
Елге қызмет ету – биік мәртебе
Мемлекеттік басқару академиясы – елдің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосатын, кәсіби білімі мен адамгершілік ұстанымы үйлескен жаңа буын мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын бірегей оқу орны. Мұнда білім алушылар заманауи басқару жүйесінің ғылыми негіздерін меңгеріп қана қоймай, мемлекет ісін әділдік пен адалдық қағидаларына сүйене отырып жүргізуді үйренеді.
Қазір Академия түлектері мемлекеттік аппараттың түрлі деңгейінде басқару мәдениетін жаңаша қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүр. Бүгінде кадр резервін қалыптастыру мен кәсіби мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың маңызы ерекше. Себебі мемлекеттің негізі – білімді, жауапкершілігі жоғары және ел мүддесіне адал қызметшілердің қолында.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып жүрген Жарас ЕСЕНҒАЛИЕВ мемлекеттік қызметтегі жаңа буынның ролі хақында сөз қозғады.

Әділет пен тиімділік үндестігі
– Жарас Мағазұлы, мемлекеттік қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?
– 2001 жылы орта мектепті бітірген соң Қызылқоға аудандық жылжымайтын мүлік орталығына компьютер операторы болып уақытша жұмысқа тұрдым. Ал, жоғары оқу орнын тәмамдап, 2009 жылы аудан әкімдігіне қызметке орналастым. Мемлекеттік қызметтегі алғашқы тәжірибем аудандық ішкі саясат бөлімінен басталды.
Сол кезде мекемеде қызмет еткен тәлімгер аға-апаларымның білімі, ұстамдылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді. Халықпен қарым-қатынасы, әрбір мәселеге жауапкершілікпен қарауына тәнті болдым. Содан бастап өзіме: «Мен де осындай елге сыйлы, сөзі өтімді, ісі тиянақты азамат боламын» деген мақсат қойдым. Кәсіби тұрғыда құжат жүргізуден бастап, тұрғындармен сөйлесу мәдениетіне дейін меңгердім. Мемлекеттік қызметтің басты мәні адалдық, сабыр және бұқараға құрмет екенін ұқтым.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі мемлекеттік басқару жүйесінде қай бағыттарға басымдық берген жөн?
– Қазіргі басқару жүйесінде тиімділік пен әділеттілікті ұштастыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Дүниежүзілік банктің Worldwide Governance Indicators мәліметіне сәйкес, Қазақстанның «Үкімет тиімділігі» көрсеткіші 2023 жылы шамамен 57,1 процентиль деңгейінде. Бұл ортадан жоғары деңгей саналғанымен, мемлекеттік қызмет сапасы мен жергілікті деңгейдегі басқаруды жетілдіруді талап етеді.
2023 жылғы Open Budget Survey нәтижесінде Қазақстан «Бюджет ашықтығы» бойынша 63/100 балл жинағанымен, «Қоғам қатысуы» небәрі 11/100 деңгейінде қалып отыр. Яғни, ашықтыққа тиісті қадам жасалса да, тұрғындардың шешім қабылдау процесіне мағыналы қатысуын арттыру әлі де өзекті мәселе.
Мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілік мәдениетін нығайту – стратегиялық басымдық болуы тиіс. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл бағыттың идеологиялық өзегі. Мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесі барынша ашық болып, қоғам тарапынан бақылау тетіктері күшеюге тиіс. Ол үшін «Ашық бюджет», «Ашық деректер» және «Қоғамдық тыңдаулар» сияқты платформаларды жетілдіру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз жұмысының нәтижесін қоғамға түсінікті форматта жүйелі түрде жариялап отырғаны жөн. Цифрлық трансформация және деректерге негізделген басқару жүйесін орнықтыру маңызды.
Қазір тиімді басқару – нақты деректер мен аналитикаға сүйенген шешім қабылдау деген сөз. Мемлекеттік саясат саласында Big Data, жасанды интеллект (AI) және геоаналитика құралдарын кеңінен пайдалану арқылы экономикалық және әлеуметтік саясаттың сапасын арттыруға мүмкіндік бар. Көптеген салада осы бағытта жұмыс жүріп, орталық мемлекеттік органдардағы базалардың өзара байланысы, цифрлық трансформация, басқа да жұмыстар шетелдіктердің тарапынан жоғары бағасын алып отыр.
Ең маңыздысы – адам капиталы мен кәсіби мемлекеттік аппаратты дамыту. Мемлекеттік қызметтегі басты ресурс – адам. Осы мақсатта кадр саясаты меритократия қағидаттарына негізделіп, үздіксіз кәсіби даму жүйесі, менторлық институт және кадр резерві нақты іске асуы қажет.

– Мемлекеттік басқаруда тиімділік пен ашықтықты арттыру үшін қандай нақты қадамдар қажет?
– Мемлекеттік басқаруда тиімділік пен ашықтықты арттыру – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтудың басты шарты. Ол үшін ашықтық пен жауапкершілік мемлекеттік қызметтің күнделікті мәдениетіне айналуы керек. Осы мақсатқа жету үшін әуелі басқару жүйесінде нәтижеге бағытталған тәсілді қалыптастырған жөн. Яғни әрбір мемлекеттік органның қызметі нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижемен өлшеніп, халықтың өмір сапасын арттыруға қаншалықты ықпал еткенімен бағалануы тиіс. Бұл үшін министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын бағалайтын айқын көрсеткіштер (KPI) мен тиімділік индекстерін енгізсе дұрыс болады.
Барлық бюджеттік бағдарламалар мен мемлекеттік шығындар қоғамға ашық және түсінікті форматта ұсынылуы қажет. Бұл бастамалар халық пен билік арасындағы диалогты нығайтып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ цифрлық трансформация шешім қабылдау процестерін цифрландыру, үлкен деректерге (Big Data) және жасанды интеллектке негізделген аналитикалық жүйелерді пайдалану мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығын арттырып, адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтады. Электронды үкімет пен смарт-инфрақұрылымды ауылдық жерлерге дейін кеңейту де өңірлік теңсіздікті азайтудың тиімді жолы.
Тиімді басқару үшін кадр саясатын жаңғырту да шешуші роль атқарады. Ол үшін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартса, кадрлар тұрақталады. Сол арқылы меритократия қағидатын нақты іске асырып, мемлекеттік қызметке білікті, әділ және жауапты мамандарды іріктеуге мүмкіндік бар. Қызметкердің жалақысы, тұрғын үй мәселесі, кәсіби дамуға мүмкіндік және мотивациялық жүйе дұрыс шешілмейінше, кадр саясатының тиімділігі де шектеулі болады.
Ашықтық – жергілікті басқарудың негізі
– Мемлекеттік басқару академиясында оқу кәсіби көзқарасқа әсер ете ме?
– Академия тек білім ордасы емес, заманға лайық мемлекеттік саясат пен басқарудың интеллектуалдық зертханасы іспетті. Мұнда алған әрбір сабақ пен тәжірибе менің мемлекеттік қызметке деген көзқарасымды жаңаша қалыптастыра түсті. Бұрын басқару жүйесін тек әкімшілік деңгейдегі тетік деп қарасам, қазір оны ғылыми негізделген, дерекке сүйенген және қоғаммен байланысқа құрылған күрделі әлеуметтік жүйе ретінде түсінемін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, білімді, кәсіби және адал мемлекеттік қызметші – әділетті Қазақстанның тірегі. Академиядағы оқу үдерісі осы қағиданы нақты өмірде жүзеге асыруға бағытталған. Сабақ барысында стратегиялық менеджмент, мемлекеттік саясатты талдау, жобалық басқару, нәтижеге бағдарланған бюджеттеу сияқты пәндер арқылы шешім қабылдаудың халықаралық стандарттарын меңгердік. Басқарудағы эмоциялық немесе формалды тәсілден гөрі талдау мен дәлелге сүйенген ойлау мәдениетіне де үйретті. Әр дәріс пен талқылауда ғылыми тұрғыда қаралған жастар саясаты, өңірлік теңсіздік, экологиялық және әлеуметтік мәселелер тәрізді қоғамның нақты проблемаларына практикалық шешім іздеуге бойладым. Мұндай тәжірибе Атырау облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру ісіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік басқару академиясы мен үшін кәсіби дамудың ғана емес, рухани жаңғырудың алаңы болды. Мұнда әрбір тыңдаушы «адал азамат» қағидатын бойына сіңіреді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай айтқандай, адал азамат – ел тірегі. Ол өз кәсібіне адал, қоғамға пайда келтіру ниетімен қарауы тиіс. Бұл сөздер менің кәсіби ұстанымымның өзегіне айналды.
– Академияда алған білім мен тәжірибені өз тәжірибеңізде қалай іске асырасыз?
– Алған білім мен тәжірибемді өзім туып-өскен өңірде нақты істерге айналдыруға толық мүмкіндік бар. Білім мен тәжірибені өңірлік даму, жергілікті өзін-өзі басқару мен азаматтық қатысу салаларына бағыттауды көздеймін. Сонымен қатар, жергілікті басқарудың ашықтығын арттыру – басты мақсат. Академияда меңгерген цифрлық құралдар мен ашық деректер платформалары негізінде бірқатар жобаларды іске асыруға болады.
– Жас мамандардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру үшін қандай жағдайлар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?
– Жас мамандардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру – мемлекеттік кадрлық саясаттың стратегиялық бағыты. Президент айтқандай, жаңа Қазақстанды құру ісіне жас буын белсенді түрде қатыспаса мүмкін емес. Мемлекетке тың идеясы бар, отаншыл және әділ ұрпақ керек. Жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін бірнеше нақты жағдай жасау қажет.
Меритократия мен әділ іріктеу жүйесін күшейту керек. Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі ашық, айқын әрі бәсекеге қабілетті болғанда ғана жастардың сенімі артады. Іріктеудің әділдігі жас маманның еңбегін бағалап, мансаптық өсуіне жол ашады. Білім мен кәсіби дамуға мүмкіндік беру – жастар үшін ең үлкен ынталандыру. Жас мамандарды үздіксіз оқыту, менторлық және тағылымдамалық бағдарламалар жүйелі түрде жүргізілсе, олардың кәсіби қызығушылығы артады.
Мемлекеттік органдарда креативті идеяларды қолдайтын, жаңа технологиялармен жабдықталған орта қалыптасуы тиіс. Жас мамандардың бастамаларына ашықтық танытып, жаңа шешімдер ұсынуына мүмкіндік беру олардың ынтасын арттырады. Сондай-ақ еңбекке ақы төлеу мен тұрғын үй, тағылымдама, мансап картасы тәрізді әлеуметтік қолдау шаралары нақты әрі әділ ұйымдастырылуы қажет.
Қоғамдық миссияны сезіну мәдениетін қалыптастыру қажет. Мемлекеттік қызмет – жай жұмыс емес, бұл елге қызмет етудің үлгісі. Сондықтан жастарға мемлекеттік қызметтің мәнін, оның қоғам үшін стратегиялық маңызын дұрыс түсіндіру – тәрбие мен идеологиялық жұмыстың өзегі болуы тиіс. Аймақтардағы кадр саясатын жандандыру қажет. Жас мамандарды тек орталық аппаратқа емес, өңірлік және ауылдық деңгейге тарту үшін мотивациялық тетіктер керек. Мысалы, «Жас маман – туған өлкеге» бағдарламасын іске асырып, жас қызметкерлерге баспана, жалақы, әлеуметтік пакет және кәсіби өсу мүмкіндігін ұсыну тиімді шешім болар еді.
Мемлекеттік қызмет әлеуеті – кадр резервінде
– Кадрлық резервке ену үшін нендей талаптар қойылады?
– Президенттік жастар кадрлық резерві мен аймақтық кадрлық резервке ену мемлекеттік қызметші үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашумен қатар, жоғары жауапкершілік жүктейді. Жүйенің басты мақсаты – ел басқару ісіне заманауи көзқарасы бар, кәсіби біліктілігі жоғары, жауапты және бастамашыл жас кадрларды тарту. Резервке ену мемлекеттік қызметшіге мансаптық дамуын жеделдетуге, кәсіби құзыреттерін кеңейтіп, басқарушылық деңгейге көтерілуіне нақты мүмкіндік береді. Президенттік жастар кадрлық резервіне енген қызметшінің республикалық деңгейдегі жетекші лауазымдарға ұсынылуына мүмкіндік бар, ал аймақтық кадрлық резервке енгендер өңірлік басқару жүйесінде жауапты қызметтерге тағайындалуға мүмкіндік алады.
Резервке қабылданған азаматтар үшін кәсіби және тұлғалық даму бағытында жағдай қарастырылған. Олар үшін арнайы оқыту бағдарламалары, басқарушылық және коммуникациялық дағдыларды жетілдіру тренингтері ұйымдастырылады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің стратегиялық ойлау қабілетін дамытып, басқару мәдениетін арттыруға, заманауи менеджмент тәсілдерін меңгеруге жағдай жасайды. Мұндай мүмкіндік мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа серпін беріп, жастар үшін «әлеуметтік лифт» ролін атқарады.
Резервке енген адамнан кәсібилік, адалдық, мемлекеттік қызмет этикасын сақтау, қоғам алдындағы борышты сезіну талап етіледі. Мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істеу барысында олардан тек орындаушы емес, жаңашыл, жауапты және көшбасшы ретінде әрекет ету күтіледі. Сонымен бірге, резервке енудің өзі автоматты түрде жоғары лауазымға тағайындалуға кепілдік бермейді. Бұл – сенім мен әлеуеттің бағалануы ғана, ал нақты қызметтік өсу әрбір қызметшінің өз еңбегіне, тәртібіне және нәтижесіне байланысты жүзеге асады. Сондықтан Президенттік және аймақтық кадрлық резервке ену – мемлекеттік қызметші үшін үлкен сын әрі мүмкіндік. Бұл – жеке қабілетті дәлелдеудің, кәсіби деңгейін арттырудың және ел дамуына нақты үлес қосудың жолы.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
