарыңыз орындалып, мәселе оңды шешілді. Елбасының Жолдауында көше жолдарын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын. Осы бағытта Жайықтың Азия бетіндегі Атырау-Индер тасжолы мен оның бойындағы елді мекендердің кірмежолдары мен көшеішілік жолдары  асфальтталуда. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін Жайықтың Еуропа бетіндегі жол мәселесін шешу жоспарда бар, – деді аудан әкімі С.Арыстан.

Жалпы, аудан бойынша мал басы санының өсімі байқалғанымен, Елтайда тек 90 басқа ғана өсім бар екен. Бұл көрсеткіш өте аз екендігін жеткізген аудан басшысы, асыл тұқымды мал өсірген адамдарға мал азығын дайындау үшін Үкімет 100 пайыз субсидия беретінін ерекше айтты. Сонымен қатар, егін шаруашылығын да жандандыру қажеттігіне баса назар аударды. 

Аудан басшысы селолық округ әкіміне әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтты.

Жиын барысында сөз алған ауыл тұрғындары – ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сағынов, ардагер ұстаздар Есенжан Нетәлі, Нағима Уәлиева, зейнеткер Тасқали Темірболатов ауданда, соның ішінде  ауылда  атқарылған жұмыстарға оң бағаларын беріп, жедел жәрдем қызметін шешу, жабық базар ашу, қар тазалағыш арнайы техникалармен қамту мәселелерін көтерді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз