Жарнама
Саясат

Ел болашағының іргетасы

Елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртып, ел дамуына тың серпін беретін жас буынды қалыптастыру мақсатында стратегиялық бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Президенттік кадр резерві. Ал былтыр оған қосымша облыстық деңгейде Өңірлік кадр резерві жобасы қолға алынған болатын.

Талантты және әлеуеті жоғары жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мақсатында жүзеге асырылған Өңірлік кадр резервіне былтыр Атырау облысынан 25 адам іріктеліп алынған. Резервке енгізілген қатысушылар экономика және қаржы, индустрия және өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, әлеуметтік салалар бағыттары бойынша таңдалды.

Осы алқалы топтың құрамындағы жастың бірі – Айсәуле Ардаққызы. Ол бүгінде өңірлік кадр резервінен мемлекеттік қызметке өткен жас мамандардың жарқын өкілі.

Кейіпкеріміздің еңбек жолы Қызылқоға ауданынан басталған. Алдымен ол «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде қызмет етіп, кейін аудан әкімдігінде баспасөз хатшысы болып жұмыс істейді. Азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бастамаларға белсене қатысып, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы өткізген шағын гранттар байқауында «Community орталық» жобасымен жеңімпаз атанған. Бұл жетістік оның қоғамдық белсенділігі мен жаңа идеяларды жүзеге асырудағы бастамашылдығын айқындады.        

el bolashagy 1

– Мен үшін бұл жолдың бастауы – өңірлік кадрлық резерв құрамына қабылданған сәттен басталды. Бұл – менің кәсіби дамуымда ғана емес, азаматтық жауапкершілігімде де үлкен қадам болды. Себебі резервке өту – жай ғана сәттілік емес, қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесі.

2024 жылы өңірлік кадрлық резервке өтіп, сол арқылы мемлекеттік қызметке алғаш рет тағайындалдым. Бұл менің кәсіби өмірімдегі үлкен белес әрі жаңа бастама деп есептеймін. Әсіресе, бұл қадам өзіме деген сенімді нығайтып, елге қызмет етуге деген ұмтылысымды арттырды.

Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, елдің дамуына үлес қосу, халықтың сенімін ақтау, ел алдындағы борышты сезіну. Осы жолды таңдаған себебім – елімнің жарқын болашағына өз үлесімді қосу, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, әділетті әрі тиімді басқару жүйесінде қызмет ету еді. Өңірлік кадрлық резервке кіру оңай болмады. Тестілеу, сұхбат, кәсіби және жеке қасиеттерді бағалау секілді түрлі кезеңдерден өттім. Бұл сынақтар менің жеке тұлғалық қасиеттерімді де шыңдады.

Биыл қаңтар айынан бастап облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына бас маман қызметіне кірістім. Бұл жаңа орта мен үшін үлкен мектеп болды. Алдағы уақытта өзімді осы салада жан-жақты дамытып, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді әрі заманауи шешімдер ұсынуға ниеттімін. Бұл жол – үздіксіз ізденісті, тынымсыз еңбекті және елге деген адалдықты талап етеді. Бірақ мен бұл жолды саналы түрде таңдадым, — дейді Өңірлік кадр резерві туралы өз әсерімен бөліскен Айсәуле Ардаққызы.

 Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Айнагүл Қақиева өңірлік кадр резерві жобасының жүзеге асуының маңызын ерекше атап өтті.

– Өңірлік кадр резерві – аймақ дамуына серпін беріп, жаңа буын басқарушыларды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Оның мақсаты – мемлекеттік қызметке заманауи ойлайтын, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастарды тарту. Резервке өткен әрбір жас – өңірдің болашағына қосылған үлес, – деді Айнагүл Қазбекқызы.

Оның айтуынша, департамент тарапынан резервтегі қызметкерлер үшін жеке мансаптық карталар әзірленген. Онда әр резервшінің кәсіби бағыты, мақсатты лауазымы және қызметке орналасу ниеті айқын көрсетілген. Осы мәліметтер негізінде тиісті әкімдіктерге ұсыныстар жолданып, бос орындар ашылған жағдайда резервшілерді мақсатты түрде орналастыру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл жүйе өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтып, мемлекеттік аппараттың сапалы жаңаруына мүмкіндік береді.                Заңнамаға сәйкес, «Б» корпусының бос лауазымына конкурстық іріктеу өткізілместен, өңірлік резервке алынған тұлғаларды тағайындау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жастардың кәсіби тұрғыдан жылдам өсіп, мемлекеттік қызметте өз орнын табуына жағдай жасайды.

Қазіргі таңда өңірлік резервтің бірқатар қатысушысы облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерде қызмет атқарып жүр. Олардың арасында жаңа лауазымдарға тағайындалғандар да бар.

Президенттік және Өңірлік кадр резервтері – мемлекеттік аппараттың жаңа келбетін қалыптастырып, ел мүддесіне адал қызмет ететін жас көшбасшылардың мектебіне айналды. Бұл – Қазақстанның басқару жүйесінде сапалы жаңғыруға жол ашатын маңызды қадам.

Алмас ҚАБДОЛ

Сурет: Zakon.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button