
Дүрбелеңге толы дүние
Бүгінде әлемде 55 ірілі-уақты соғыс жүріп жатыр. Жерге таласқан, мүддесін қорғаған елдер бірін бірі мыжып жаншып, адамын өлтіріп, дүниесін тонап, қорлықтың неше бір түрін көрсетуде. Жұмырбасты пенденің қатыгездігі, қаталдығы сұмдық енді!.. Кейбіреулер дін, діл үшін қырғын салып әлек.
Осындай сындарлы сәтте адамзат тарихындағы ең ірі, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған үкіметаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы төрелік айта алмай отыр. Ал сұмдық соғыстардың тұтануына жол бермеудің, қазір жүріп жатқанын тоқтатудың, жалпы кикілжіңдердің алдын алудың жолы қандай еді?
Жуырда ауқымды деңгейдегі мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту қажет. Дамушы мемлекеттер, мүмкін ротация негізінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының осынау негізгі органына мүше болуы керек. Дегенмен Жапония, Германия сынды ірі державалар, сонымен қатар Азия мен Африкадан шыққан өзге де елдер Қауіпсіздік Кеңесіне кіруі тиіс немесе қандай да бір жолмен оның жұмысына араласуы қажет. Бұл проблеманың әділ шешімі болар еді» деген пікірін айтты. Қазақстан басшысының бейбітшілік жолындағы жаһандық бастамалары қазірдің өзінде дүниенің түкпір-түкпірінен қолдау тауып жатқаны анық.
Сауысқанша сақ сарапшылардың өздері қазір халықаралық келісімдердің аяқасты болып қалғанын жасырмайды. Күштінің әлсізге тізе батыруы, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деген саясат ұстануы ел-жұртты еріксіз алаңдатады. Басқаны айтпағанда, посткеңестік елдердегі қандықасап соның дәлелі емес пе? Одан өзге Таяу Шығыстағы қанды қақтығыстар қоғамның басты құндылығы – адам өмірінің құны тым арзандап кеткенін аңғартса керек.
Таяу Шығыс дегеніміз байлықтың нағыз көзі ғой. Жолындағысын жайпап өтетін алпауыттардың басы бір қазанға түсетіні де осы жер. Осындай «қиын» шепке – Голан биіктеріне Қазақстанның бітімгершілік әскері барып қайтты.
Халықаралық жаңалықтардан аз да болса хабары бар адам біледі, бұл өзі атам заманнан соғыстан көз ашпаған даулы аймақ. Ливан, Сирия, Иордания және Израильмен шектесіп жатқан стратегиялық өңірдің қазіргі бұйдасы соңғы аталған мемлекеттің қолында.
Арнайы мандат алған қазақстандық әскерилер тұңғыш рет дербес бітімгершілік контингентін жасақтады. Оның құрамында 139 әскери сарбаз болса, олардың ішінде әртүрлі әскери персонал бар еді.
Кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер, офицерлер алдын-ала дайындықтан өткен болатын. БҰҰ бағдарламасы бойынша бір жыл оқытылған да еді. Үлкен істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, бітімгершілік миссиясын атқаратын рота БҰҰ-ның талаптарына сай, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Халықаралық комиссия оны өте жоғары бағалапты. Рота құрамына – бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелер кірген екен.
Қазақ Елінен барғандар өздеріне бекітіліп берілген аймақтағы жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандырды. Қауіпті аймақтан БҰҰ қызметкерлерін шығаруға байланысты берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. БҰҰ базаларының қорғанысын күшейтті. Мұндағы талап пен тәртіп өте қатал. Дабыл түскеннен соң санаулы минутта белгіленген жерге жетуі тиіс. Найқалып-жайқалып жүруді ешкім көтермейді.
Қазір ғой, бұл туралы емін-еркін айтып отырғанымыз. Ал ол кезде Қазақстанның бітімгершілік әскері ұстараның жүзінде жүргендей еді. Дауласқандар кез-келген сәтте біріне- бірі шабуыл жасауы мүмкін. Бейбіт халықты қорғап жүргендерді арандатуы да ықтимал. Соған қарамастан қойылған басты талап – «қандай жағдайда да бітімгершілік әскері ешқандай шиеленіске араласпай, өздерін бейтарап ұстауы керек» деген тапсырма орындалды.
…Солай деп жүргенде Таяу Шығыста тағы бір соғыстың дүңк еткені бар. Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы дүрбелең сол аймақты сын тезіне салды. «Осындай жағдайда қазақстандық әскерилерге қауіп төнбей ме?» деп қоғамның алаңдағаны да шын. Әйтеуір Қазақстан бітімгершілік контингенті дүрбелеңнен аман-есен оралды. Ал кейін кикілжіңді АҚШ Президенті бастап, басқасы қостап, зорға дегенде тоқтатты.
Қазақстан қашаннан әлем елдерінің керісуін емес, келісуін, бір пәтуаға келіп, өмір сүргенін қалайды. Осы жолда жұмыстана беретіні де анық.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына 20 жылдан астам уақыт бойы қатысып келеді.
2000 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның бітімгерлік батальоны құрылды. Сол жылдан бері қазақстандық бітімгерлер 8 бітімгершілік миссияға қатысты.
«Қазақстан бітімгерлер батальоны» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Сол жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін бастады.
2003 жылдың тамызында 27 адамнан тұратын «Қазбаттың» алғашқы инженерлік-саперлік жасағы Иракқа барды. Бес жыл ішінде қазақстандық бітімгерлер 4 миллионнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш құрылғыларды залалсыздандырды. Осы уақыт ішінде олар жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетті.
2014 жылдан бастап БҰҰ-ның Кот-д’Ивуар, Батыс Сахара, Ливан, Орталық Африка Республикасы және Малидегі миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметші қатысты, оның ішінде алты әйел де бар.
2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде алғашқы қазақстандық рота Ливанға жіберілді. Бес жыл ішінде ұлттық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы сегіз мәрте ротацияланды.


